Саясат

БАНККЕ БАРМАЙ-АҚ ШОТ АШЫП, КАРТОЧКА АЛАСЫЗ

БАНККЕ БАРМАЙ-АҚ ШОТ АШЫП, КАРТОЧКА АЛАСЫЗ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында онлайн режімінде өткен брифинг барысында облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев елімізде төтенше жағдай жарияланып, облыста карантин енгізілуіне байланысты облыс әкімінің қаулысымен жедел штаб құрылып, оның жұмысын ұйымдастыру мақсатында әр бағыт бойынша 7 жедел топ жасақталғанын жеткізді. Аталған жедел топтардың бірі «Әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастары» тобының мүшелері төтенше жағдай кезіндегі еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау шаралары, оның ішінде табысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік көмек ретінде берілетін 42500 теңге төңірегінде түсіндіру шараларын жүргізген. Жедел топ мүшелерімен бүгінгі күні облыс аумағында төтенше жағдай кезінде жұмыс берушілермен қабылданып жатқан шаралар және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша тиісті жұмыстары атқарылып, талдау жасалынғанына да тоқталды. – Аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері ұсынған ақпараттар бойынша, төтенше жағдайға байланысты жұмыс берушілермен 2062 жұмыскер ақысыз еңбек демалыстарына жіберілген. Олардың міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңге алу мүмкіндігі бар.1413 жұмыскер ақылы еңбек демалыстарына жіберілсе, 2119 жұмыскер қашықтықтан жұмыс істеу режіміне өткен. Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес, олардың еңбекақысы толық сақталады. Сондай-ақ, толық емес жұмыс режіміне өткен 370 жұмыскер Еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес, жұмыс атқарған уақытына еңбекақы алады. Бос тұрып қалу уақытына байланысты демалысқа жіберілген 418 жұмыскерге Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес, жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде төлем жүргізіледі. Бұл – 42500 теңге, – деді Қ.Досаев. Одан әрі облыстық еңбек инспекциясының басшысы әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып, айтып берді. Брифингте банкке бармай-ақ қашықтықтан банкттік шот ашу және карточка алу мүмкіндіктері де кеңінен түсіндірілді Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төтенше жағдай кезеңінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында екінші деңгейдегі банктермен және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдармен төтенше жағдай режімі енгізілуге байланысты кірістерінен айырылған азаматтарға 42 500 теңге мөлшерде әлеуметтік көмек есептеуге және олардың алуын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізген. 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемақы алу үшін клиенттердің карточкалық шоттарын пайдалануға болатын көрінеді. Төтенше жағдай және карантин кезеңінде агенттік азаматтарға банктік қызмет көрсетудің қашықтан қол жеткізу арналарын пайдалануға кеңес береді. Қазіргі таңда шотты ашу және банктік карточканы алу үшін банктің немесе «Қазпочтаның» бөлімшелеріне жүгінудің қажеті жоқ. Банктердің бөлімшелеріне бармай-ақ, жылдам әрі тегін тапсырыс беруге болады. Ол үшін белгілі бір банктің клиенті болу шарт емес. Тіркелген және карточкалық шот ашқан сәттен бастап сіз клиент бола алады екенсіз. Бүгінде банк карточкаларына қашықтан тапсырыс беру және жеткізу бойынша қызметті бірнеше банктер ұсыныпты. Атап айтқанда: Kaspi Bank, Halyk Bank, Jysan Bank, Eurasian Bank, Altyn Bank, Банк Хоум Кредит, Сбербанк, Forte Bank, АТФ Банк, Банк Центркредит, Альфа-Банк, Bank RBK, Nurbank, сондай-ақ «Қазпочта» акционерлік қоғамы. Банктерде тіркеліп, карточка ашу жөніндегі нұсқаулықтарға сілтемелер берілген. Сілтемелер бойынша жүріп, әр банктің шарттарымен танысып қызмет түрін қашықтықтан алуға болады, туындаған сұрақтар бойынша банктің менеджеріне байланыс құралдары арқылы жүгінуге кеңес берілді. Қазіргі таңда банктермен азаматтарға қашықтан қызмет көрсету үшін барлық қажетті инфрақұрылымдар әзірленген, интернет желілері, мобильдік қосымшалар, байланыс орталықтары тұрақты жұмыс істейтін көрінеді.

Амангелді Әбіл