Саясат

ШЫҰ мүше елдердің Жоғарғы сот төрағалары Бірлескен мәлімдеме қабылдады

ШЫҰ мүше елдердің Жоғарғы сот төрағалары Бірлескен мәлімдеме қабылдады

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттері Жоғарғы соттары төрағаларының Қазақстанның төрағалық етуімен тоғызыншы кеңесі болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми, Қытай Халық Республикасының Жоғарғы Халықтық сотының төрағасы Чжоу Цян, Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының төрайымы Ф.З. Джамашева, Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының төрағасы В.М.Лебедев, Тәжікстан Републикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Н.Абдуллозода, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Ш.А. Газиев қатысты. ШЫҰ мүше мемлекеттерінің Жоғарғы соттары төрағаларының кезекті тоғызыншы кеңесі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Сындарлы және достық ахуалда өткен Кеңес барысында оған қатысушылар тауарлардың кедендік құнын айқындау, некені бұзу ісі бойынша сот тәжірибесі, алиментті өндіру, бала асырап алу, осы санаттағы істер бойынша қабылданған сот шешімдерін өзара мойындау және орындау жөніндегі тақырыптар бойынша пікір алмасты. Соттар қызметін жетілдіру және оны бағалау, сотты басқарудың теңгерімді жүйесін құрудың, судьяларға үміткерлерді іріктеу және тағайындау, сот төрелігінің ашықтығы, сот өндірісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолданудың өзекті мәселелері қаралды.

«Ақ жол-Ақпарат».