Экономика

«ЖЕГІ ҚҰРТ» ЖҰҚТЫРҒАНДАР азаймай тұр

«ЖЕГІ ҚҰРТ» ЖҰҚТЫРҒАНДАР азаймай тұр

Кеше облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссияның отырысы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өтті. Онда ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыс бойынша департаменті-Тәртіптік  кеңес төрағасы Болат Исақов сегіз айда атқарылған жұмыстар бойынша хабарлама жасады. Жыл басынан бері  сыбайлас жемқорлық пен Ар-намыс кодексінің заңдылықтарын бұзу фактісі бойынша Тәртіптік кеңес қарауына 46 материал келіп түскен. Мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген 77 тұлғаға қатысты істің 60-ы прокуратура саласының мамандарына тиесілі болса, 11-і қаржы полиция мамандарының еншісінде.  Аудандар бойынша бұл тізімде «көш бастап»  тұрған – Қордай, Шу, Сарысу. Сыбайлас жемқорлық «кеселін» бірден «жұқтыратындар» қатарында биыл да негізінен мемлекеттік сатып алу және құрылыс саласы болып тұр. Бұған нақты мысал келтірер болсақ, 2012 жылдан бері сыбайлас құқықбұзушылық бойынша барлық аудандардағы құрылыс бөлімінің басшылары жауапқа тартылып, оның 4-еуі жұмыстан босатылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері басшыларының да түгелге жуығы, кейбірі тіпті, бір емес, бірнеше рет сыбайлас жемқорлыққа жол берген. Олардың қатарында Жуалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е. Сейітбеков, Сарысу ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Т. Есқұлов бар. Мойынқұм аудандық ветеринария бөлімінің басшысы К. Сейсебеков  қызметін асыра пайдаланушылыққа жол бергендіктен жұмысынан босаған. Наурыз айында Тәртіптік кеңес сондай-ақ, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары тұрғын үй комиссиясының төрағасы, пәтер кезегінде тұрмайтын азаматшаға «оң қабақ танытқан» К. Әукеновтің, Шу ауданы әкімінің орынбасары, аудандық жер комиссиясының төрағасы, аукционсыз, комиссия отырысынсыз үш тұлғаға жер беріп, аудан әкімінің міндетін атқарушы ретінде қол қойған Е. Өмірәлиевтің істерін қараған. «Қара тізімге» ілінгендер қатары мұнымен бітпейді, өкінішке қарай. Бірақ, ең өкініштісі, аталған қызметкерлердің барлығы да мемлекет қаржысына қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстарынан өткен тұлғалар. Комиссия отырысында тағы бір көз жеткізгеніміз, заңсыздықтардың жолын кесіп, онымен күресетін бірден-бір мемлекеттік мекеме – ішкі істер органдары қызметкерлерінің өзі көптеген заңсыз әрекеттердің орын алуына себепкер болған. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты 31сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық іс қозғалған.  Мұның себебін облыс әкіміне түсіндірген облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді бір қызметкерге қатысты бірнеше қылмыстық істің қозғалуымен түсіндірді. Мәселен, өткен жылы  А. Мұратәлиевке қатысты – 9, А. Жанқабыловқа қатысты – 7  қылмыстық іс қозғалған. Жемқорлық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 6 қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылып, 2-еуі лауазымдарынан босаған,15-і қызметіне толық сәйкес келмейтіні жөнінде ескерту алған. Атқарылған шараларға қарамастан, заңсыздықтар саны азаяр емес. Күні кеше ғана Меркі аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы 100 мың теңге көлемінде пара алып тұрған жерінен ұсталған. Хабарламашының хабарламасын тыңдаған облыс әкімі «Сонда біз кімге сеніп жүрміз? Заңсыздықтарды қадағалайтын органдардың өзінде сыбайлас жемқорлық жең ұшынан жалғасып жатса, біздің болашағымыз қандай болмақ?» деп кейіді. Мұнан кейін сыбайлас жемқорлық жиірек тіркелген өзге де аудан әкімдері қосымша хабарлама жасады. Комиссия отырысының соңында облыс әкімі бұл бағытта атқарылып жатқан істерге әлі де көңілі толмайтынын, сондықтан нақты, пәрменді шаралар қолдану қажеттігін баса айтты.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».