Білім

ТарМУ-дегі Тұңғыш Президент мәжіліс залы Елбасы туралы кітаптармен толықтырылды

ТарМУ-дегі Тұңғыш Президент мәжіліс залы Елбасы туралы кітаптармен толықтырылды

М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқу орнындағы маңызды басқосулар өткізілетін Тұңғыш Президент  мәжіліс залы ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Онда Елбасының өмірі мен еңбек жолы туралы жазылған кітаптар қойылған бұрыш ашылған. Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков облысымызға келген жұмыссапарында аталған оқу ордасына арнайы атбасын бұрып, мәжіліс залын аралап көрді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев және Махмұд Базарқұлұлы университеттің оқыту үдерісіндегі инновациялық жаңалықтармен танысты. ТарМУ – облыстағы аса ірі ғылыми-оқу кешендерінің бірі. Университет басшылығы оқытушы-ғалымдардың инновациялық жобаларын өндіріске енгізу үшін жеке кәсіпкерлермен әріптестік байланыс орнатып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруда. Тараздық жеке кәсіпкер Дүйсенбек Ыбынәлиев те қымыз өндірудің жаңа технологияларын осы оқу орнының ғалымдарымен бірлесіп дайындап жатқаны белгілі. Елбасы тапсырмасына сәйкес іске қосылған «Зерттеудің наноинженерлік әдістері» зертханасының қызметкерлері қолдау болса, ауылшаруашылығы және тағам өнеркәсібіне де көптеген жаңалықтар енгізуге әзір . Тіпті, әр факультеттің оқытушылары мен студенттері жаңа жоба бойынша жұмыс істеп жатыр десе де болады. Мәселен, технологиялық факультетте болашақ мамандар ғалымдардың көмегімен қант диабетімен ауыратындарға арналған аяқ киім тігіп, арнайы тапсырысқа сай сатылымға шығарып жатқан көрінеді. Университеттің жас ғалымдары жеке кәсіпкерлермен өзара әріптестік келісімшарт арқылы мектеп оқушыларына электронды құрал әзірлеу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, инновациялық технология маман даярлау үдерісінде кеңінен қолданылады. Махмұд Қасымбеков оқу ордасының фойесіндегі көрме арқылы университеттегі жаңалықтардан құлағдар болды. ТарМУ-дың оқытушы-профессорларымен, студенттермен кездесіп, Елбасы туралы кітаптарды тарту етті. «Наш Президент» деген еңбек Елбасы туралы мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналып жазылған. Мұнда ел өмірінде болып жатқан саяси оқиғалардың барлығы қамтылған. Елбасының әр жылдардағы қабылдаған шешімдері жастарға ұғынықты тілмен баяндалады. Оны жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының, облыстық көпшілік кітапханаларына таратып беріп отырмыз. Сонымен қатар, 160-тан астам бірегей туындылармен бірге Мемлекет басшысының ұлағатты сөздері топтастырылған «Времена и думы» және «Еркін елдің ертеңі» атты қойын кітапшасының форматында шығарылған, үш тілде жазылған еңбекті қоса алып келдік. Баршаңызға белгілі, Елордада Елбасының кітапханасы бар. Мен сол кітапхананың директорымын. Сіздерге тарту етіп отырған кітаптар – сол кітапхананың алғашқы туындылары», - деп Махмұд Базарқұлұлы көпшілікке Елбасы кітапханасының жұмыс бағыты туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл кітапхананың өзіндік ерекшелігі бар екен. Басты бес бағытта жұмыс істейтін орталық дүниежүзіндегі ең мықты кітапханалармен тығыз байланыс орнатыпты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысына өңір кітапханалары мен мектеп кітапханаларының қорын молайтатын, құнды дүниеге айналатын сыйлықты тарту еткені үшін облыс жұртшылығы атынан ризашылық білдірді. Университет басшысы Махметғали Сарыбеков соңғы жылдары жарық көрген Елбасы туралы кітаптармен оқу орнының кітапханасы және Тұңғыш Президент мәжіліс залы толықтырылып-жабдықталатынын айтты. «Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі басшысының жұмыссапарының тәрбиелік мәні жоғары деп айтуға болады. Жас жеткіншектердің алдыңғы буынға қарап бой түзейтіні белгілі. Біз кезінде көркем фильмдердегі немесе кітаптардағы басты кейіпкерлерге еліктеп өстік. Қазіргі жастардың басты қаһарманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені күмәнсіз. Жасөспірімдер арасында «мен Елбасы сияқты болғым келеді» деп армандайтындар көп. Бізге сыйлаған кітаптарды оқыған жастар Мемлекет басшысының болмысын танып өседі», – дейді ректор.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.