Саясат

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өрелі істер керек

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өрелі істер керек

облыс әкімі білім нысандарының жағдайымен танысты Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар білім беру нысандарын аралады. Жұмыс сапары барысында өңір басшысымен бірге білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев та жүрді. Өңір басшысы алдымен «Білім-инновация» дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатына атбасын бұрып, ондағы оқу кабинеттерін, жатақхана, мәжіліс және спорт залдарының жағдайымен танысты. Мұнда бүгінде үш жүзге жуық оқушы білім алуда. Олардың білім көрсеткіштерінің деңгейі жоғары. Мектеп түлектерінің дені Қазақстанның жоғары оқу орындарында және шетелде грант бойынша білім алуда. – Лицейде оқыту ісі тиісті деңгейге қойылғаны белгілі. Мұндай оқу орындарын біз кеңейтіп, оқушылар контингентін арттырып, балалардың санын 400-ге жеткізуіміз керек. Лицейдің Назарбаев зияткерлік мектебінің баламасы болуға әлеуеті жетеді. Ол үшін бәсекеге қабілетті болу, материалдық-техникалық базаны жасақтап, оқу процесін жетілдіру қажет, – деді Бердібек Сапарбаев лицей директоры Нұрбақыт Болтаевқа. Бұдан соң аймақ басшысы Тараз қаласындағы №2 орта мектептің жай-күйімен танысты. Оқу ордасының негізгі ғимараты 1924 жылы бой көтеріпті. Бүгінде оның әбден тозығы жеткен. Бердібек Сапарбаев қала әкіміне жаңа мектеп ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды уақыт созбай әзірлеуді тапсырды. – Құрылысты тез арада бастап, осы жылы аяқтау керек. Дизайн мен қала құрылысының заманауи талаптарына сай келетін мектеп салу керек. Құрылыс кезінде іргелес аумақтағы барлық ағаштарды сақтап қалу маңызды, – деді облыс әкімі. Мектеп директоры Светлана Гурскаямен әңгіме барысында облыс әкімі мектеп түлектерімен жақсы байланыс орнату, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде ата-аналар комитетінің рөлін күшейту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатыроваға да бірқатар тапсырма берді. Бүгінде оқушылар қашықтықтан білім алып жатқандықтан, облыс мектептерінде жөндеу жұмыстарын қазірден бастай беруге мүмкіндік барын айтты. Бұдан кейін өңір басшысы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектепте болды. Мектеп директоры Зәуре Тұзақова оқу кабинеттерімен таныстырып, білім ордасының қызметі туралы айтып берді. Қазіргі таңда мұнда жетінші сыныптан бастап оқитын 490 бала білім алуда. Негізінен олардың көбі Тараз қаласының тұрғындары. Өңір басшысы мектеп директорына облыс аудандарының да оқушыларын қабылдауға баса мән беру керектігін ескертті. Ал оқу үрдісінде уақыт талабына сай техникалық мамандандыруға айрықша назар аударудың маңыздылығын жеткізді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.