Әлеумет

Уақыт талабына сай маман даярлау – өзгермейтін қағида

Уақыт талабына сай маман даярлау – өзгермейтін қағида

Қазіргі заман адамдардың білімді, сауатты, білікті болғанын талап етеді. Сондықтан да жастар осы талаптың үдесінен шығуға барын салып жатыр. Жоғары оқу орындары да бәсекеге қабілетті болудың жолын тынымсыз іздеу үстінде. Әсіресе, ұстаздарының деңгейіне, техникалық-материалдық базасының қуаттылығына аса мән беруде. Бұл орайда тарихы тереңнен тартатын, тамырын кеңге жайған білім ордаларының аты оза шауып жатқанын байқаймыз. Біздің өңіріміздегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институты уақыттың талабына жауап беретін мұғалімдердің легін әзірлеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бұл оқу орнының өткеніне көз жүгіртсеңіз де қалыптасудың талай кезеңін артқа тастағанын байқайсыз. Студенттеріне есігін айқара ашқан 1967 жылдан бері мыңдаған педагогты әзірлеп, елге қызмет етуге жол сілтеді. Ал сол кадрларымыз қаншама оқушының білімін шыңдап, қияға қанат қақтырды, түлетті. Жамбыл педагогикалық институты атауымен ірге қалаған білім ордасы бүгінде «Ұстаз» университеті мәртебесін алған. Бұл оқу орнына берілген жалпы елге және аймаққа қажетті жаңа тұрпатты мұғалім дайындауды мақсат етеді. Рас, Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және 12 жылдық білім беруге көшуді жүзеге асыру барысында мұғалімдерге жүктеліп отырған жауапкершілік жоғары. Бұл оқытудың мүлде жаңа сапасын жүзеге асыруды талап етеді. Себебі қазіргі білім беру жүйесінде мұғалім аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да білім беру реформаларының тиімділігі, ең алдымен мұғалім тұлғасына, педагог маман даярлау сапасына тәуелді. «Ұстаз» университеті халықаралық деңгейдегі ғылыми тенденцияларға жауап беру үшін алыс және жақын шет елдердің 28 университеті мен зерттеу орталықтарымен әріптестік байланыс орнатқан. Жоғары білікті мамандармен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын да сәтті жүргізіп келеді. Олардың қатарында Адам Мицкевич атындағы, Вроцлав және Зеленогурск университеттері (Польша), Злин университеті (Чехия), Ақсарай университеті (Түркия), Еркін Берлин университетінің Түркология институты (Германия) сынды әлемдік деңгейдегі белді ЖОО-лар бар. Білім ордасында заман талабына сай студенттердің оқытушыларды таңдау мүмкіндігі ескеріліп, білім берудің дәстүрлі әдістерінен инновациялық технологиялар мен оқытудың интерактивті әдістері қолданылуда. Университетте 29 бакалавр мамандығы бойынша болашақ мұғалімдер дайындау, білім беру, тәрбие жұмыстарын 26 кафедрада 365 оқытушы іске асырады. Олардың 149-ы ғылым докторы мен ғылым кандидаты болса, жүз шақтысы магистр. Шындығында, педагогикалық ғылыми жетістіктер мен мектеп тәжірибесінің бірлігінсіз сапалы маман дайындау мүмкін емес. Университеттің ғылыми-зерттеу бағыты да осы келелі мәселені шешуге негізделген. Сондықтан да бірнеше жылдан бері ауыл мектептеріне оқу-әдістемелік және ғылыми-кеңестік көмек көрсететін «ТарМПУ – ауыл мектебіне» атты кешенді бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Ал білім ордасына өзге мемлекеттердегі Сегед университетінен (Венгрия), Еркін Берлин университетінен (Германия), Әулие Климент Охридский атындағы София университетінен (Болгария), Ресей Федерациясының ірі ЖОО-нан ғалымдар келіп, студенттермен кездесіп, дәріс оқыған. Бұл жақсы үрдіс әлі де жалғасын табатыны анық. Көне шаһардағы бұл қара шаңырақ еліміздің барлық аймағында білім, ғылым, өнер, спорт және мемлекеттік қызмет пен бизнес саласында табысты еңбек етіп жүрген 30 мыңға жуық маман даярлапты. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков, Қазақстан мұғалімдері арасында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының тұңғыш иегері Аягүл Миразова, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева, психология ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Оспан Сангилбаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов сынды тұлғалар осында оқыған, білімдерін шыңдаған. Бір ғана Тараз қаласындағы жалпы білім беретін 54 мектептің 30-ында осы оқу ордасының түлектері жетекшілік етеді. Бүгінде ТарМПУ-дың заманауи зертханалармен, лингафонды кабинеттермен, компьютерлік және интернет дәрісханаларымен, интерактивті тақтамен, электронды оқу залдарымен жабдықталған 8 оқу ғимаратында 29 бакалавриат мамандығы бойынша 7 мыңға жуық студент білім алады. Студенттер мен оқытушыларға интернет кластарда, кафедралар мен электронды оқу залдарында жоғары жылдамдықты ғаламтор желісін тегін пайдалану мүмкіндігі бар. Ғылыми кітапхананың әмбебап кітап қоры үнемі толықтырылып отырады. Сонымен қатар автоматтандырылған КАБИС жүйесін, республикалық электронды кітапханасын, Springer, Web Knowledge, Thomson Reuters мәліметтер базасын пайдалануға болады. 460 орындық Студенттер үйінде оқу залы, Интернет класс, сұлулық салоны, тренажер залы, «Жан сыры», «Айша бибі», «Бәйтерек» клубтары жұмыс істейді. 6 жабық спорт залы мен 2 ашық спорт кешенінде білімгерлер спорт түрлерімен шұғылданады, халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы ретінде танылған студенттер де аз емес. Бұл қабырғадан көптеген танымал қоғам қайраткерлері, талантты өнер жұлдыздары, спорт саңлақтары шыққанын да мақтан тұтамыз. Университет оқу-тәрбие бағытында болашақ педагогтардың рухани, адамгершілік қырларын дамыту мәселесіне де жіті көңіл бөледі. Студенттер парламенті, жастар ісі жөніндегі комитет, студенттердің кәсіподақ комитеті, заң бұзушылық және жемқорлықтың алдын алу кеңесі, «Жас Отан» жастар қанаты, ТарМПУ студенттер Альянсы, «Шаңырақ» студенттік ассамблеясы – студенттердің өзін-өзі басқару істері тәрбие саласындағы жұмыс механизмінің жанды көрінісі дер едім. Болашақта ұстаз болуды армандаған талапкердің бірден-бір сенімді серігі – «Ұстаз» университеті. Мағжан Жұмабаев айтқан төрдегі орынды еншілеймін деген арманшыл жастың бағыты да осы шаңырақ болуы тиіс. Өйткені мұнда сіңірілген сапалы білім, саналы тәрбие ұлттың болашағының жарқын кепілі екені даусыз. Бұл – уақыттың өзі дәлелдеген аксиома.

Мұхаметжан НҰРПЕЙІСОВ, Тараз мемлекеттік университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы.