Таудағы қорықтар тозып барады
Таудағы қорықтар тозып барады
Луговой орман және аң шаруашылығының басшысы Қайрат Медербекұлымен телефон арқылы байланысқанымызда, ол шұғыл тапсырмамен қызметтік сапарға шығып кеткен екен. Сондықтан аңшылық инспектор-танушы Дінмұхаммед Молдазимовке жолығып, әңгімеге тарттық.
– Біздің қарауымызда 42363 гектар орман қоры бар, – деп бастады ол сөзін,– Қадағалауымыздағы жер негізінен Қорағаты мен Ақыртөбе аралығындағы Мойынқұм мен жиектегі орман қоры. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген алпысқа жуық қарақұйрық пен отыз шақты дуадақ қана қалды. Ал, жабайы қабан, сасық күзен, қоян, түлкі, мәлін, қарсақ, қасқыр, шиебөрі, борсық әзірге таусыла қойған жоқ. Далалық құстардың ішінде қаз-үйрек, қасқалдақ, шіл мен қырғауыл, бұлдырық пен көл шағаласы көптеп кездеседі. Өйткені, осы құмдағы қорықтарды 16 қорықшы күзетеді. Кардондарға екі бекет қойылған. Байырғы қорықшылар Сейітжан Сүттібаев, Ерлан Рысқұлов, Серік Таңатаров, Берік Мажыраевты далада жүрген жандар жақсы біледі. Олар атпен, жеке көліктерімен орман белдеулеріне отырғызылған ағаштардың кесілмеуін, өрт шықпауын, бейсауыт адамдардың браконьерлік жасамауын қадағалап, керек болса олардың құжаттарын тексереді. Қорықшыларға қызметтік қару мен рация берілген. Олар тосын жайларды дереу бізге хабарлап отырады. «Біз» деп отырғаным, өзім және Сиязбай Жаманқұлов пен Анатолий Куртушанның тобы. Бізде жүрдек екі «Уаз-Фермер» машинасы мен бір «Нива» көлігі бар. Дабыл түсісімен дереу оқиға болған орынға жетіп барамыз. Аптасына екі рет рейдке шығып тұрамыз. Дінмұхаммед Молдазимовтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері 16 заңсыз аң аулау оқиғасы тіркеліп, олардың барлығына әкімшілік хаттамалар толтырылып, облысқа жаза тағайындауға жіберіліпті. Мәселен, 9 заңсыз балық аулау оқиғасы көктемде балық уылдырық шашатын кезде орын алыпты. Қаскерлер Алексей Сон, Максим Ефименко сонау Тараз қаласынан келіп рұқсатсыз балық аулаған жерінде ұсталған. Олардың барлығына дерлік үш айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салыныпты. Мойынқұмда мылтығы оқтаулы, ит жетектеген Александр Бруммолер, Ержан Битабаров, Андрей Тринченко да жануарларды заңсыз атпақшы болып шыққан кезінде қолға түскен. Луговой орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлеріне таудағы қорықтар қарамайды. Рұқсатсыз аң ату, тосыннан жайылымды өртеу фактілері де осы таулы алқапта көптеп кездеседі. Осы жазда Бірлес ауылының үстіңгі жағындағы, Сұлутөр мен Құркүнгей, Меркінің Ақтікен, Молалы жайылымдары, осы күні кеше ғана Сандықтаудың астындағы Меркі шатқалының күнбатыс жағы өртенді. Осы өрттің кесірінен меркілік екі жас орманшы мен Тұрар Рысқұлов ауданының Абай ауылдық аймақ әкімшілігінің бас маманы кенеттен көз жұмды. Иә, қыршын жастағы азаматтарымыздан айырылдық. Олар осынау тілсіз тажалға өз ықтиярларымен барған жоқ, арнайы дайындалған өрт сөндіруші жасақтың мүшелері де емес еді. Мұндай кезде төтенше жағдайлар жөніндегі инспекцияның арнайы жасағы мен тікұшағы көмекке келуі керек болатын. Амал қанша, үш бірдей арыстай ұл жазықсыз көз жұмды. Осы таулы аймақтардың көбіне жекеменшік аңшылық шаруашылықтардың иелігіне берілгені өкінішті-ақ. Біз бұдан бұрын да «бүйректен сирақ шығарып, көктем келген сайын шаруа қожалықтарының малын жайлауға жібермей: «қорығымды таптайсың, аңымды атасың» деп қоқан-лоққы көрсетіп отырған Локтев туралы газетімізде бір емес, екі рет жаздық. Ал, Қарақыстақ шатқалында осыдан бір-екі жыл бұрын қорықшылар адамға оқ атып, олардың итін өлтірген оқиғалар да болған. Бірақ, бұдан таудағы аң көбейген жоқ. Қайта азайып барады. Егер біз осы жасанды көлдің өзіне бейберекет қарайтын болсақ, онда көлде жүзген үйрек пен дегелектен, шағала мен көктем сайын келетін сарыала қаздан айырыламыз. Осынау табиғаттың көркем көрінісіне бір сәт қана үнсіз қарап тұрғаныңыздың өзі, оның балығын аптықпай-асықпай аулағанның өзі жанымызды жадыратпай ма?! Ақындар айтқандай, аққуды атпайық, қайта адасқан аңды үйіріне қосайық. Суыққолды қаскер көрсек, қауымдасып жолын кесейік. Бір тал кессек, он тал егейік, ағайын!
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.