Әлеумет

Жыл басынан бері... үшінші үшем!

Жыл басынан бері... үшінші үшем!

Тараз қалалық перинатальдық орталығында үшем дүниеге келді. Бауыржан Оспановтың отбасын толықтырып отырған нәрестелердің үшеуі де қыз бала. Ақнұр, Балнұр, Жаннұр есімді сәбилердің анасы Күлпан Тәжіқоразованың айтуынша, әкесі жағында да, күйеуі  жағында да үшем немесе егіздер болмаған екен. Ал нағашыларында егіз бар көрінеді. Күлпан күйеуі екеуі қала маңындағы Шөлдала ауылында екі бөлмелі үйді жалдап тұрады екен. Отағасы осы уақытқа дейін маусымдық жұмыстарды істеп, үш баласын асырап келіпті. Босанғанға дейін №2 қалалық емханаға есепке алынып, үнемі дәрігерлердің бақылауында болыпты. Тіпті, «Бөбек» орталығына жолдама беріп, емделуіне жәрдемдесіпті. «Жасым 37-де, қазір бір ұл, бір қызым мектепке барып жүр. Кіші ұлым – үш жаста. Өзі ерке, енді мына қарындастарын жұбатып, бұзықтығын қоятын шығар. Өзім көпбалалы отбасында өстім. Шешеміз алтын құрсақты батыр ана», –  дейді үшемнің анасы. Неонатолог-дәрігер Әйгерім Есімбаева қазір үшемнің денсаулық жағдайы бір қалыпты екенін айтады. Маманның сөзіне сүйенсек, үш нәресте де дүниеге келген күннен бастап, тек қана ана сүтімен тамақтандырылуда. «Ешқандай қосымша қоспалар беріліп жатқан жоқ. Ана сүті үшеуіне де толық жетеді. Салмақтары қалыпты. Бүгін үйлеріне қайтады», – дейді дәрігер. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Ақнұр, Балнұр, Жаннұр биыл Тараз қаласында дүниеге келген үшінші үшем көрінеді. Тараз қалалық перинатальдық орталықтың акушер мамандары ағымдағы жылы  туылған егіздер саны былтырғымен салыстырғанда көп екенін айтады. Бүгінгі күнге дейін аталған емдеу мекемесінде сегіз егіз өмірге келіпті.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.