Қоғам

Жаңартылған білім жаңалықтарға бастайды

Жаңартылған білім жаңалықтарға бастайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жастардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру арқылы біліктіліктерін де жетілдіре түсу қажеттігін алға тартқан еді. Мұндағы негізгі мәселелердің қатарына мұғалімдерді жаңа білім мазмұнына көшуге дайындау, олардың іс-тәжірибесіне өзгеріс енгізу, педагогика және психологиядағы заманауи теориялар, оқу мен оқытудағы соңғы тұжырымдар туралы терең білім беру, инновациялық технологиялар мен тиімді стратегияларды қолдану жолдарын үйретуді де қосу керек. Тараз мемлекеттік педагогикалық «Ұстаз» университетінің Көркем графика және дизайн кафедрасы осы бағытта көркем еңбек пәнінен жаңартылған мазмұндағы әрбір деңгей бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасын дайындады. Орта білім беру жүйесіне енгізілген жаңартылған бұл құжат заман талабына сай әзірленген. Ол білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаның үйлесімді қалыптасуына және зияткерлік дамуына қолайлы білім беру ортасын тудыру – жаңартылған білім мазмұнын енгізудің нәтижесі болуы керек. Технологиялар, коммуникациялар мен ғылым салаларындағы елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға және XXI ғасырда табысты болу үшін әрбір азаматқа қажетті білім мен дағдыға терең әсерін тигізуде. Көркем еңбек пәнінен жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарында мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін дамыту, оқытудың интербелсенді әдістері мен инновациялық технологияларды, критериалды бағалауды іс-тәжірибесінде қолдану және сабақты жаңаша жоспарлауға бағыт-бағдар беру мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар жаңа білім мен дағдыны меңгерген, шығармашылық қабілеті жоғары, сын тұрғысынан ойлауы дамыған, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген, алған білімін өмірде қолдана алатын тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Осы нәтижелерге жету үшін білім мазмұнын жаңарту жағдайында критериалды бағалауды қолдану – өзекті. Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ. Сондықтан да осы салаға көптеген өзгерістер енгізілуде. Сол себептен бүгінде мүлде жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттілігі туындайды. Осы қажеттілікті шешудің бірден-бір жолы – оқушы білімін әділ, шынайы, ашық түрде бағалау жүйесін қолдану. Бұл оқыту үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады, яғни, оқыту үдерісін басқарудың түйінді кілті деп те айтуға болады. Жалпы алғанда, жаңа критериалды бағалау жүйесі үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибені кіріктіреді және білім беру сапасын арттырудағы нақты артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тұжырым жасай білген адам алдына мақсат та қоя біледі. Олай болса, сабақтарымызға критерий арқылы бағалауды енгізіп, оқушыларымыздың тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттасақ, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, нәтижеге жетуге баулысақ, оқушы да, мұғалім де өз еңбектерінің табысын көре алады. Гүлнұр ШАРИНОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық «Ұстаз» университетінің Көркем графика және дизайн кафедрасының оқытушысы.