Әлеумет

«Еңлік» есігін ашты

«Еңлік» есігін ашты

Жеке кәсіпкер Алтынбек Жамишжановтың заманауи үлгідегі «Еңлік» балалар бақшасы өткен сенбі күні  балғындарға есігін айқара ашты. Аудан аумағындағы алғашқы жеке меншіктегі нысанның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов елімізде соңғы жылдары Елбасының қолдауымен «Балапан» бағдарламасы аясында көптеген мектепке дейінгі білім беру орындары пайдалануға берілгенін, осы бағытта облысымызда да бірқатар іс-шаралар атқарылғанын атап өтті. Ерқанат Нұрбапаұлының  айтуынша, өңірімізде «Балапан» бағдарламасы аясында 300-ге тарта балабақша, оның ішінде 163 шағын орталық  бүлдіршіндер игілігіне қызмет етуде. Оларда барлығы 41 мың 104 бала тәрбиелену үстінде. Бүгінгі таңда 8 балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатса, ағымдағы жылы 4 сәбилер үйі ашылмақшы. 2010 жылы жеке меншікке жататын балабақша саны небәрі 2-еуді құраса, олардың саны қазіргі таңда 20-ға жетіпті. Осылай деген облыс басшысының орынбасары жиналған қауымды жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, жас ұрпаққа жарқын болашақ тіледі. Айтулы шарада Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәш Шәметов бата беріп, кәсіпкер Алтынбек Жамишжанов  елімізде кәсіпкерлікке кең өріс ашылып жатқанын айта келе, қолға алынған жұмыстың нәтижелі болуына септігін тигізген облыс, аудан басшыларына алғысын жеткізді. Мұнан кейін лента қию рәсімі өткеріліп, шашу шашылды.  Ішке енген қонақтар мен ата-аналар  әсем де әдемі ғимарат ішін аралап көріп, танысты. Кезінде әкімшілік мекемесі  болған  нысан 45 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліпті.  Балабақша әзірге 75 балаға арналып ашылып отыр. Алдағы уақытта мұнда «Айгөлек», «Бәйтерек», «Балапан» топтарының қатары балаларға ағылшынша үйрететін арнайы топпен толықтырылмақ. Жаңа нысанның ашылуымен байланысты 25 маман жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.

Айдана Шотбасова, журналист. Байзақ ауданы.