Тегімізді қазақшалап жазатын кез келді

14

Өзіміз қазақ, әке-шешеміз қазақ бола тұра осы біз қашан ата-тегімізді ана тілімізде жазар екенбіз?! Ұятты, намысты ойлайтын кез келді ғой. Аты-жөнімізді қазақшалаймыз деп жүргенде Ұлжан Жақсылық, Шаттық Алмас, Алихан Әділхан, Жансерік Жарқынбек деген сияқты түрікшелеп алғандаймыз. Мұндайда қыз баланың атын тегінен айыра алармыз, ал ұлдардыкін ажырату қиынға соғып жатады. Аты-жөнімізді төл тілімізде айшықтап жазудың тәсілі соңына «ұлы», «қызы» деп қосып жазуды мәселе етіп көтеріп келе жатқаныма да біраз жыл болды. Газет-журналдарға да тұрақты түрде жазып келемін.
Оның бірі «Aq jol»-да жарық көрген болатын. Кейде ата-тегімізді қалай жазсам да, ол менің шаруам деп өзіңді сөгуден танбайтындар да кездеседі. Мектеп оқушылары да олай қолданғысы жоқ. Әрине, оған олардың ата-анасы кінәлі деп білемін.
Сол себепті бұл мәселеге «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп қарамай, шығанға шықпай тұрып, жоғары жақтан тосқауыл қойылу керек сияқты. Әйтпесе алдағы уақытта енді түрікше ата-тектен құтыла алмай қалатын жағдайға жететін тәріздіміз. Сондықтан менің айтқандарымды бір мезгіл ой таразысына салып көрейікші, ағайын!

Ердахмет ДОСТЕМЕСҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Шығанақ ауылы,
Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.