Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ
Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ
– Мен 1919 жылдың 2 қазанында Украинаның Харьков облысы Юрчинковоауылында дүниеге келіппін. Дегенмен Кеңес үкіметінің украин ұлтшылдығының тірегі деп санаған ауқатты шаруаларға қарсы мәжбүрлеп ұжымдастыруы мен репрессиясынан біздің отбасымыз Меркі ауданына қоныс аударды. Қазақ жеріне табан тірегенімізге екі апта болғанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының кейбір аудандарының бөлініп шығуынан Жамбыл облысы құрылды. Өзім соғысқа дейін МТС-та ауыл шаруашылығы машиналарының слесарі болдым. Ол кезде техника қазіргідей емес. Солардың арқасында біраз тірлігіміз өнді десек те, олардың бар деген тек аты ғана, бәрі ескі еді. Бір күн істесе, екі күн тұратын. Мен соларды жөндеп әлекпін. Сондықтан ол уақытта колхозшылар негізінен жылқыны пайдаланатын. Өйткені аттар соқалар мен тырмаларды, сепкіштер мен шалғыларды итеруде таптырмас көмекші-тұғын. Сол бір қиын шақтардан бізді алып шыққан жылқылар болды десем, артық айтқандық емес. Соғыстан кейін біздің аудан қант қызылшасын өсіру мен қайта өңдеу бойынша өңірде алдыңғы қатарды бермеді. Қант зауытына ол уақытта керекті жабдықтар менің тарихи Отанымнан жеткізілетін. Бұл мені ынта-шынтаммен жұмыс істеуге жігерлендіруші еді. Жұмыс істей жүріп техниканы меңгеруге өзгелерді де баулуға тырыстым. Осы уақытқа дейін Меркінің ауыл шаруашылығында менің шәкірттерім еңбек етуде. Олардың біразы тәуелсіздік жылдары табысты фермерлерге айналды. Дәнеқыз НҰРБАЕВА, Мойынқұм ауданының 103 жастағы тұрғыны:
- Жас шағымыз кәмпеске мен ашаршылыққа тап келді. Одан кейін Ұлы Отан
соғысының қиындығын көрдік. Облысымыз жаңадан құрылған уақта біз Көктерек ауданына қарайтынбыз. Мұның өзі үлкен жаңалық болған. Ашаршылықтан құтылып, ел есін жиып, колхоз болып, еңсесін тіктей бастаған шақ еді. Елді біріктіруге, бірлесуге ынталандырған жаймашуақ кез еді. Сол 1939 жылы Биғазы Шілменбетов есімді кенже қайным 3 жылдық әскерге кеткені есімде. (Бұл сол жылдың 1 қыркүйегінде қабылданған Кеңес армиясының құрылуын реттейтін «Жалпы әскери міндет туралы» заңға сәйкес болуы ықтимал. Өйткені аталған құжатта «шекара әскерлерінің құрлық бөлімшелері үшін - 3 жыл» деп белгіленген екен – авт.). Өзі атама тартқан жасынан балуан еді. Әскерден қайтпай тұрғанында сұм соғыс басталып, есіл ер сонда қалды. Өзім азаматым қан майданнан мүгедек боп оралды. ...Көп нәрсе ұмытылып қалды. Әйтеуір ел болып кетпенмен тоған қазғанымыз есімде. Тоған табанынан лақтырған топырақты ортан белде тұрған жігіттер іліп алып, жоғарыдағы жағаға лақтырады. Соны «өтелек» дейді. Біздің бестерек руының жігіттері шеттерінен қарулы, алға қойған мақсатты артығымен орындайтын. Содан «Өтелекті бестерекке бер» деген мәтел боп кетті. Одан кейін де шалым Баялы Шілменбетұлы екеуміз колхоздың малын бақтық, егін ектік, балаларды жеткіздік. Райхан ШОМАЕВА, Байзақ ауданының 104 жастағы тұрғыны:
- Облысымыз құрылмай тұрып халықтың көрген азабы аз болған жоқ. 1939
жылы сол қиыншылықтарды артқа тастап, енді ғана еңсе көтере бастаған кезіміз еді. Артынша соғыс басталып, адам баласынан ештеңе қоймай бәрін сыпырып әкетті. 1942 жылы есі бар ер адамнан біреуі де қалған жоқ. Түгел әкетті. Тракторды меңгергендер мен мал бағу үшін кейбір азаматтар броньмен ғана қалды. Олардан басқалары өңкей соғысқа жарамайтын кемпір-шалдар-тұғын. Одан бөлек, әйелдер, буыны бекімеген, ержетіп келе жатқан балалар колхоздың бар тірлігін күндіз десе күндіз, түнде десе, түнде – жаппай тындырған солар болды. Күнннің қай мезгілінде бар десе, сол мезетте жұмысқа шығамыз. Сенің ауырып, сыздағаның ештеңе емес. «Өлсең, сол жерге барып өл» дейді. Соғыстағылардың көргенінен біздікі екі есе болмаса, кем түскен жоқ. Кішкентай балаларға дейін сабан тасып, қандай тірлік жасады. Не дейін, осыған дейін басымыздан жақсы-жаманды өткіздік. Ішерге ауқат таппай, әйтеуір жан сақтап күн көреміз. Жегеніміз қолдан еккен жүгері болды аздап-аздап. Әу айдалаға, құмның жиегіне бидай егіп, соны әуелден, комбайн жоқ, қолмен жұлатынбыз. Бір орнында жылжымай тұратын «Власенко» деген техника шыққан, күндіз балалар, түн ауғанда есі бар қариялар табылса, сол кісілер, әйелдер соны жұмысқа пайдалана бастадық. Шөп, су, қызылшаның барлығын жайғаған негізінен осы нәзікжандылар еді. Алайда бидайға да жарымайтынбыз. Өйткені «соғыстағы ел өлейін деп жатыр, сендер бұл жерде өлсеңдер, өле беріңдер» деген соң, барлығын артып жіберетінбіз. Бір я жарым килодай бидай тисе тиді, тимесе жоқ. Небір нәубетті көрдік. Міне, содан бері жүзден астық. Айта берсек, әркімнің үйіне қара қағаз келіп, шулап жатқаны. Ол уақытта Тегістік деген колхоз болатын. Сельсовет сол жерде еді, қағаздар сонда келіп жатты. Менің де жұбайымнан қара қағаз келген болуы керек. Бірақ халық көтеріліп, сұмдық болып бара жатқаннан кейін, военкоматтан адамдар келіп, әлгі қағаздарды «тексеріп құртыңдар, халыққа көрсете бермеңдер» депті. «Бірақ онда мен сіздің күйеуіңіздікі бар-жоғын білмеймін, ашып айта алмаймын» деді сол уақыттағы әйел сельсовет. Содан жылап-еңіреп қайттық. Басқа елде болған жағдай колхозға зияндығын тиізе қоймаса да, көрген қорлығымыз аз болған жоқ. Менің қолымда жұбайымның әке-шешесі мен жасқа жетпеген бармақтай ғана баласы қалды. Сонымен күн көріп, бір күні жылап, бір күні сықтап әйтеуір жеттік. Ашшылық тегі болды. Кейін, қайда, мұнда-мұнда 60-70-жылдардан былай қарай еткен еңбегімізді кішкене бере бастады. Әне келеді ер азаматымыз, әне келеді жолдасымыз деп, қарай-қарай, телміріп жылап, содан болмаған соң қалдық. Құдайдың берген бір ұл, бір қызын зорға асырап, өсіріп жеткіздік. Сол бауыр еті балаларынан Жаратқан Иемнің берген пәрзенттері бар, бүгінде мені солар асырап, қарап отыр. 1963 жылдың соңы болуы керек, Кішкентай үйлер салынып, көшелер берілді. Сондай тамдарға кіріп, бір жерге орныға бастадық. Қол жұмысымен көркейдік. Колхоздың бар жұмысын әйелдер көтерді. Себебі келмегендері былай тұрсын, соғыстан келгендердің өзі жаралы еді. Қарақтарым, қайта көбісі есімнен шығып қалды. Әйтеуір біздің көргенімізді Құдай енді пәнде баласына көрсетпесін. Тілегіміз – сол. Рахия АРЫСТАНБАЕВА, Қордай ауданының 107 жастағы тұрғыны:
- Ол кезде Қарасай ауылы Колос деп аталатын. Негізгі шаруашылық – темекі
Өсіру болғандықтан, мен де басқа тұрғындар сияқты сол тірлікпен айналыстым. Ерте көктемнен бастап соны отырғызып, суғарып, кейін отап, шөбін жұлып, өскенде жапырақтарын теріп, тізбектеп жинап, құрғатып, түк қылып өткізетінбіз. Техниканың жоқтығына байланысты сол кезде аталған жұмыстардың бәрін қолмен атқардық. Бұл шаруашылықта негізінен әйел адамдар істесек, ер кісілер бидай, арпа өсіретін. Кейін 1950-жылдардың ортасында ауылда алма егу басталды. Соны игерген біздің елді мекен кейіннен Алмалы совхозы атанды. Аманбала АМАНЖОЛОВА, Сарысу ауданының 109 жастағы тұрғыны:
- Қазақтың басынан қаншама қиыншылық өтті. Соның барлығы мені де айналып
өтпеді. Сол азаптарға төзе білуге тура келді. Арқадағы қонысымыздан ашаршылық дәуірінде еріксіз көштік. Жастайымнан еңбекке араластым. 1928 жылы Сарысу ауданы құрылды. Мен Ілгерібас колхозында колхозшы болып жұмыс істедім. 1942 жылы жолдасым Балтабай Аманжолов соғысқа аттанып, 1946 жылы елге аман-есен оралды. Балтабай мал дәрігері болып қызмет атқарды. Өзім күн-түн демей соқа айдап, бидай егіп, Көкдалада шөп шаптық. 1950 жылдары колхоздар іріленіп Серго, Ақтоғай, Ілгерібас, Жаңакүн деп аталды. Орталығы Ақтоғай болды. Ал 1957 жылдары Сарысу совхозына өтіп, орталығы Жаңаарық болды. Сол жылдары егін егу үшін су қоймасы қажет болды. «Ынталы» су қоймасын салуға бүкіл аудан тұрғындары атсалысты. Оған мен де қатыстым. Оны шөп шауып, егін орағы біткен соң, күзге қарай салуға кірістік. Арбамен топырақ тасыған кездеріміз әлі күнге ұмытылар емес. «Көп түкірсе көл» дегендей, оны көпшіліктің, жанқиярлықтың арқасында бітірдік. Совхоз орталығы Жайлаукөлге көшкен 1959 жылы совхозда сақпаншы болып істедім. Қой қырқып, мал шаруашылығы жұмыстарына араластым. Колхоздастыру, одан кейін кеңшарға бірігу секілді ауыр жылдарды бастан өткердік. Қоғамдық мал азығын дайындау үшін ертелі-кеш дала қосынында жұмыс істедік. Бүгінде аудан көлемінде менің қолтаңбам қалмаған жер жоқ десем, артық айтқандық емес. PS: 80 жыл бұрынғы тарихты шаң басқан архивтерден оқу бір бөлек, «Қариясы бардың қазынасы бар» демекші, сол кезеңді көзбен көріп, жүрекпен сезініп, бастан өткерген, осы күнге жеткен тірі аңыздардың шынайы естілігі арқылы танып-білудің жөні мүлде бөлек. Көнекөз куәгерлердің айтуынша, 1928 жылғы кәмпескелеудің, 1931 жылғы күштеп ұжымдастыру мен 1932-33 жылдардағы алапат аштықтың кесапатты зардабын көріп, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қасіретін «халық жауларымен» бірге тартқан өңір де жамбылдықтар тәрізді еңсесін бірден тіктей алмағаны анық. Ал сол кездердің ауыртпалығын халық тек айрандай ұйыған ауызбіршігі мен тату-тәтті тірлігімен еңсерді десек, артық айтқандық емес. Альмира ОМАРОВА.