Саясат

Татулық. Толеранттылық. Тұрақтылық

Татулық. Толеранттылық. Тұрақтылық

Өңірдегі этнос өкілдері Елбасы Жарлығын қолдап, қуаттауда

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында  сөйлеген сөзінде «Алдағы жылы Ассамблея құрылғанына және референдумда ел Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толады. Бұл – біздің жылнамамызды біртұтастандыратын екі ұлы оқиға. Нақ Ассамблея өзінің алғашқы екі сессиясында 1995 жылғы Конституцияны қабылдауды қолдады. Ол барлық қоғамдық институттар арасынан алғаш болып халықты референдумда Конституция үшін дауыс беруге шақырды. Сондықтан келесі 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауды ұсынамын» деп айрықша атап көрсеткені белгілі. Сындарлы жылдарда 130-дан астам  ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастырып, елімізді жарқын болашаққа бастап келе жатқан Елбасы күні кеше  2015 жылды  Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялау туралы Жарлыққа да қол қойды. Ұлт Көшбасшысының бұл  шешімі қоғам тарапынан қызу қолдау табуда. 21Лариса ЛЫСОВА, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы: – Тәуелсіздік жылдарында еліміз толайым табыстарға қол жеткізді.  Шекарамыз шегенделіп, төл құндылықтар төрге озды. Арқа төсінен айшықты Астана бой көтерді. Елорда бүгінде елдің астанасы ғана емес, батыс пен шығысты байланыстыратын алтын көпірге айналды десек артық айтқандық емес. Еуропадағы Ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына төрағалық ету бақыты да біздің елге тектен-тек бұйырған жоқ. Мұның бәрі түптеп келгенде Елбасының пайым-парасатының, даналығының, алысты болжай білетін көрегенділігінің арқасында мүмкін болып отыр.  Мемлекет басшысының ұлттар достығының да ұйытқысы болып отырғаны тарихи шындық. Президенттің тікелей бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осы сөзіміздің айғағы. Бүгінде Ассамблеяның ауқымы кеңейіп, маңызы арта түсуде. Ал келесі жылдың Ассамблея жылы болып жариялануы Елбасының парасаттылығын, үлкен жүректілігін тағы да бір мәрте дәлелдеді.  Шынында да бұл айтулы дата, үлкен мереке.  Мерекелі жылды табысты қарсы алатынымызға зор сенімдеміз. «Дамудың сыры бірлікте, табыстың сыры тірлікте» деп Елбасының өзі айтқандай,  еліміз өрлеп, өркендей берсін! 20Мухаббат Тұрдыева, М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы: – Биылғы сәуір айында  Елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысып келіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен әсерімізбен бөліскенбіз. «Қазақстан-2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбында өткен алқалы жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының тәуелсіз еліміздің тарихындағы тегеурінді рөліне тоқтала келіп, алдағы жылды Ассамблея жылы деп жариялауды ұсынған  болатын. Міне, енді бұл заңды түрде жарияланып отыр. Біз бұған өте қуаныштымыз. Барлығымыз осы алда болатын үлкен тойдың өз дәрежесінде  атап өтілуі үшін, жұдырықтай жұмылып, ұйымдасамыз. Өзіміздің береке-бірлігімізді тағы да бекемдей түсіп, кейінгі жас ұрпаққа оны үлгі, әрі мұра ретінде қалдырамыз. Бұл жәйт тату-тәтті еліміздегі ұлттар достығын одан әрі нығайтады деп сенемін. 19Татьяна Подшибякина, кәсіпкер: – 2015 жылдың Қазақстан  халқы Ассамблеясының жылы болып  жарияланатыны Ассамблеяның  көктемде өткен  XXI сессиясында алғаш рет  айтылған еді. Енді, міне, Елбасы,  Қазақстан халқы  Ассамблеясының Төрағасы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  Жарлығымен  бұл заң жүзінде  реттеліп  отыр. Біздің көпұлтты елімізде қазақстандықтардың  бірлігі мен  ынтымағы қандай  маңызды күшке ие екенін Мемлекет  басшысы ұдайы ескертіп  келеді. «Тұрақтылық –біздің  татулығымыз берік  болуы үшін  табан  тірейтін тұғырымыз. Бірлік – баға  жетпес  байлығымыз» деуі  сондықтан.  Украинада  соңғы  айларда орын алған келеңсіз  оқиғаларға  қарап-ақ  шөлмектің  мың күнде емес, бір күнде сынатынын, ал оны  қалпына  келтіру қиынға  және қымбатқа түсетінін  көруге  болады. Сондықтан, елімізде  халықтар  достығын насихаттап қана қоймай,  оны  баянды ету жолында баршамыз тер  төгуіміз керек. Біз  еліміздегі  татулық пен бірлікті көздің  қарашығындай  сақтауға  тиіспіз. Осындай  мамыражай жағдайда қалаған ісімізбен, кәсіпкерлікпен  айналысып  балаларымыз бен  немерелерімізді  тәрбиелеп  отыр  емеспіз  бе?  Біздің  көпұлтты  қордайлықтардың да баршасының  ойы  осындай. Міне, көптің пікірі осылай бір арнада тоғысты. Мерекелі жылға дайындық шаралары облысымызда қазірдің өзінде жан-жақты жүргізілуде. Тараз қаласынан «Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашылуы осы сөзіміздің бір ғана дәлелі. Жаңа мекеменің штаттық бірлігі нақтыланып, материалдық-техникалық базасы нығая түсуде. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тапсырмасына сәйкес,  «Достық үйінің» жаңа ғимаратының құрылысы да қолға алынып жатыр. Одан бөлек іс-шаралар жоспары   әзірленуде. Бір сөзбен айтқанда, жамбылдықтар   Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын лайықты деңгейде атап өтетін болады.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».