Сұхбат

«АТА АЙҒАЙЫНЫҢ АСТЫНДА ҮЛКЕН ТӘРБИЕ ЖАТАТЫН...»

«АТА АЙҒАЙЫНЫҢ АСТЫНДА ҮЛКЕН ТӘРБИЕ ЖАТАТЫН...»

«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова АТАНЫ АЛҒАШ КӨРУІМ 10– Ең басынан бастасақ. Момышұлы әулетімен алғашқы таныстығыңыз қалай басталды? –Жасымыздан қазақтың атақты жазушылары жайлы естіп, әсіресе, олардың шығармаларын оқып өскен адамбыз. Құдайға шүкір, өсіп-өнген, көзі ашық, сауатты отбасында бойжеттім. Әкем - дәрігер, шешем де оқыған, зиялы адамдар болғандықтан отбасымызда Александр Бектің «Арпалысынан» бастап, түрлі дастандар мен хиссалардың неше түрі болатын. Ата туралы аңыз әңгімелерді көп естігендіктен бе екен қиялымда ол кісіні баяғының батырларындай «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» өзгеше бір керемет бейнеге айналдырып алғам. Кейін ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, студент боп жүрген кезімде, 1963 жылы болуы керек, университетте атамен кездесу болды. Қателеспесем, ата соның алдында ғана Кубада болып келді. Шетелге бару деген ол кезде сирек жағдай. Жәй турист ретінде барса да бүкіл бір мемлекеттің қадірлі қонағына айналып кетпеді ме ол кісі. Содан университеттің үлкен залы, Киров көшесі дейтінбіз ол кезде, сол жерде, лық толы студенттердің ортасына таман отырғам, бір кезде келді. «Ойпырмай, мына кісі де ел сияқты екен ғой» деймін ішімнен. Бірақ сонау жерден қарағанның өзінде көзіндегі от адамға сұмдық әсер етеді екен. Әңгімесін ұйып тыңдадық, сұрақ қоятындар сұрақ қойып жатты. Менің атаны бірінші көруім сол жолы болды. БАҚЫТЖАНМЕН ТАНЫСУ – Содан кейін университетті де бітірдік дейсіз ғой. – Иә, сыртта бір жылдай жұмыс істеп келдім. Әке-шешемнің үйі Алматы қаласының қасындағы «Горный Гигант» деген ұжымшарда болатын. Әкемнің Шонжы қаласында тұратын досының қызы бар еді, сол үйге қонаққа келіп қалды да әңгіме үстінде «мына жерде менің нағашы апам тұрушы еді, кіріп шығайықшы» деп қоймады. Қонаққа келген қыз болғаннан кейін «мақұл» дедім. Өзі ақкөңіл болатын. Бардық. Апайының қала адамы екені көрініп тұр. Амандасып едім, жаңағы қыз «сен мына жаққа бара бер» деп мені есігі ашық тұрған бір бөлмеге кіргізді де жіберді. Төсекте әппақ қағаздай боп кеткен бір жігіт кітап оқып жатыр. Қысылып қалдым. Ол да ыңғайсызданды. Не шығып кетерімді, не отыра беретінімді білмей, сасып қалдым да амандастым. Ол да амандасты, бірақ қызарып кетті. Алдында әппақ боп жатқан адам... Орнынан тұра алмаса да, аяғын жинамақ болды ма, әйтеуір, әрекет жасады. Сөйтсем операциядан кейін төсекте жатқан кезі екен, оны кейін білдім ғой. Үстелдің үстінде жазу мәшіңкесі тұр, мәшіңкенің қасында Шерағаңның «Табылған теңіз» деген кітабы. Әлгі кітап маған сылтау болды. «О, мен мына кітапты оқығанмын» дедім сасқанымнан отыра қалып. Сөйтіп едім «иә, мен оны аударып жатырмын» деді. Сөйтіп Бақытжан екеуміздің алғашқы әңгімеміз өзімнің болашақ қайнағам Шерағаңның кітабынан басталды. – Нағашы апасының үйіне ертіп барған қыз жол-жөнекей Бақытжан туралы айтқан жоқ па? – Жоқ, тіпті, мен ол жігіттің кім екенін де білгем жоқ. Сөйтсем әлгі апай Бақытжанның да нағашы апасы екен. Аты-жөні Бибінұр Нысанқызы болатын. Бақытжанның анасы Бибіжамалдың туған әпкесі. Ол кезде Бақытжанның анасы қайтыс болып кеткен. Әсілі, өзі Бақытжан көбінесе нағашыларының – қаракесектердің қолында өскен адам. Сол апа Байжарасов дейтін бір кезде мықты журналист болған, Тұрар Рысқұлов туралы ең алғаш рет жазған адам, Шерағаң кітабында айтады ғой есіңде ме, сол кісінің жұбайы еді, бірақ ол кісі де қайтыс болып кеткен ол кезде. Сонымен Бақытжан нағашы апасымен бірге тұратын. – Сонда осының бәрі Бақытжан екеуіңіздің танысу­ларыңызға ықпал ету үшін ұйымдастырылған ба? – Жоға, жәй барғанбыз ғой. Содан кейін шәй ішіп отырған кезде «ой, айналайын кімсің, анау-мынау?» деп жөн сұрай бастады, ол кезде арқама түсетін қос бұрымым бар, «ой, шашың әдемі екен, әлі күнге дейін шашыңды кеспей жүрген жақсы бойжеткен екенсің» деп қояды. Мен ол кезде «Бақытжан кім, кімнің баласы» ол жағын түк білген жоқпын. Бірақ, бір байқағаным, ой, Алла-ай, көзі дегенің ботадай, ал кірпігі ұп-ұзын боп төгіліп тұр енді. Содан апаймен қоштасып, бері шыққанда жаңағы ақкөңіл құрбым «нағашы апамның үйінде жатқан біздің жиен, ол бәленше (Зейнеп жеңгеміз атасының атын атамады) деген кісінің, Момышұлының баласы» деді. – Құрбыңыздың аты кім еді? – Оның аты да Бибінұр болатын. Бірақ менің түк ақылыма сыймайды. «Сондай атақты адамның баласы нағашы апасының үйінде неғып жатыр?» деймін ғой. «Жақында ғана операция жасатқан, ауруханадан шықты» деп түсіндірді. Өйткені ол дастархан басына таяққа сүйеніп келіп отырды. – Сонда қанша жаста еді? – Қазір айтайын, бұл 1967 жыл болатын, ол өзі 1941 жылы туған, сонда есептей бер... – 26 жаста екен. – Алматыда «Столичный» деген дүкен бар еді ғой, апа сол жерге жақын Байсейітов-Калинин көшесінің бұрышындағы үйде тұратын, бір жолы сол дүкенге бір зат алуға барған кезімде әлгі апайды кездестіріп қалдым. Қолында сүт, айран салған сөмкесі бар екен, есігінің алдына дейін көтеріп апарып беріп ем, «жүр, шәй іш» деп қоярда-қоймай үйіне ертіп кірді. Сол кезде Бақытжанды екінші рет көрдім. Онда да ортамыздағы әңгіменің бәрі әдебиет болды. – Сіздерді табыстырған әдебиет болды ғой онда. – Әдебиет болды. Ең бірінші ағаның «Табылған теңізі», одан кейін қағынып өлең жазатыным да бар болатын. Кейін қойдық қой, «жаман өлең жазғанша, жақсы өлеңді оқыған дұрыс екен» деп. Сол әдебиетті, жаңа шыққан кітаптарды сөз еттік, апа да «айналайын, келіп-кетіп жүрсейші, мынау балам үйден шықпайды, көп жүре алмайды» деп жатыр. Бір жолы апамен көшеде кездесіп қалдық. Кездескенде... бұл жолы қасында баласы болды. Дәрігерден келе жатыр екен. Әйтеуір осылай басталып кетті ғой. ҚЫЗ КЕТЕТІН КЕЗДЕ ЕШНӘРСЕГЕ ҚАРАМАЙДЫ – Содан... – Содан біраз күндер өте берді. Бір жағы таңқалам, атағы жер жарған адамның баласы зейнеткер кемпірдің құртымдай екі бөлмелі пәтерінде тұрады. Сөйтсем, Бәкеңнің шешесінен қалған кішкентай болса да өз үйі бар екен, бірақ қарайтын адам болмағаннан кейін, ауруханадан кейін нағашы апасымен бірге тұрыпты. Бақытжанды кішкене кезінде де осы нағашы апасы көп бағыпты. – Осыдан кейін көп ұзамай үйлендіңіздер ме? – Жеме-жемге келіп Бақытжан екеуміз басымызды біріктірейік деген кезде... менің бауырларым қарсы болды. Түгел. Ол кезде әкем қайтыс болып кеткен. Үлкен бауырым Кеген ауданындағы дәріхананың бастығы болатын. Біздің үйдің адамдарының көбісі медиктер болып келетін. Сол тулап, тас-талқаны шықты. «Оның әкесі көп әйел алған, сен менің жалғыз қарындасымсың» дейді. Шешем он құрсақ көтеріп, тоғыз ұл, бір қыз сүйген адам. Бесеуі жастай шетінеп, қалған бесеуміз аман өстік. Сөйтіп мен төрт ұлдың ішінде жалғыз қыз болдым. Алдымда үш ағам, өзімнен кейін бір інім бар. Солардың бәрі қарсы шықты. Бірақ қыз кететін кезде ешнәрсеге қарамайды. Мен қазір де айтып отырамын «айналайын, қыздың жолын бөгемеңдерші» деп. Сонымен қойшы, апа-атаға «балаң үйленем деп жатыр» деп айтыпты. Ол кісі «Апа, енді бала сіздікі, өзіңіз үйлендіріңіз» деп, біразырақ қаражат беріп – «Мен өзім Мәскеуге, Малеевкаға кетіп бара жатырмын» депті. – Малеевка – шығармашылық үйі ғой. Чеховтан бастап Шыңғысқа дейінгі атақты ақын-жазушылар­дың көбісі сонда демалып, жұмыс істеген... – Иә, байқасам Бақытжанды «әкем тойда болмайтын болды-ау» деген сияқты нәрселер өкіндірмек тұрмақ, тіпті, ойына да кіріп те шықпайды. Сөйтсем, әке мен бала бір-бірінен «шет жайлап, қиыр қонып» жүріп мұндай жағдайға үйреніп қалған екен. – Сонда сіз Бақытжанның нағашы жұрты... Бибінұр апаның үйіне келін боп түстіңіз бе? – Иә, сол үйге келін болып түстім. – Алматы – үлкен қала. Оның үстіне апаңыз орталығында тұрады екен. Келін боп түскен кезіңізде беташар жасады ма сізге? – Жоқ, ол кезде кеңес өкіметінің кезі, ештеңе болмады. Содан кейін Бәкеңе айтам да «жарайды, сенің әкең тойда болмай-ақ қойсын, бірақ сенің туысқандарың бар емес пе?»12 деп қоймаймын. Сөйтіп өзім бірге еріп барып, жеделхат салғыздым. – Жуалыға ма? – Жуалыға, өкінішке қарай, ешкім келген жоқ. Қазір көбісі өмірден өтіп кетті. Кейін барып араласты. Атаның нағашысы да кейін бізді өзі іздеп тапты. Рахметхан көкем. Келесі жылы тоқсанға келеді. – «Музей апа» ше? – Мен келгенге дейін «Музей апа» қайтыс боп кеткен екен. Содан кейін барып апам бізді өзіміздің үйімізге жіберді. – Өзіңіздің үй болғанда?.. – Бақытжанның анасының үйі. Кәдімгідей отау үй болып тұрдық. Бұрынғы көрме, қазіргі «Атакент» сол жердегі шағын ғана әп-әдемі екі бөлмелі үйі болды Бәкеңнің. Сол кезде ата келді. Оны мен «Шуақты күндерде» жаздым... «ЧЕРНОВИК» НЕМЕСЕ ҚАЙЫН АТАНЫҢ АЛҒАШҚЫ СЫНАҒЫ – Енді соны өз аузыңыздан естісек? – Ол кезде сендер жас болдыңдар, білесіңдер ме, білмейсіңдер ме, қалай егін орағы басталды солай көшпелі редакциялар солтүстіктегі астықты өңірлерге баратын. Бәкеңнің «Огни Алатау» газетінде қызмет істеп жүрген кезі, сондай көшпелі редакциямен Целиноградқа кетіп қалған. Үйде жалғызбын. Алдында, анау үлкен ағайым тұратын жерде, Кеген аудандық оқу бөлімінде мектеп жасына дейінгі балалардың инспекторы дейтін жұмыс істеп әрі кешкі мектепке сабақ беріп жүргем. Тұрмыс құрғаннан кейін біржола келдім ғой Алматыға. Келгеннен кейін жұмыс бірден табыла қоймай, оның үстіне жаңадан үйленген соң үйде болатынмын. Түс кезі. Шәй дайындап, енді ішейін деп отырғанымда есік сынып кетердей тарсылдады. Тарс, тарс, тарс... Зәрем ұшты енді. Тапа-тал түстің кезі, бірақ енді сұмдық қорықтым. Есіктің алдына барып, даусым зорға шығып «Бұл кім?» деппін ғой. Сөйтсем «Бұл – мен! Атаңмын! Бар киін!» деді. Түкке түсінбеймін. Енді жалаңаш жүрген жоқпын ғой, үстіме қараймын, халатым бар. Бірақ «киін» дегеннен кейін асып-сасып жүріп әлгі халатты шешуді ұмытып сыртынан жеңі ұзын көйлек киіп, басыма орамал, аяғыма шұлық киіп алыппын. Жаздың күні болса да. Сосын есікті аштым да «нартәуекел» деп сәлем жасадым. Өйткені шешем, «үлкен кісілер қаласын, қаламасын сәлем жаса» дейтін. Сөйтіп едім қолын болар-болмас басыма тигізіп, «Бақытты бол, балам!» деп ішке қарай өтіп кетті. Қасында бір ағай болды. Кейін білдім, ол Мекемтас ағай екен. Мырзахметов. Содан тездетіп дастархан жасап, шәй беріп отыр едім «Черновик қайда?» деді. Сөзінің мәнісін түсінбей «Черновигі несі?» деп үндемей отырып қалдым. Соны сезді ме «Момышұлы екіншіні айтам» деді. Зәрем ұшып отырмын, өйткені атамен бірінші рет бетпе-бет келіп тұрмын. «Целиноградқа кетті» деп айтамын дегенім болуым керек «Целиноградқа ұшып кетті» дедім. Сөйтіп ем «тоже мне птичка божья» деп дүрс етті. Содан кейін «ол сияқты қаланың жалқауларына елге барып, еңбек адамдарымен араласқан пайдалы» деді. Шәй құя бастам ем «маған сүт қатпай, қарадай құй» деді. Імм, бұл әдетін есте ұстау керек екен дедім. «Мынау менің інім Мекемтас Мырзахметов деген сенің қайын ағаң болады» деді. Қайын атаң қайын ағаңды таныстырып жатқанда не істеу керек екенін де білмеймін, қайтадан орнымнан тұрып, сәлем жасадым. Үндемей отырмын төмен қарап. Бір уақта «Немен қоректеніп жүрсің?» деді. «Апам келіп тұрады, тамақ бар үйде» дедім. Сөйтіп ем «Тамағың бар шығар, бірақ мынаны ал» деп, алдыма ақша тастады. Сыпайылық танытайын дедім бе, білмеймін, «рахмет, ақша бар үйде» деп ем, «Ал!» деп ақырып жібергенде қорыққанымнан бас салдым жаңағы ақшаны. Бір кезде қалың киімнен пысынап барам, жотамнан тер ағып жатыр. Содан кейін ағаға қарады да «Әй, Мекемтас, нағашыңның үйіне келгендей неғып шалжиып отырсың? Бар, тұр да, такси алып кел» деді. Аға шығып кетті, мен де орнымнан тұрып, атаны шығарып салдым. Сол кезде жалт бұрылып қарады, қараған кезде денесімен бұрылады екен, «о, тоба» дедім ішімнен. Содан кейін «аман бол, балам» деді де шығып кетті. Талайға дейін есімді жия алмай, аяқ-қолым дір-дір етіп, отырдым да қалдым. Атамен алғашқы таныстық осылай болды. Содан кейін Ержан туылғанда... оны да «Шуақты күндерде» жазғанмын... АТА СЫЙЛАҒАН ГҮЛ – Оны да айта беріңіз. – Ол кезде перзентханаға гүл кіргізбейтін. Сыртта береді. Бірақ мен босанып жатқан палатаға бір құшақ райхан гүлді алып кірді. Гүлді алып кірген қыздың басы гүлден көрінбейді. «Ахметова кім?» деп сұрады. Бірден түсіндім. Ондай нәрсені тек қана ата әкелетінін, ал мына медбикелердің қорыққанынан алғаны түсінікті болып тұр. Әлгі гүлдерді сол жерде перзентті боп жатқан аналардың барлығына тараттық. Өзім бір-екі талын алып қалдым. Бір жағынан «әй, мынау қандай керемет сыйлық болды, ата бұл гүлдің бәрін менің алмайтынымды біледі, сондықтан оны осындағы аналардың бәріне арнағандай болды-ау» деп ойладым. – Әкелі-балалы Момышұлылармен бір шаңырақтың астында қанша жыл тұрдыңыз? – Бәкеңмен 45 жыл отастым. Атаның қолында бес жылдан аса тұрдым. ӘКЕ МЕН БАЛА МІНЕЗІ – Менің ол кезде жас кезім. Атаға дейін Бақытжан екеуміз 3-4 жыл бірге тұрып, өмірге үйреніп қалғанбыз. Ата немересін көруге келіп тұратын. Мен баланы көтеріп апаратынмын алдына. Бақытжан... араласа қоймайтын. Өйткені Кәмеш апайдың бала-шағасы болды. Өзінің бұрынғы күйеуінен. Сондықтан ба екен, білмеймін, араласпайтын. Кейін Кәмеш апай қайтыс болды. Ол кезде атаның денсаулығы да нашар болып жүрді. Үлкен ағалар, Шерағаң бар, Жұбан аға бар марқұм, «Бақытжан, әкелеріңмен бірге тұрыңдар» деді. Біледі ғой енді бұлардың бөлек жүргенін, бірақ Бәкең «бармаймын» деді. Мен «Бармасаң барма, онда мен Ержанды алам да, өзім кетем» дедім. «Ендігі сын маған қалады. Сенің қарым-қатынасыңда шаруам жоқ, мен қызметімді тастаймын» дедім. Кеңес өкіметінің кезінде жас адамның жап-жақсы істеп жүрген жұмысын тастауы деген, қазір ойласам, ерлік екен. Ондағы ойым «Ойбай-ау, енді қызмет, жұмыс деген табылар, бірақ мынандай адамның алдында келін болып жүру кез-келген адамның маңдайына жазылмаған ғой, мен қалай болғанда да осы кісіні күтуім керек, қарауым керек, бұл мен үшін емес, бүкіл қазақ үшін керек адам ғой» дегенге сайды. Оның үстіне анам да соны құлағыма құйды. Сөйтіп баласы мен әйелі кететін болған соң, Бәкең қайда барсын, ол кезде Бәкеңнің отыздан асып қалған кезі. Сөйтіп келдік атаның қолына. Атаның қолына келгеннен кейін бірінші жылы өте қиын болды. Неге десең, үш Момышұлының басы қосылған кезде, әкесі, баласы, немересі дегендей, оңай емес еді. Кейде әкелі-балалы екеуі бір демде шарт-шұрт болады да, енді бір уақытта қарқылдап күліп отырады. Таңқалам. Бақытжан әкесімен «сен» деп сөйлеседі екен. Ашық-ашық айтады, кейде ата «пошел вон, идиот» деп қуып шығады. Енді бір қарасаң қайтадан екеуі түк болмағандай сөйлесіп отырады. Менің бір байқағаным, бұлардың кетісулері де, бітісулері де тез болатын. – Өткінші жауын сияқты дейсіз бе? – Иә, борандатып, жауындатып келеді де, тез басылады. Ал енді, мынау, үлкен мәселелерге, рухани әңгімелерге келгенде, әлгі дүниені ұстап тұратын ірі мәселелерге келгенде ойлары бір жерден шығып, бір арнаға тоғыса қалады. Бәкең ол кезде төртінші операцияға түсіп шыққан болатын. Жалпы, Бәкең жамбас сүйегін жеті рет операциядан өткізді. «Соқыр ішек», жүрек, тағы басқасы бар, ағаң он отадан өтті. ЗАУАЛ – Ағаның жамбас сүйегіндегі дерт о баста неден болған? – Үш айлығында үстелдің үстінен құлатып алыпты. Ата соғыста жүргенде болған жағдай ғой. Ата соғысқа кеткенде Бәкең жеті айлық іште қалған бала. Ата кейін айтты ғой, «балам, қазақтар, мұсылмандар «зауал» дейді, орыстар «карма» дейді, бұл адамның істеген, сенің қиянатың айналып келіп өзіңе, өзіңе болмаса балаңа, балаңа болмаса ұрпағыңа соқпай қоймайды. Мені Отан қорғады дейді, мені батыр дейді, бірақ мен қан төккен адаммын. Соғыста жүргенде маған тиетін оқ Бақытжанға тиді» деді. «Ойпырмай, осы енді Ержанға тимесе екен» деді. Құдайдың құдіреті бар ғой, атаның тілегі айнымай келді. Ата қайтыс болардан бір күн бұрын Ержанның көзі «отслоение сетчатка» боп, көрмей қалды. Ана жақта атамыз қайтыс боп жатыр, мына жақта баламыздың көзіне операция жасалып жатыр. Әйтеуір, Алла сақтады, Ержанның көзін аман алып қалдық. Бірақ содан кейін де бірнеше рет операциядан өтуіне тура келді. Талай жыладым. Біреуге «мен сөйтіп қалдым» деп мұң шаққан жоқпын. 11 АТА АЙҒАЙЫНЫҢ АСТЫНДА ҮЛКЕН ТӘРБИЕ ЖАТАТЫН – Ата айғайының астында үлкен тәрбие жататын дейсіз. – Атаны түсінуге тырыстым. Бірақ ол кісіні түсіну деген оңай емес болатын. Ата көп айғайлап, аз мақтап жүріп шыңдаған ғой мені. Мен ылғи айтам, «әй, пышақты өткірлеу үшін де асыл қайрақ керек, ата мені кейінгі күні әділеттілігінен әділетсіздігі басым мынау жалған өмірде кез-келгеннің аяғының астында төселіп жататын төсеніштей болмасын, кеудесі басылмасын деп шыңдай берген екен ғой» деймін. Ал кейбіреулер ата мінезін жіті ұқпайды да «өйт» деді, «бүйт» деді, «қуып шықты» деп жазады. Ата бекерден-бекер қумайды. Бір жолы Бәкең «папа, неге сен осы адамдарды қуып шығасың? Неге жек көресің?» дегенде «Әй, «Черновик», оттама, мен адамды жек көрмеймін, мен оның қылығын жек көремін!» деді. Атаны сонда түсіндім. Ата содан кейін бір адамды мүлде жаман ғып немесе бір адамды мүлде жақсы ғып тастамайтын. Мысалы, сенің бір сөзіңді мақтап отырып, ал енді келесі сөзің үшін быт-шытыңды шығаруы мүмкін. Ол кәдімгі адамның бүкіл жаратылыс табиғатын ашып отыратын адам. Ол деген барып тұрған ғажап психолог, көзіңе қарап отырып сенің ішіңдегі бар ойыңды білетін. Мен ойлаймын, «егер ата бұрынғы бір замандарда өмір сүрсе, мүмкін әулие болар ма еді» деп. Өйткені ол кісінің айтқаны келетін. Мен мысалы үшін атадан ештеңе жасырған емеспін. Неге десең бәрібір біліп қояды. Тіпті, айтпай тұрсаң да «балам, не бүлдірдің?» дейді. Тұла бойы тұнып тұрған шежіре болды. Содан кейін ата маған ешқашан соғыс жайлы әңгіме айтқан емес. Есесіне, халқымыздың ұлттық құндылықтарын құлағыма құя берген. Сондағы айтқаны, «балам, мен сені сөз түсінеді деп, кеудесінде кішкене ашытқысы бар деп айтамын. Мен саған айтсам, сен балаңа айтасың, сонан кейін немереңе жеткізесің, тым болмаса қазақтың қасиеті мынау бір шаңырақта болса да сақталсын деп саған айтам. Мүмкін сендерден басқаларға таралар» дейтін. Атаның әрбір сөзін жазып ала бергенім мүмкін менің ұқыптылығым шығар, ал ол ұлы жауынгердің аманаты боп елдің қолына жетті. – «Шуақты күндер» кеңес өкіметінің кезінде ерекше бір құбылыстай болды. Әлі күнге дейін іздейді жұрт. – Ол менің мықтылығым емес, атаның мықтылығы. Атаны сағынып жүрген халық көп, солар ата туралы тағы да бірдеңе естігісі, білгісі келеді. 9 ҚҰДА МЕН ҚҰДАҒИ НЕМЕСЕ БІР «ТОРТТЫҢ» ХИКАЯСЫ – Бұл жерде, меніңше, Баукеңнің өмірі оның келінінің көркем кестелей білуімен де оқырмандарды тартты. Сондықтан Сіздің рөліңізді де жоққа шығаруға болмайды. Менің бір сұрайын дегенім, құдаларымен араласты ма ол кісі? – Араласып үлгермеді. Келді. Әкем жоқ болатын ол кезде. Үлкен ағаммен бірнеше рет кездесті. Ержан туылғанда ата «Горный Гигантқа» барып, қақпадан айғайлай кіріпті. Менің шешем де сөзге тапқыр, былайша айтқанда ешкімнен беті қайтпаған кісі болатын, «неменеге айғайлайсың сонша, алдыңда неміс тұр ма немене?!.» деп салыпты атаға. Сонда атам келіп анамды құшақтап, «Әй, мынау нағыз Момышұлына лайық құдағи екен» депті. Атам құдағиымен осылай табысқан. Қызық болғанда, құда түсетін кезде «Құдалыққа кім барады апа?» деймін, апам «өзім барам» дейді. Мен «апа, олай болмайды, ер адамды ертіп бару керек» деймін. Ата болса Мәскеудің бір жерінде демалып жатыр. Әлия Молдағұлованың ағасы Әубәкір Молдағұлов дейтін ағамыз болған. Әубәкір ағаның Бірімжан дейтін баласының әйелі Алма апаның сіңілісі. Сіңілісі болғанда әкелері бір туған. Апам сол кісіге жабысты. «Ойбай, айналайын Әубәкір, сен жүр енді, Әлияның ағасы деген атағың бар» дейді. Сөйтіп құдалыққа екеуі кеткен. Мен олардың құдалыққа қандай сый-сияпат әкеткенін қайдан білейін, сөйтсем «Сказка» дейтін торт болатын баяғыда, сонау 250 шақырым жерге сол бір тортты көтеріп барыпты ғой апам. Аналар «ойбай, құда келе жатыр, Момышұлы келе жатыр» деп тай сойған ба, көлдей ғып дастархан жайған ба, әйтеуір, улап-шулап ауданның бәрі дүркіреп жатса, бір шал мен бір кемпір кіріп келе жатыр дейді қолдарында бір торты бар. Мен ылғи Бәкеңе «мен бір тортқа келген адаммын» деп қалжыңдайтынмын. Қазір ылғи қоржын-қоржынмен, бриллиантпен келіп жатқан құдалықтарды көргенде сол «торт» оқиғасы есіме түседі. ҚАҒАЗ ШИМАЙЛАҒАННЫҢ БӘРІ ЖАЗУШЫ ЕМЕС – Әке мен бала. Екеуі де жазушы. Бір-бірінің шығармасын оқып, пікір алысушы ма еді? – Бір қызық жері, «Ой, балаңыз жазушы екен ғой» дегендерге ата «Мен Бақытжанды оқымаймын» дейтін. «Қағаз шимайлағанның бәрі жазушы емес» дейтін менің көзімше. Кәдімгідей өкпелеп қалатынмын. Ал бірақ «мынаны көрші, папа» деп Бақытжан бір дүниесін берсе, оқиды. Оқығанда қалай оқиды. Бақытжан да әкесін оқитын. Содан кейін екеуі пікір алысып отыратын. Бақытжан бірде аңыз секілді бір әңгіме жазды. «Қазақтың әнін сақтап қалу үшін ата-бабаларымыз оны оюларына жасырған» дейтін түйін жасайды. Сонда ата «мына ойың өте керемет, өйткені жас кезімде бір кісі киіз үйдің басқұрындағы ою-өрнектерді сүйсіне қарап жүріп, ыңылдап ән салды да, «әуенді басқұр екен» деп айтқанын естіп едім деді. – Туһ! – Менің шешем де өрмек тоқитын. Сол кезде әдемі ән айтып отыратын. Ал жібі қалай үзіледі, әні де үзілетін. Жіпті жалғаған кезде жаңағы ән сол үзілген жерінен басталып кететін. Қазір сырмаққа салатын оюды шапанға, бас киімге салып жүр. Бұрын ондай болған жоқ қой. Шапандыкі, камзолдыкі оқа болды. Бәрінің мән-мағынасы болды. Осы есімде қалыпты. Екеуі көп әңгімелесетін. «БАСЫНДА БҰЛАҒЫ БАР ӨЗЕН ҰЗАҚ АҒАДЫ» – Қара шаңыраққа ие болып отырсыз. Осы жылдардағы Сіздің қайсарлығыңыз, төзімділігіңіз қайдан? Анадан ба, әкеден бе? – Жақсы көретін бір мақалым бар. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді. Сол секілді мен уызымнан жарыған адаммын. Өйткені менің анам өле-өлгенше қазақтың бүкіл-салт дәстүрінің үкісін қисайтпай ұстап өтті. Ол айналасына қарамайтын, кім не десе, о десін, онда шаруасы болмайтын. Бізді де солай тәрбиеледі. Маған «жалғыз болсаң өзің жалғызсың, қылығың жалғыз емес албасты, мынаны үйрен» деп тұрып, кішкентай кезімнен үйдің тірлігіне де, кесте, тоқыма, нан илеу, нан жаю, бәріне үйретті. – Анаңыздың аты кім еді? – Мәлике болатын. Ұлы жүз, Албанның қызы. Нағашыларымның барлығы Кеген, Нарынқол жақтан. Жетпісінші жылы, Ержан бір жасқа толғанда қайтыс болды. Алпыс сегіз жасында қайтты. Әкемнен он екі жас кіші етін. Әкем әскери дәрігер болған. Ол кісінің ұлты түрік қой. – Сталиннің репрессиясымен келген түріктер ме, жоқ басқа түріктер ме? – Қаратеңіз соғысындағы, кәдімгі Түркияның, Анадолының түрігі. Орыстармен соғыста өте жас, он үш, он төрт жасар бала соғысқа қатысып, оқ тасып, басқа да жұмыстарға көмектесіп жүргенде қолға түскен. Ол өзінше бір үлкен тарих. Бірақ етінің тірілігінен, бір шағын ғана дәріханасы бар еврейдің (өзі «жүкит» дейтін, біз «жөйт» дейміз ғой) қолына түсіпті. Ол түрік тілін біледі екен. Адал қызмет еткен соң, анау әкемді баласындай жақсы көріп, оқыта бастайды. Өзінің туған-туысқаны жоқ адам болса керек, бір күндері кемпірі қайтыс болады да, дүниесін әкеме тапсырады. Бұл Ленинград жақта болған оқиға. Қолбала болып жүргенде дәрі жасауды да үйренеді содан. Кейін орыс армиясына да қызмет етіп, әскери дәрігер болады. Мұсылмандардың ортасында болуды ойлап, кейін Қазақстанға келіп, шешемнің Қанафия деген ағасымен танысып, достасады. 1938 жылы әкемді біраз әлекке түсірген көрінеді, Құлжаға да жіберді. Ол жаққа да тапсырмамен кеткен болуы керек. Көп тілді білген ғой, он екі жыл сол жақта тұрған. Мен інім екеуміз Құлжада туғанбыз. Жазда келетінбіз. Бас дәрігер болды. Ол аурухана әлі тұр Құлжада. Тоқсаныншы жылдары Ержанымды ертіп барып, «мынау сенің нағашы атаңның он екі жыл қызмет еткен жері» деп көрсеттім. – Әкеңіздің аты-жөні кім еді? – Әскербек Ахметов. – Қазақшаға қандай еді? – Судай болатын. – Сонда түрікше, қазақша, орысша, ұйғырша да білетін болды ғой. – Кейін қытай тілін де үйреніп алды. Көп тіл білетін. Құлжа қаласында жүргенде құрбыларымнан айырылмаймын деп алғашында ұйғыр мектебіне барып, қызық болғам. Мен ұйғырша да жақсы сөйлеймін. Содан кейін шешем «мына қыздың тілі бұзылып бара жатыр» деп ойбайын салып, қазақ мектебіне берді. Мен он екі жаста келдім. Інім жеті жаста болды сол кезде. – Қазақстанда қай жерде оқыдыңыз? – Талғарда он жылдық мектеп болды. Сол жерде бітірдім мектепті. Інім де сол жерде оқыды. Ал ағаларымның бәрі орысша оқыды. Үш ағамның үшеуі де. Әкем Тибет медицинасын да зерттеді. Өте аз сөйлейтін, біртоға, өңі сұсты, ұзын бойлы кісі болатын. Шешем «әкең келе жатыр» деген кезде бәріміз жым болатынбыз. Міне, осындай өнегелі отбасында өскендіктен қайыната, қайынене, үлкенді сыйлау жағынан, Аллаға шүкір, мақтана аламын. – Атаңыздың қолында тұрған кезіңізде соның бәрі сабақ болды дейсіз ғой. – Ойбой, атаның небір мінездерін көрдім енді. Ең керемет мақтағанда «балашка» дейтін. Ол деген сөз маған орден бергенмен бірдей. Бірақ ол сирек. Анда-санда, жылына бір-екі рет. Ал «Зейнеп» десе «жыны ұстай» бастағаны. Ал «Турчанка» деп айғайласа, онда «қаһарына мінді» дей бер. Кейде мені кейбіреулер ұлтымды нұсқап, кемсіткісі келеді де мен соларға «осы сендер қызықсыңдар, ағылшын да болғыларың келеді, орыс та болғыларың келеді, араб та болғыларың келеді, бірақ өздерің қазақ болғыларың келмейді, ешкімді қазақ жасағыларың келмейді» деп ренжимін. МОМЫШҰЛЫ БІРІНШІ МЕН МОМЫШҰЛЫ ҮШІНШІ – Баукең немере тәрбиесіне қалай еді? – Ата «мен солдат тәрбиелеуге шебер болғам, ал бала тәрбиелеуде сауатсызбын» дейтін. Өйткені, ата баламен бала құсап сөйлеуді білмейтін, ол үлкен кісі құсап сөйлейді. Түсіне ме, түсінбей ме, онда шаруасы жоқ. Бітті. Еркелетуді білмейтін. Баланың ешқашан бетінен сүймейтін. Ең керемет жақсы көргенде арқасынан қағатын. Ержанға командировкадан значоктар алып келетін. Календарь алып келетін. Болды. Ойлайтынмын «ата, балаға бір тәуір сыйлықты неге әкелмейді» деп. Сөйтсем былай бопты. Ата соғыстан қайтқанда Мәскеуден Бақытжанға әдемі бәтіңке сатып алыпты. Сосын бір жақсы ойыншық алыпты. Сөйтсе Бақытжан қарап тұрыпты да бақырып жылап лақтырып жіберіпті. «Сен немісті өлтіріп, соның баласының заттарын алып келдің» деп. Ата содан былай Бақытжанға тек жейтін нәрсе әкеледі екен де, сыйлық әкелмейтін бопты. Бірақ сол кезде «балам адам болады екен» деп ойладым дейтін. Дүниеге жақын болмайтынын айтқаны. Бір күні Жазушылар одағына баратын болдық. Маған «Есенберлиннің кітабы бар ма?» деді. Аяқ астында тапқаным «Алтын құс» деген кітабы болды, соны алдым. Әнуәр Әлімжановты «Энвер» дейтін, «Энвердің кітабын ал» деді. Алдым. Атаны ана жаққа, мына жаққа мен ертіп апаратынмын. Жазушылар одағынан шыққанда «мә, балам, мынаны ал» деді. Алдында өзінің бірнеше кітабына Ержанға автограф жазған. Біреуіне «Немерем Ержанға алжыған атасынан» деп, екіншісіне «Момышұлы біріншіден Момышұлы үшіншіге» деп. Маған екі кітапты көрсетті де «балам, мен бүгін мынаны бастадым, бірінші рет екеуінен автограф алып шықтым» деді. «Енді осыны ары қарай жалғастырыңдар. Мына қазақтың жазушыларынан Ержанға қолтаңбамен кітапхана жинаңдар» деді. Бірде Бақытжан екеуміз одаққа Қадір ағаның өлеңдер жинағын ала бардық. Жазушылардың бәрі автографтарына атамыздың атын байланыстырып жазатын. Соны білетін Бақытжан Қадір аға қаламын алып, автограф жаза беріп еді қолынан шап беріп ұстай алып, «Айналайын, Қадеке, «атаңдай бол» деп жазбашы, өзі жалғыз бала, көп қатын алып итімізді шығарып жүрер» дегені. Ана кісі рахаттана кеп күліп «Әй, Бақытжан-ай, басқамызға жараспаса да Баукеңе бәрі жарасады» деп жатыр. «Мен сияқты қиналмасын» деп Бақытжан Ержанды кеңес өкіметінің кезінде-ақ қазақша мектепке берген. Күлгендер де болды «қызмет таппай қалады ғой кейін» деп. «Таппаса таппасын, қазақ болса болды» деп Бәкең бір-ақ кесті. – Ержаннан немерелеріңіз бар ма? – Иә, екі ұл. – «Момышұлы төртіншілер» де келіпті ғой өмірге. – Бесіншілер де келіп жатыр. Ата Бәкеңе «сен менің фамилиямды ұрлап алғансың» дейтін қалжыңдап. «Аха, тапқан екенсің жынды адамды, мұндай фамилиядан кім бас тартады?» дейтін ол да әзілдеп әкесіне. Кейін ата «осылай Момышұлы боп кете берсін, кім біледі, кейін бір ру елге айналып кетер ұрпағымыз» деп рұқсатын берді. – Зейнеп жеңеше, редакциямызға кеп, бүкпесіз әңгімелескеніңізге көп рахмет!

Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.