Әдебиет

Түркі тілді әдеби журналдар конгресінде

Түркі тілді әдеби журналдар конгресінде

Таяуда Татарстан астанасы Қазан қаласында «Евразия» Жазушылар одағының ұйымдастыруымен осындай үлкен әдеби форум өтті. Оған Түркия, Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан, Дағыстан, Қырым, жалпы саны 20-ға жуық елдердің әдеби журналдарының басшылары арнайы шақырылды. Солардың арасында еліміздің бас әдеби журналы «Жұлдыз», Атырау облысынан шығатын «Ақ жайық» және біздің облыстан жарық көріп, барлық өңірлерге таралып жатқан «Жамбыл» журналдарының бас редакторлары болды. Төрт күнге созылған Конгресте «Түрік әлемі: тарих және әдебиет» тақырыбы жан-жақты талқыланды. Түркі әлеміндегі тарих пен әдебиеттің өркениетпен өркендеу барысы туралы сөйлеушілер өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салып, құнды пікірлерімен бөлісті. «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутайұлынан Татарстан мемлекеттік теледидары мен ондағы орыс радиосы арнайы интервью алды. Ол көрсетіліп отырды. Форумға келген бас редакторлар Қазан қаласындағы Татарстан Республикасы Ғылым Академиясы, Ұлттық кітапхана мен Бас мұрағат басқармасында, Ақ мешітте, Қазандағы Кремльде болып, Татар Мемлекеттік Академиялық театрында спектакль көрді. Кама өзенін бойлап, оның Еділ өзенімен түйісетін жеріне және сонау дәуірлерде Иван Грозный мен моңғолдар шапқыншылығына ұшыраған Болгар тарихи орнына дейін барып қайтты. Бас редакторлар Татарстан Республикасы Кеңесі Председателінің қабылдауында болды. Түркі әлеміндегі таңдаулы әдеби шығармаларды өзара аудару мәселесі көтерілді. Несіпбек Дәутайұлының «Аты жоқ әңгіме» кітабы түрік тіліне аударылады. Бұған дейін олардың «Кардеш-Каламлер» әдеби журналында жазушының «Қызыл жалқын» әңгімесі «Түлкі» деген атпен түрік тілінде жарық көрген еді. Тараз қаласында жарық көріп жатқан «Жамбыл» журналының түркі әлемі әдебиетінің назарына ілінуі Жамбыл облысының абыройы болып есептеледі.

Шынар Сыпабекова.