Саясат

Туған жерге тағзым

Туған жерге тағзым

Өткен жұмада Шу ауданына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы, қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы Махмұт Қасымбеков жұмыс сапарымен келді. Махмұт Базарқұлұлын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастап жүрді. 

Махмұт Қасымбеков алдымен, Шу қаласында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепке атбасын бұрды. Мұның өзіндік себебі де бар. Саясаткер ғалым – осы білім ордасының түлегі. Сондықтан, туған жерге жолы түскен сайын алтын ұя мектебіне бұрылмай кетпейді. Мектепте аудан туралы деректі құжаттар мен көптеген тарихи маңызы бар фотосуреттерден көрме жасалған. Махмұт Базарқұлұлы көрмемен танысқан соң мектептің мәжіліс залында жерлестерімен, ұстаздар қауымымен кездесті. Туған жерге деген ыстық ықыласын толғана жеткізген қоғам қайраткері мектеп директоры Т.Мұсаеваға су жаңа «Газель» автокөлігінің кілтін тапсырды. Ұлт Көшбасшысы, еліміздің Тұңғыш Президенті жайлы бірқатар құнды дүниелер жазып, жарыққа шығарған автор өз кітабына жеке қолтаңбасын жазып, мектептің үздік 15 оқушысына тарту етті. Сонымен қатар, мектепке инновациялық оқу жабдықтарын, яғни, аудио-бейне стенділер мен әрқайсысында 28 кітап жазылған 5 планшет сыйлады. Өсіп-өнген өлкесін естен шығармай, білім алған алтын ұясының келешегіне көңіл бөліп, жас ұрпақтың ертеңін ойлаған азаматқа облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы алғыс білдіріп, елін-жерін сүйетін осындай патриоттардың қатары арта беруін тіледі. Жас жеткіншектер М. Қасымбековтің еңбек жолы мен шығармашылығына қатысты сауалдар қойып, риясыз әңгімеге қанықты. Баға жетпес сыйлыққа ие болған мектеп мұғалімдері мен оқушылар да дән риза. Автор бұл жолы мектеп кітапханасына 332 кітап топтамасын, аудан әкімдігінің білім бөліміне – 560, аудандық кітапханаға 163 кітап тарту етті. Елбасының өмір жолына, еңбек жолына арналған шығармашылық еңбектерді облыстық білім басқармасынан да, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан да, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кітапханасынан да таба аласыз. Автор топтамаларын аталған мекемелерге де сыйлады. Жалпы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы «Наш Президент», «Времена и думы», «Жылдар мен ойлар», «Еркін елдің ертеңі» атты кітаптардың 1855 данасын алып келген екен.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.