COVID-19: Бізге вакцина керек пе, әлде дәрі керек пе?
COVID-19: Бізге вакцина керек пе, әлде дәрі керек пе?
Қазір қауіпті індетке байланысты ғалымдардың пікірі қақ жарылып тұр. Әрине пандемияның өршуі кезінде әлем ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табуға барын салуда. Өйткені вирустың тез таралуы, оның ауа райына төзімділігі ойлануға уақыт бермей отыр. Осыған байланысты еліміздегі Ұлттық биотехнологиялық орталық пен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бірлесе отырып COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина жасау ісіне кірісіп кеткені белгілі. Мұның алдында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеп шыққаны үшін Ұлттық биотехнология орталығы мен Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының ұжымдарын арнайы құттықтаған болатын. Әрине қазақстандық ғалымдардың бұл бағыттағы қажырлы еңбегіне, аз уақытта қол жеткізген жетістігіне тек сүйсіну қажет. Дегенмен де қазақстандық ғалымдардың арасында бұл қауіпті індетке қарсы вакцинадан гөрі препарат ойлап табу керек деген пікір жиі айтылып жүргені жасырын емес. Сонымен бізге ең алдымен не қажет? Коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табуымыз керек пе, жоқ, дәрі ойлап табуымыз керек пе? Жақында ғана ғылыми қауымдастық атынан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрынов нақты және айқын мақсаттарға жарияланған қаржыны тарта отырып, отандық антивирустық препараттарды жасау бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажеттігін айтты. Әлемдегі жағдайды әңгіме қылсақ, қазіргі уақытта түрлі елдердің 80-ге жуық компаниясы мен зерттеу ұйымдары COVID-19-ға қарсы вакцина жасауға тырысуда. Қазірдің өзінде олардың бесеуі адамға сынақ жүргізіп жатыр. Яғни Қытай адамдарға сынақ жасауды бастап кетті. Ал АҚШ вакцинаны келесі жылдың ортасында шығармақ. Ресей болса вакцинаға сынақ жасауды жаздың ортасында бастауға уәде беріп отыр. Дегенмен де, бірқатар мамандар вакцинаны жасап шығару жуық арада іске аса қоймайтынына сенімді. Еліміздегі Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Айдын Қыдырмановтың айтуына қарағанда, COVID-19 вакцинасының тез пайда болуына сенудің қажеті жоқ сияқты. Өйткені аталған екпені жасау және сынақтан өткізу ұзақ, күрделі және өте қымбат процесс. Әдетте оған кем дегенде 2-3 жыл қажет және жүздеген миллион доллар тұрады. Сонымен қатар көптеген себепке байланысты осы індетке қарсы тиімді вакцинаны жасаудың болашағы да бұлыңғыр. Вирустың мутацияға тез ұшырауы оған қарсы дайындалған вакцинаны қолданбай тұрып-ақ тиімділігін жоққа шығаруы мүмкін. Осы уақытқа дейін қорғаныс иммунитетін қамтамасыз ететін вакцинаны жасау мен оның вируспен күресуде зардапсыздығына қатысты анықталмаған мәселелер де көп. Соның бірі, адамның иммунотапшылығы вирусына (ВИЧ) қарсы вакцинаны жасауға 30 жылдан астам уақыттан бері қол жеткізе алмай отырмыз. Ал көп жағдайда бұл вирустар өзара ұқсас болып келеді. – Коронавирустардың иммуногенділігіндегі маңызды ерекшеліктерінің бірі – көпшілігінде антиденеге тәуелді күшею бар, – дейді бұл жөнінде Айдын Қыдырманов. – Басқа РНҚ-ды вирустар сияқты коронавирустардың да көбеюінде вирустың сыртқы белоктарының құрамын айтарлықтай өзгеріске соқтыратын көптеген қате түзілістер жүреді. Бұл іс жүзінде симптомсыз коронавирусы бар адамға вакцинация жасағанда, сол коронавирус белоктарының дұрыс танылмаған «вакциналық» көшірмесіне күрт күшейтілген ауыр зардапты иммундық қабыну реакциялық процестеріне әкелуі ықтимал. Вакцинадан кейінгі антиденелер концентрациясы вирусты бейтараптандыруға қажетті қауіпсіз деңгейге жетуге үлгермеуі мүмкін. Бұл жағдайда бірінші типті коронавирусқа қарсы иммунитеттің болуы коронавирустың екінші түрінің организмге енуін жеңілдетеді. Мәселен, COVID-19 (SARS-CoV2) вирусының алдында 2002-2003 жылдар аралығында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде болған SARS-CoV вирусына қарсы иммунитет антиденеге тәуелді күшейтуін көрсетті, яғни бұл SARS-CoV вакцинасын адамдарға қолдану қауіпті екенінің дәлелі. Осылайша вирустың мутацияға тез ұшырауы мен ұдайы өзгергіштігіне байланысты COVID-19-ға қарсы жасалатын болашақ вакцинаның тиімсіздігі туралы пікірталас тіптен, қыза түсуде. Өйткені әлемнің басқа түкпірінде табылған вирус генотиптері қысқа мерзім ішінде Уханьда алғаш пайда болған вирустан әлдеқайда өзгеше болып отыр. Вирустың мұндай жылдам эволюциясы вирустық белоктар құрылымының өзгеруімен қатар жүреді. Яғни алдында дайындалған вакциналық препараттар кейінгі эпидемиялық штамдарға қарсы дәрменсіз. Өзіңіз ойлаңызшы, коронавирусқа қарсы қауіпсіз әрі тиімді вакцина биыл күзді қойып, 2021 жылға дейін дайындалса да эпидемия толқындары жер шарының басым бөлігіне таралып болады. Сондықтан дәл қазір бұл індетті ауыздықтаудың карантинді қатаң сақтаудан басқа жолы жоқтығын көрсетеді. Яғни жаңа инфекцияны емдеуге арналған тиімді дәрі-дәрмектердің жоқтығы жауға қарсы қарусыз шайқасумен барабар деген сөз. – Сонымен қатар осы вирусқа қарсы вакцинаның сәтті шығуына әзірге сенім аз, жасалған күнде де вакцинаның мүлде жұмыс істемеуі әбден мүмкін, – дейді биология ғылымдарының докторы А.Қыдырманов. – Сондықтан барлық күш пен қаржыны вакцина әзірлеуге ғана жұмсамаған жөн, оның орнына бүкіл әлемдегідей дәрі-дәрмектер ізденісін де қатар жүргізген әлдеқайда ұтымды. Өйткені вирусқа қарсы қорғаныстың алдыңғы шебінде дәрілер тұрады. Қазіргі уақытта арнайы дәрілік препараттар жасау – бұл адам өмірін сақтауға бағытталған ең маңызды мәселе және оған мемлекет тарапынан қолдау керек. Қысқасы, COVID-19 таралуына қарсы ұтымды күресу мен ауру жұқтырған, әсіресе ауыр науқастарды тиімді емдеуде вирусқа шұғыл тосқауыл қоятын арнайы препараттар қажет. Өкінішке қарай мұндай препараттар әлі жоқ және қазіргі уақытта COVID-19-ды емдеуде қолданылатын дәрілер негізінен ағзаға жанама әсер етеді. Қазір бұл індеттен емдеуде дененің қызуын түсіретін, безгекке қарсы, ілеспе бактериялық инфекцияларға қарсы және тағы басқа антибиотиктер қолданылуда. Бұдан кейде оң нәтиже болмай да жатыр. Сондықтан бүкіл әлем коронавирустарды тежеуге қабілетті вирусқа қарсы жаңа препараттарды іздеуге белсенді түрде кірісіп кеткен. Енді осындай зерттеулерді Қазақстанда да жүргізу қажет. Бұл ретте елімізде тиісті база, вирусолог ғалымдар және осы салада жүргізілген жұмыстар жеткілікті. Мысалы, Алматы қаласындағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының вирусқа қарсы препараттарды әзірлеуде мол тәжірибесі бар. Бұл орталықта ұзақ уақыт бойы вирусқа қарсы белсенді өсімдік пен микроб тектес қосылыстарды іздеумен және олардың негізінде әртүрлі вирустарға қарсы тиімді жаңа антивирустық препараттар жасауға қатысты зерттеулер жүргізіліп келеді. Коронавирустарды қамтитын вирустың кең ауқымына қарсы тиімді бірқатар өсімдік тектес препараттар жасалып, патенттелген. Коронавирусқа қарсы тиімді жаңа препараттарды жасауға негіз бола алатын вирусқа қарсы және иммуностимуляциялық әсері бар жаңа табиғи қосылыстарды іздеу жұмыстары да жүргізілуде. Сондай-ақ Қарағанды қаласындағы «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі АҚ-мен бірлесіп вирусқа қарсы белсенділігі бар жаңа қосылыстарды табуда ізденістер жүргізілуде. Микробиология және вирусологияның ғылыми-өндірістік орталығы негізінде аталған препараттарды одан әрі зерттеудің келешегі зор. Осы тақылеттес зерттеулер еліміздегі өзге де ғылыми мекемелерде жүргізіледі. Бұл коронавирустық инфекциямен күресуде қоғамымыз зәру болып отырған тиімді отандық дәрі-дәрмектер таяу арада жасалып, оның өндіріске енгізілуіне деген сенімді күшейте түсетіні анық. Қалай айтсақ та, коронавирустық пандемияға байланысты шұғыл эпидемиялық және экономикалық жағдай құрсауында ғылыми және қаржылық ресурстарды инфекциямен күресте нақты нәтиже беретін маңызды зерттеулерге шоғырландыру қажет. Вирус денсаулық сақтау, бизнес және өнеркәсіп үшін үлкен қиындық туғызуда. Экономикалық жағдайына қарамастан, әлемдегі елдердің барлығы дерлік осы проблемаларға тап болып отыр. Осыған орай, елімізде уақтылы және тиімді шаралар қабылданды. Жасыратыны жоқ, вирустың өзіне қарағанда өлім туғызатын вирустық инфекциялар туралы ақпарат қорқыныш пен үрейді күшейтіп, тез таралуда. Яғни әлемнің әр тұрғыны жаңа COVID-19 коронавирусының пандемиялық таралуына қатты алаңдаулы. Алайда басқа вирустық инфекциялармен салыстырғанда, бұл вирустан өлім-жітім көрсеткіші жоғары болмаса да, тек денсаулығы осал топтағы адамдарды ғана емес, сонымен қатар еш ауруы жоқ жастарды да зақымдайды және аты бұрыннан белгілі дәрілермен емделуі де қиын. Сондықтан коронавирус түрлерінің кең ауқымына қарсы тиімді жаңа дәрілерді жасау кезек күттірмейтін мәселе.