Ауыл кітапханалары талапқа сай ма?
Ауыл кітапханалары талапқа сай ма?
Қазір жеке үйлерде орналасқан кітапхана жоқ
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» десек, сананы байытатын кітапхананың қоғамдағы орыны ерекше. Өңірімізде осындай 274 мекеме бар болса, оның 263-і аудандарда және ауылдарда орналасқан. Өткен жылы жеке үйлерде орналасқан 14 ауылдық кітапхана оңтайландыруға ұсынылып, жабылған. Атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданында – 5, Шу ауданында – 2, Меркі ауданында – 3, Қордай ауданында – 4 рухани орда өз жұмысын тоқтатыпты. Ол үшін аудан әкімдіктері арнайы қаулы шығарып, шешім қабылдаған. 14 кітапхананы жабудың қай жағынан тиімді болғанын уақыт көрсетер. Бірақ енді жеке тұрғын үйдің ішінде орналасқан кітапхана деген аттан құтылдық. Алайда жергілікті әкімшіліктің, мектептің, балабақшаның ішінде орналасқан ауылдық кітапханалар әлі де бар.
Оқырманы ең көп кітапханалар Қордай мен Сарысуда
Оқырманы ең көп кітапханалардың көпшілігі Қордай ауданында екен. Тұрғындар саны көп болғандықтан, солай болуы заңдылық та секілді. Мәліметке сүйенсек, 37 кітапханаға жыл сайын 36 мың 751 оқырман бас сұғатын көрінеді. Сарысу ауданындағы дерек те бізді таңғалдырмай қоймады. Мұндағы 26 кітапхананың қызметін 12 айдың ішінде 23 мың 805 адам пайдаланып, рейтингте екінші орынға шыққан. Онда халық саны Қордайдан төрт есе, басқа аудандардан екі-үш есе аз екенін ескерсек, шынында да ерекше көрсеткіш. Осы орайда Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Айбала Жолмахановаға хабарласқан едік. «Біз іс-шараларды жиі өткізу арқылы оқырманымыздың санын арттыруға қол жеткіздік. Оның үстіне жылжымалы кітапхана қызметі де бар. Жылжымалы қызмет арқылы ардагерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне кітапты апарып беріп, тұрғындардың көркем әдебиетке қызығушылығын оятуға тырысамыз. Кезінде кітапханада «Кейбір жаңа келген кітаптар мүлдем ашылмай, шаң басып тұрады екен» деген де сөзді жиі еститінбіз. Ал қазір тапсырыспен келген жаңа кітаптардың да беті жиі парақталып, оқырмандардың сұранысына ие болып жатыр. Ол аудандағы 63 кітапхана қызметкерінің еңбегі», – дейді ол. Үздік үш ауданның қатарына 21 мың 590 оқырманмен Шу ауданы кірсе, одан кейінгі орындарда Т.Рысқұлов (19890), Меркі (19320), Жамбыл аудандары (19252) шамалас тұр. Тұрғындар саны едәуір жоғары болғанына қармастан Байзақ ауданы 17 мың 245 оқырманмен төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Өткен жылы Талас ауданында 15 мың 304, Мойынқұм ауданында 13 мың 922 оқырман тартылған екен. Мойынқұмда тұрғындар санының аз екенін ескерсек, мұндай мәліметтің болуы орынды шығар. Көпшіліктің қатысуымен іс-шаралар өткізу жағынан да қордайлық кітапханашылар көш бастап тұр. Келесі кезекте – сарысулықтар. Қазақ кино әлемінде аты аңызға айналған Асанәлі туып-өскен ауданда сала мамандары өткен жылы 1828 іс-шара өткізіпті. Ал қордайлықтар бұл межеден 200-ге асып түскен. Мұнан кейін Жуалы, Жамбыл аудандарының белсенділігін атап өтуге болады. Анықтап айтқанда жуалылықтар –1300, Жамбыл ауданының кітапханашылары 1263 іс-шара өткізген. Қызметкерлердің белсенділігі жағынан Талас, Меркі аудандары артта қалып тұр.
Цифрландырылған орталықтар
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ауылдық кітапханалардың деңгейін көтеру, цифрландырылған ақпараттық орталықты дамытып, олардың заман талабына сай болуын қадағалап келеді. Атап айтсақ, 899 ауылдық кітапхана компьютерлермен жабдықталған. Ауылдарда 264 кітапхана интернет желісіне қосылған. Алайда мұндай мүмкіндікке әлі он ауылдық кітапхана ие бола алмай келеді. Қордай ауданындағы Соғанды, Меркі ауданындағы Тұрлыбай және Сыпатай батырлардың ауылы интернет желісіне қол жеткізе алмапты. Мұндай қолжетімсіздік Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Сарыөзек, Қарабөгет, Құмөзек, Мыңарал, Қызылту, Ақбақай ауылдарында да бар. Өңіріміздің 151 ауылдық округіндегі 263 мемлекеттік ауылдық кітапхана жергілікті тұрғындарға мәдени-ақпараттық қызмет көрсетіп келеді. Сапалы жұмыс, жаңашылдық та байқалады. Коворкинг орталықтарының қалалар мен аудан орталықтарында ғана емес, ауылдардан да ашылуы – соның дәлелі. Мұндай орталық Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында алғаш іске қосылса, қазіргі таңда Жуалы ауданының Нұрлыкент, Қордай ауданының Степное, Кенен, Талас ауданының Ақкөл ауылдық кітапханалары жанында да жұмыс істеп тұр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында IT қызмет көрсетуді дамыту талабына сәйкес ауылдық кітапханаларда 147 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған. Осы орайда egov.kz парталы арқылы анықтамалар беріліп, Cao-zhambyl.kz сайты арқылы тұрғындардың 13 түрлі сұранысы қанағаттандырылып отырғанына көңіліміз толды. Ашығын айтқанда, кітапханалардан көркем әдебиет қана емес, білім, денсаулық салалары, жер мәселесі, жұмыспен қамту, мәліметтер базасы, құрылыс, энергетика, тұрғын үй мәселелері бойынша да керекті мәлімет алып шығасың. Ол, әрине, дұрыс. Дегенмен кітапхананың бірінші міндеті – оқырманын қажетті әдеби көркем және де басқа кітаптармен қамту екенін де естен шығармаған дұрыс секілді.
Қаракемердегі көңіл құлазытқан көрініс
Тиісті мекемеден алған ақпараттарымыз аздық еткен соң, өзіміз де жолға шықтық. Облыс орталығына жақын ауыл ғой деп, Қаракемерге аттың басын бұрғанбыз. Ауылды алты айналып жүріп, кітапхананы таба алмадық. Бұл ауылдық округте 2805 тұрғын бар екен. Осынша адамның рухани білімін байытатын жер жоқ болғаны ма деп ойлағанымыз сол еді, алдымыздан кездескен кісі: «Бұл ауылдың кітапханасы мектептің ішіндегі қуықтай бөлмеде орналасқан ғой. Клубымыз да жоқ», – деп аты-жөнін де айтпай кете барды. Мектепті жылдам таптық. Төле би бабамыздың атында екен. Кітапхана деп көрсеткен қызыл есік құлыптаулы тұр. Олай дейтінім есік сыртына «Ауылдық кітапхана» деген сөз де жазылмапты. Артынша сол маңайдан аталған кітапхана меңгеруші Шолпан Шайдаеваны тауып, есікті ашқыздық. Ішке кірдік. Шағын бір ғана бөлме. Міне, осы бөлме – 3 мыңға жуық тұрғыны бар, аты дардай Қаракемер ауылының кітапханасы болып шықты. Көңіліміздің толмай қалғанын түсінді ме, «6 мың 603 кітап қорымыз бар. Оның 3 мың 448 әдеби кітаптар», – деп Шолпан апай мәлімет бере бастады. «Сіз кешіріңіз, бұл бөлмеге бақандай 6 мың кітап сия қоймайды ғой», – дедік. Кітапхана меңгерушісі сол кезде кітапхананың бұрын клубтың ішінде болғанын, қазір ондай мүмкіндік жоқ екенін айтып берді. Басқа кітаптарды қайда сақтап отырғанын сұрамадық та. Қай қоймада шаң басып жатқанын, кім білсін?! Кітапхана меңгерушісі бізді сол мектептің ішіндегі тағы бір кабинетке апарды. Бұл – цифрландырылған ақпараттық орталық екен. Жоғарыдағыдай мұнда да egov.kz парталы арқылы анықтамалар беріліп, Cao-zhambyl.kz сайты арқылы тұрғындардың 13 түрлі сұранысы қанағаттандырылатын көрінеді. Алайда бөлменің сыртында «Әлеуметтік педагог» деген жазу бар. Сонда аталған орталыққа «шұбырып» тұрғындар кеп жатқанда әлеуметтік педагог жұмысын тоқтата тұра ма? Әлде керісінше... Осы жағын да санама сыйдыра алмай басым қатты. «Кітапхананың қайда екенін білмеймін. Бір кітап та алып оқымаймын», – деді ауыл тұрғыны Қалдан Тілектес (оның өтініші бойынша аты-жөнін өзгертіп жаздық). Ақыры келген соң, мектептің кітапханасын да көргіміз келген. Алдымыздан шыққан мектеп директоры Жанат Төлебекова «Қазір, сағат 12-де кітапханашымды үйіне қайтарып едім. Емізулі баласы бар еді», – деді. «Ашып көрсетсеңізші кітапханаңызды, өзіңіз ашсаңыз да»,– деп өтіндік. Қысқасы, мектеп басшысы бізге кітапхананы ашып көрсете алмады. Кітапхананың кілті жалғыз ба, әлде кітапханашы Айнұр Әбдібекова кішкентай сәбиін тамақтандырып келгенше кітапхана жабық тұруы тиіс пе? Ол жағын біле алмай қайттық. Қайтарда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаеваға жолығып, мән-жайға қаныға түстік. Осы салада 29 жыл еңбек өтілі бар Аида Қуанышқызы 29 кітапханаға басшылық жасайды екен. Соның ішінде 6 кітапхана талапқа сай жеке ғимаратта жұмыс істеп жатқан көрінеді. – 11 кітапхана ауылдық Мәдениет үйі мен клуб ғимараттарында, 6-ауы ауылдық округ ғимаратында, 6-ауы мектепте орналасқан. Қаракемер ауылында екі жылдан бері клуб жоқ, сондықтан ауылдық кітапхана уақытша мектептің бөлмесіне көшірілді. Оның бәрі алдағы уақытта ретке келеді, – деді Аида Қуанышқызы. Аудандық кітапхананың оқу залын, абономент бөлімін, «Коворкинг», цифрландырылған ақпараттық орталықтарын аралап шықтық. Мұнда бәрі талапқа сай. «Көпшілік оқырмандар қазіргі таңда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Сәбит Мұхановтың «Ботакөз» романын көп сұрайды. Келген жаңа кітаптар қолдан-қолға өтіп оқылады», – деді кітапханашы Нүрипа Манабаева. Аудан орталығы Асадағы мынандай мүмкіндік іргесінде тұрған Қаракемер ауылында жоқтығы бізді қынжылтты.
Ауылдардағы ахуал қандай?
Жуалы ауданының Қошқарата ауылының тұрғыны, айтыскер Әуесхан Үркімбаевтың айтуынша, бұл елді мекенде кітапхана екі бөлмеде орналасқан, талапқа сай көрінеді. Ал Талас ауданының Аққұм ауылдық кітапханасы Мәдениет үйінің ішіне қоныс теуіпті. Бір ғана үлкен бөлме. Кітапханашы Мейрамхан Бекмолдаеваның ұзақ жылдан бері еңбек етіп, тұрғындардың алғысын алып жүргенін жерлестері жарыса айтты. Шу ауданы, Ақсу ауылдық кітапханасы да бір бөлмеде орналасқан екен. Осы ауылда Сәт Мәлібекұлы деген ұстаз, ақын кісі тұрады. Облыс көлеміне кеңінен танымал айтыскерлер Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтер мен Айым Көшербай да осы кітапхананың кітаптарын жата-жастана оқып тауысқан оқырмандар. Ақсу ауылындағы клуб та апатты жағдайда екен. Бір қуанарлығы, Мойынқұм ауданының Мирный ауылындағы кітапхана бір кездері үйдің ішінде орналасқан еді. Бүгінгі таңда ауылдық әкімдіктің ішіне ауыстырылыпты. Ал енді мектептің ішінде орналасқан кітапханалар барлық ауылдар да бар көрінеді. Байзақ ауданындағы кейбір ауылдарда балабақшаның бос бөлмелерінде орналасқан кітапхана бар дегенді естідім. Ал осы ауданның Бәйтерек ауылдық округінде мүлдем кітапхана жоқ екен.
Есет ДОСАЛЫ