- Advertisement -

Батырға құрмет жалғаса береді

136

- Advertisement -

Мектептегі кезімде көбінде әкем, ауыл адамдары: «Қазақтан Ақәділдей Ұлы Отан соғысының батыры шыққан» десе, «неге ол кісі жайлы оқулықтарда ештеңе жазылмаған, мейрамда неге айтылмайды» деп ойлайтынмын. Аты аңыз болған Бауыржан Момышұлының өзі онша айтыла қоймайтын. Тіпті ол кісінің атында туған жері облыс орталығында да көше жоқ еді.
Қолымыз әрең жеткен қайран тәуелсіздік-ай! Сенің арқаңда жоғымызды тауып, өшкенімізді жаңғырттық! Осы егемендігіміз болмаса көп ерлеріміз елеусіз қалар еді-ау! Тәуелсіздік жылдарының басында солардың бірі – Ұлы Отан соғысының даңқты батыры Ақәділ Суханбаевқа екі бірдей ескерткіш тұрғызылды. Бірі – облыс орталығында, екіншісі туған ауданының орталық саябағында.
Алғашқы ескерткіш батырдың туғанына 80 жыл толған 2000 жылы қолға алынды. Бұл істің басы-қасында жүргендіктен, оның бәрі әлі есімде. Осы жылдың сәуір айында Ақәділ Суханбаевтың бабасы, қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы Қосы батыр атындағы қордың төрағасы Мырзабек Сапарәлиев, орынбасарлары болып кәсіпкер, облыстық мәслихаттың сол кездегі депутаты, жайсаң азамат Асқар Жүнісқадыров марқұм және осы жолдардың авторы сайландық. Жиында батырдың арамызда аман-сау жүрген құрдастары, соғыс ардагерлері, ағайын-туыстары ескерткіш тұрғызу жөнінде бастама көтеріліп отырғанын айтып, оған қор тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіні сөз болды. Болашақ ескерткіштің жобасын таңдау, мүсінші, сәулетшілерді табу, елден қаржы жинаудағы қыруар шараларды атқарудағы қор мүшелерінің міндеттері белгіленді.
«Ескерткішті қаланың қай жерінде орнатқан жөн?» деген тақырыпта облыстың бұқаралық ақпарат құралдарында пікір таластырылған жарияланымдар жарыса жазылды. Көпшілік пікірі ескерткішті Қонаев көшесі басталар тұстағы қалалық әскери комиссариат ғимараты алдындағы алаңға орнату жөніндегі ұсынысымыздың дұрыс екеніне көз жеткізді. Өйткені осы жерден ҚР Қарулы Күштері қатарына шақырылған әр жас ұлан батыр ерлігіне қанығып аттанатын болады.
Ұсыныс Тараз қалалық қала құрылысы кеңесінің отырысында талқыға түсіп, мақұлданды, тиісті шешім де шығарылды. Қор мүшелерінің таңдауы тараздық мүсінші Сейіткерім Момыштың жобасына түсті. Ол батырдың ерлік жасап тұрған сәтін дәл бейнелеген еді.
Басталған істі аяқтау, қиындықтар мен кедергілерді жеңу үшін көп жұмыс атқардық. Қаржы қосуда Мырзабек Сапарәлиев марқұм мен кәсіпкер Шамсат Исабековтің үлесі мол болды.
Ескерткіш құрылысы қолға алынып, жүріп жатқан кезде «Қосы батыр» қорының ұйымдастыруымен құрамына осы жолдардың авторы, облыстық ішкі істер басқармасының арнаулы бөлімшесінің командирі Бақыт Ратаев, журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы мен Байзақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қәдірбек Садубаев енген облыс делегациясы Ресей астанасы мен Балтық бойы елдеріне барып қайттық. Біз сапардан зор әсермен оралдық. Ақәділ ағамыздың ерлігі мен есімі Мәскеудегі ТМД елдері Қарулы Күштері музейінде, өзі азат етуге қатысқан Беларусь, Литва, Польшада ерекше қадірленіп келе жатқанын білдік. Оның аты Беларусь елінің Гродно қаласындағы көше мен кәсіптік-техникалық оқу орнында, әскери бөлімде сақталып отырғанын, Литваның шипажайы мол Друскининкай қаласындағы қабірі ерекше күтімде екенін көрдік.Сапардан оралғанда журналист «Батыры ортақ Балтық бойы елінде» деген мақала жариялады.
Батыр ескерткіші Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы мерекесі қарсаңында 2005 жылы сәуірде орнатылды.Оның ашылу салтанатына сол күндері облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев қатысты. Сөйлеген сөзінде небәрі 24 жасында ерлік жасаған халқымыздың батыр перзентінің ісі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің үлгісі деп жоғары баға берді.
Ал осы жылдың 31 шілдесінде жаңа тұрғызылған ескерткіш жанында алғаш рет оның ерлік жасаған күнін еске алу іс-шарасы өтті. Онда «Қосы батыр» қорының төрағасы Мырзабек Сапарәлиев, қоғам қайраткері, марқұм, жазушы-журналист Арғынбай Бекбосын, көп жылдар бойы ауылдағы А.Суханбаев атындағы орта мектептің директоры болған, зейнеткер ұстаз Сәкен Базарқұлов және басқалар сөз алған еді (Бұл ағаларымыздың бәрі бүгінде арамызда жоқ). Сол сәтте Ақәділ ағамыздың шайқасқан жерінде болып қайтқан облыс делегациясы Литваның Друскининкай қаласындағы батыр қабірінен Тараз қаласындағы тұрғызылған ескерткішіне арнап алып келген бір уыс топырақты салу рәсімі де өткізілді. Ескерткішке алғашқы болып гүл қою құрметі Ақәділ ағамыздың құрдастары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әшірбек Сәрсенбиев пен Мұқсым Шатеевке тиді. А.Суханбаев ауылдық округі аумағындағы «Қосы батыр» мешітінің имамы Жасұзақ Мәдібайұлы марқұм құран оқыды. Батыр ескерткішінің Тараз қаласында орналасуына ұйытқы болған «Қосы батыр» қорының атынан «Жай отындай жарқ еткен» (орысшасы – «Как вспыхнувшая молния») кітабы таратылды.
Осы жерде айта кететін бір жайт, өткен жылы Қарасу ауылындағы бір басқосуда өңірімізге белгілі меценат Талғат Жүнісқадыровқа батырдың майданға аттанғанда тұрған үйі сол қалпында сақталып қалғанын айттым. Сол елді мекендегі ағайындар Суханбаевтың құрметіне ол кісі тұрған үйді күні бүгінге дейін қаз-қалпында сақтауға көп әрекет жасап отырғанынан да хабардар болды. Сонда Талғат бауырымыз үйді көріп:
– Мынау – үлкен тарихи жәдігер, батырдың үйі ғой әрі сол кездегі ауыл адамдарының тұрмыс жағдайынан хабар беретін нақты экспонат болатын дүние екен. Мен осы үйді келешек ұрпақ үшін сақтау тұрғысынан, оны түгелдей дерлік қаптап қойсам қалай қарайсыз? – деп айтты.
Мен: «Әрине, өте дұрыс болар еді», – дедім.
Осылай Талғат Жүнісқадыров өз қаржысына Ақәділ Суханбаевтың Қарасу ауылындағы әскер қатарына шақырылар алдында өзі тұрған үйін күрделі жөндеуден өткізіп, сыртын әйнекпен қоршады.
Сол 2005 жылдан бастап жыл сайын 31 шілдеде, ерлік жасаған күнінде, Ақәділ Суханбаев ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысу дәстүрге айналды. Мен соның бәріне дерлік үзбей қатысып келемін. Биыл он бесінші рет өткізілетін бұл рәсімде батырдың мерейтойын лайықты атап өткізу жоспарда бар.
Биыл Ақәділ Суханбаевтың туғанына 100 жыл толуы Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен қатар келіп отыр. Бұл туралы баспасөзде жазылып та жатыр. Ерлігін ұлықтау бойынша аудан, облыс көлемінде атқарылар іс-шаралар белгіленген. Бұл іске «Қосы батыр» қоры да атсалысып жатыр.

Болат ҮСЕНБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің профессоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support