Талпынысы жоғары жандарға қолдау болады
Талпынысы жоғары жандарға қолдау болады
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев кеше жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барды. Ержан Жұматұлы алдымен Ақтоғай санитарлық өткізу бекетіне аялдап, жұмыс барысымен танысты. Келесі кезекте Ақтоғай ауылына атбасын бұрып, мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. 2003 жылы пайдалануға берілген білім ошағында 174 бала оқиды. Жалпы, мектептің күрделі жөндеуіне 157 миллион 527 теңге бөлінген. Құрылысқа жауапты мердігерге жөндеу жұмыстарын тиянақты жүргізуді және оны 15 тамызға дейін толық аяқтауды тапсырған облыс әкімінің орынбасары одан әрі Жаңатас қаласындағы жалпы көлемі 4 гектар жерді алып жатқан, 4460 түп тал отырғызылған «Ұстаздар аллеясының» құрылысын көрді. Бұдан кейін 1989 жылы пайдалануға берілген, 20 төсектік аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде болып, күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда кәріз бен су жүйелерін ауыстыру, жансақтау бөлімшесін толығымен күрделі жөндеу, ескі стерильдік бөлімді бұзу, автотұрақты жөндеу жұмыстары қарастырылған. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бағила Бегманованың айтуынша, аурухана аумағында бос тұрған 5 қабатты ғимарат та ағымдық жөндеу жұмысын қажет етеді екен. Жаңатас қаласының 2-ші ықшам ауданындағы №26 көп қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстарымен танысқан Ержан Жұматұлы биылғы қараша айында құрылысы аяқталады деп күтіліп отырған бұл пәтерлердің кезекте тұрған көп балалы отбасыларға жалға берілетінін біліп, өз қолдауын білдірді. Мұндай жұмыстарға жұмыссыз жүрген жергілікті азаматтарды тарту қажеттігін және оларға төленетін айлық жалақы 85 мың теңгеден төмен болмауын да ескертті. Жалпы сметалық құны 465 миллион 533 мың теңгені құрайтын бұл құрылыс жұмыстарымен «АКМ Group» ЖШС айналысуда. Ержан Жылқыбаев аудандық жұмыспен қамту орталығына да бас сұғуды ұмытпады. Жиналған жұртпен есік алдында ашық сөйлескен Ержан Жұматұлы орталықтың кейбір жұмыстарына көңілі толмағанын жасырмады. Әсіресе орталықтың жұмыссыздарды тіркеу, бос жұмыс орындарының есебін базаға енгізу сияқты жұмыстары ақсап тұрғанын көзбен көріп, соған байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Жаңатас қаласында 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған көп балалы ана Айнұр Есентаеваның тігін цехына бас сұққан облыс әкімінің орынбасары елімізде осындай шағын бизнеске қолдау көрсетіліп жатқанын, сондықтан кәсібін дөңгелетіп отырған Айнұр сияқты еңбек адамдарын көптеп насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Қыз жасауларын (перде, көрпе, төсек) тігетін тігінші болашақтағы жоспарымен бөлісіп, тігін цехын үлкейтуді жоспарлап отырғанын айтты. Жаңатас көпсалалы колледжіне бас сұғып, қашықтықтан білім беру жүйесінің барысымен танысқан Ержан Жылқыбаевқа колледж директоры Нұрландия Түйтебаева 1983 жылы пайдалануға берілген 4 қабатты оқу корпусын аралатып көрсетті. Орта арнаулы білім беретін оқу орнында 462 студент (433-і күндізгі, 29-ы сырттай бөлімде) оқиды. Оларға 46 педагог білім береді. Мұнда 43 кабинет, 3 шеберхана, 10 зертхана, бір жатақхана, 2 спорт залы бар, кітапхана, буфет жұмыс істейді. Қашықтықтан оқытуға көшкен білім ордасында студенттердің қамтылуы 100 процентті құрап отыр. Алайда мұндағы өзекті мәселенің бірі – тозығы жеткен ғимараттың төбесінен су ағады екен. Оның айналасын қоршау, сыртқы келбетін әрлендіру жұмыстарын жүргізу қажет. Ғимарат іші де толық ағымдық жұмыстарды қажет етеді. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан орталығында 2014 жылы ашылған «KMF» қаржы ұйымының кеңсесіне соғып, одан әрі аудандық жедел штабтың, аудандық ішкі саясат бөлімінің және «Адалдық алаңы» кеңсесінің жұмысымен танысты. Жедел штабтың кейбір жұмысына көңілі толмаған Ержан Жұматұлы олқылықты тез арада түзеуді тапсырды. Сондай-ақ ішкі саясат бөлімінің атқаратын жұмыстарының ауқымы көп екенін тізіп беріп, биылғы 15 наурызда ашылған «Адалдық алаңы» кеңсесінің жұмысын әлі де жандандыру керектігін баса айтты. Жұмыс сапарын Маятас ауылындағы Д.Сенбин орта мектебінің жұмысымен танысумен жалғастырып, одан кейін Саудакент ауылдық емханасына бас сұққан Ержан Жылқыбаев мұндағы жөндеу жұмыстарының әлі басталмағанына орай ескерту жасап, жұмысты тез арада қолға алуды міндеттеді. 228 миллион теңге қаражат қарастырылған құрылыс жұмыстарымен «Асау-Инвест» ЖШС айналыспақ. Осы жерде облыс әкімінің орынбасарына аудан басшылары өтініштерін айта кетуді де ұмытпады. Ауылдық емханадағы бос тұрған 4 мың шаршы метр жайды (3 қабатты ғимарат) тиімді әрі толық пайдалану мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 60 орындық оңалту орталығын ашуға қолдау көрсетуді сұрады. Аудан бойынша барлығы 1529 адам мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Оның ішінде18 жасқа толмаған мүгедек 225 адам бар. Жалпы, бірінші қабатқа физкабинет, асхана, дәрі-дәрмек қабылдап, емдік шаралар жасайтын бөлмелер, массаж, ЛФК бөлмесі, екінші қабатқа 30 әйелге және үшінші қабатқа 30 ерге арналған жатын орындар орналастыруға мүмкіндік туғалы отыр. Саудакент ауылында 505 мың теңге қайтарымсыз грант алған Бану Кеңесбекованың кондитерлік өнімдер шығару цехының жұмысы да жайлап жанданып жатыр екен. Жұмысын нан пісіруден бастаған Бану келе-келе түрлі тәттілер пісіруді қолға алған. Өнімдерін өткізетін өз дүкені де бар. Саудакент ауылындағы 275 бала тәрбиеленетін екі қабатты «Ақбота» бөбекжай-бақшасын күрделі жөндеу жұмыстарын «Бек-Нұр-Тараз» ЖШС қолға алған. Сәуірдің басында басталған құрылыс жұмыстары 30 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Осыны қатаң ескерткен облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев: «Балаларымыздың жақсы өсіп, тәлім-тәрбие алуы үшін олардан бар жақсыны аямауымыз керек», – деді. Жаңаталап ауылындағы Жаңаталап орта мектебінің ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары биыл жүргізілуі тиіс. Алайда құрылыс жұмыстарының әлі басталмағанына реніш білдірген Ержан Жұматұлы бұл істі дереу қолға алуды міндеттеді. Мектепте спорт залы жоқ. Бұл да назардан тыс қалмауы тиіс. Ал әжетхананы мектептің ішіне кіргізу үшін қосымша 2,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Сапар барысында Ұйым ауылындағы №11 Сарысу колледжінде болып, қашықтықтан оқу үрдісімен танысқан Ержан Жылқыбаев жастарға кәсіптік білім беретін оқу орнын, ондағы іс-тәжірибе бөлмелерін аралап көрді. Колледжде 201 бала білім алуда. Мұндағы жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімінің орынбасары өзі аралап көрген мекемелерде орын алған кемшіліктердің назардан тыс қалмайтынын баса айтты. Ұйым ауылында қайтарымсыз грант алған тағы бір азамат Қайыржан Жақсылықовтың құс өсіру ісін көргендер ризашылықтарын жасыра алмады. Олар күніне 30-40 дана жұмыртқа алып, оны өткізіп, түскен қаражатқа бірнеше ұсақ мал сатып алған. Қайыржанның болашақтағы жоспары – шағын құс фабрикасын ашу, сөйтіп ауыл тұрғындарын жұмыртқа, құс етімен қамтамасыз ету. Мұндай талпынысы жоғары жандарға мемлекет тарапынан қашанда қолдау болатынын баса айтқан облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жас құс өсірушіге табыс тіледі. Сарысу ауданы.