Мәдениет

Шоқай датқа мешіті жаңғыртылды

Шоқай датқа мешіті жаңғыртылды

Өткен сенбі күні Игілік ауылында  үлкен  рухани іс-шара өтті. Сонау бір жылдары  діндарлардың  құлшылық ететін мешіт үйі  ескіріп, тозып, құлауға айналған. Осыны көрген Сарысу ауданының тумасы, Алматы қаласындағы Медеу ауданындағы мешіттің бас имамы Сәкен Әбдіралин Алланың үйін қайта жаңғыртуға ниет етіп, ізгі ойын жүзеге асыруға белсене кіріскен болатын. Амал не, асыл азамат жол апатынан қаза тауып  арманына жете алмай кетті. Жақсы бастама жалғасын тауып,  осы ауылдың тумалары Ұлан Жәкиев пен Айман Ботабекова сияқты қолы ашық жомарт жандар мешіт үйін қайта жаңғыртуға қалталарынан қаржыларын шығарып, демеушілікке өзге де кәсіпкерлерді тартып, әрі ауыл халқын жұмылдырып жыл ішінде мешіт үйін қайтадан жаңғыртып ел игілігіне ұсынды. Мешіттің ашылу салтанатына ауыл халқы мен сырттан шақырылған қонақтар қатысып, бір-біріне  салауат айтысты. Жиында сөз алған  облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков   мешіт үйінің  ашылуымен жамағатты құттықтай келе, осының барлығы ел тәуелсіздігінің арқасында  болғандығын атап көрсетіп, алдағы уақытта діндарларды дәстүрлі дінімізді  нығайтуға шақырды. «Мешіт үйі жұма  күні ғана жиналатын орынға айналмай, күнделікті есігі айқара ашылып жамағатты жақсылыққа шақырып, имандылыққа ұйытатын  қасиетті ортаға айналуы тиіс», – деді ол. Сондай-ақ, құттықтау сөз сөйлеген Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек мешіт үйінің қайта жаңғыртылуына, оны имандылыққа ұйытар  орынға айналдыруға  үлес қосқан кәсіпкерлер мен ауыл халқына алғысын жеткізді. Облыстық маслихаттың депутаты А.Майлыбаев мешіттің қоғамдағы алатын орны орасан зор екендігін әңгіме етті. Осы ауданда еңбек еткен қоғам қайраткері Б.Байқошқаров имандылық жөнінде ой өрбітті. Облыстық Хибатулла Тарази мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев та сөз алып, өз атынан мешітке сый-сияпат жасады. Салтанатты рәсімнен кейін алқызыл лента қиылып, мешіт үйінің құжырқанасында әруақтарға арналып алғашқы дұға оқылды. Артынша ас таратылып, аламан бәйге өтті.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

 Сарысу ауданы.