Құқық

құқық бұзғандарға кешірім жоқ

құқық бұзғандарға кешірім жоқ

  Кез-келген қоғам үшін аса қауіпті құбылыс — сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы заң шаралары қатайтылған сайын жемқорлыққа құныққан жандардың да қитұрқы айла-шарғылары арта түсуде. Мәселен, еліміздің Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің хатшылығы Тараз қаласы прокуратурасының ұсынысы бойынша, қаладағы «Футболдан олимпиада резервтерін даярлайтын №5 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне қызметтік тексеру жүргізген кезде, мекеме директоры С. Шалданбаевтың тарапынан жіберілген бірқатар заң бұзушылықты анықтаған. Ол — Қазақстан Республикасының спорт және дене тәрбиесі істері бойынша агенттігі төрағасының дене тәрбиесі және спорт саласындағы азаматтық қызметшілердің еңбегіне қосымша ақы төлеу жөніндегі 2012 жылғы 20 желтоқсандағы  №438 Ережесінің 8-бабы, 3-тармағының талаптарын өрескел бұрмалап, 2013 жылдың желтоқсан айында спорт мектебінің заңгері Г. Оразбаеваның жалақысына «чемпион даярлаудағы жетістіктері» үшін 58400 теңге қосып төлеген болып шықты. Дәл сондай «сіңірген еңбектері» үшін мекеменің еден жуушылары Л. Коренская, Н. Қыдырәлиева, З. Джанбердиева, Н. Хакимова және А. Серікбайдың айлық жалақысына да жалпы сомасы 481 444 теңге мөлшерінде қаржы қосып төленген. Сондай-ақ, қызметтік тексеру қорытындыларымен танысу барысында Тәртіптік кеңес мүшелері бұдан басқа да заң бұзушылық фактілерінің орын алғандығына қанықты. Соған байланысты кеңес мүшелері күн тәртібіне қойылған мәселені қарап, талқылай келе спорт мектебінің директоры С. Шалданбаевты атқаратын қызметінен төмендету жөнінде облыс әкімдігінің дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшылығына ұсыныс енгізу жайында шешім қабылдады. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыс бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақовтың төрағалығымен өткен кеңес отырысы еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы талаптарын бұзған Қордай ауданындағы Қасық ауылдық округінің әкімі Айтжан Әбдібаевты, өз құзырына кіретін мәселелерді шешу барысында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңда белгіленген талаптарды әлденеше рет бұзған Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әзиз Мәнтеевті атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі түріндегі тәртіптік жазаға тарту, ал облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Мойынқұм, Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелерінің директорлары Қайсар Нұрмолдаев пен Кенжебек Абайды қызметтерінен босату туралы тиісті органға ұсыныс енгізді. Қолданылған шаралар жөнінде заңда белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстағы Тәртіптік кеңесіне хабарлау міндеттелді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».