Қоғам

Мал ұрлығы – ауыр қылмыс

Мал ұрлығы – ауыр қылмыс

Мемлекет басшысы өткен жылдың соңында бірнеше заңға қол қойды. Атап айтсақ, әлеуметтік сақтандыру, атаулы әлеуметтік көмек, педагог мәртебесі, мал ұрлағандар мен мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты. Соның ішінде, бұдан былай мал ұрлығы ауыр қылмыс санатына қосылды. Заңда ол қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай барымташыларды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.Осыған сәйкес, Орталық коммуникациялар қызметінің республикалық баспасөз мәслихатында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бұл заңға енген өзгерістер бойынша былай деп түсініктеме беріпті. Онда: «Әлемдік практикада көптеген елдер қоғам мен экономика үшін маңызды нысандарға қол сұғу қылмысына арнайы баптар арнаған. Ол баптар неғұрлым қатаң жазаларды көздейді. Германияда электр тасымалдау тапшылығы мен қымбаттығына байланысты электр қуатын ұрлағаны үшін жеке жауапкершілік қарастырылған. Қытайда тарихи жәдігерлерді ұрлау мен сыртқа шығару қатаң жазаланады. Ал ет өндірісі маңызды сала болып саналатын Аргентинада мал ұрлығына жеке әрі ауыр жаза қаралған. Біздің халқымыз үшін де төрт түліктің орны ерекше. Амандасқанда да «мал-жан аман ба?» деп хал сұрасамыз. Себебі, ел малмен күн көреді. Ауыл халқы әлі де малмен жан бағып отыр», – деп бұл қадам мал ұрлығының кәсіпке айналуынан туындап отырғанын жеткізген. 

Бүгінде еліміздегі халықтың 42 проценті, ал өңірімізде 63 проценті ауылды жерде тұрады. Олардың көпшілігінің негізгі табыс көзі – қорасындағы малы. Сол себепті, егер қора-жайға, фермаға ұрлыққа түсіп, үлкен мөлшерде шығын әкелсе, ұрылар топтасып жасаса, бұл ауыр қылмыс санатына өтеді. Заңға енген өзгерістерге сәйкес мұндай жағдайда екі жақтың ымыраға келуі арқылы да қылмыстық іс тоқтатылмайтын болды. Қалай айтсақ та мал ұрлығы ауылды жерде әлі күнге өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Газетіміздің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №155 нөмірінде «Ұрылар қашанғы тайраңдай береді?» деген мақалада Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында орын алған мал ұрлығы туралы мәселені көтерген болатынбыз. Бұл округте ұрылар қараңғы болса қораға түсіп, айналдырған он күнде шаруалардың бордақылап отырған 12 бас жылқы мен бұқасын үптеп кеткені айтылған. Оның барлығы да қорадан ұрланған еді. Ұрылардың басынғаны соншалық кеш түсе бір үйдің шаруасына жарап тұрған жылқысын мініп кетіп бара жатқан жерінен егесі көріп қалып, соңына қуғыншы түседі. «Салт атты» жеткізбей, көрші ауылға кірген де көзден ғайып болған. Дегенмен көпке ұзамай ұрылар ұсталады. Оларды жергілікті полиция қызметкерлері қоя бергенде ауыл халқы «заңның әлі келмесе ұрыларды өзіміз жазалаймыз» деп өре түре келген. Содан кейін күдіктілер қамауға қайта алынып, ұрлығын мойындап, екі-үш адамның ғана мал шығынын өтеп берген. Сөйтіп оның бірі – 1, екіншісі 2 жылға шартты түрде сотталған болатын. Үкім шыққаннан кейін ол екеуі де ауылдан басқа жаққа көшіп кетіпті. «Мал ашуы – жан ашуы» дегендей осы істің басы-қасында болып, ауыл азаматтарына қолдау көрсетіп, ұрылардың жазадан құтылып кетпеуін назарда ұстаған аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаевпен хабарласып, сөзге тартқан едік. – Сол оқиғадан кейін ауылда мал ұрлығы сап тыйылды. Бір жылдан асты, ауылда мал тұрмақ тауық ұрланған жоқ. Оған ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы әсер еткендей. Егер де сол кезде жергілікті полиция оларды қайта қамамағанда қатты ашынған ауыл тұрғындары ол баукеспелерді ұстап алып, халықтың ұрыларға ежелден жасаған тәсілімен жазаламақ болған еді. Осымен де ауыл жұрты ұрыларды ықтырып, бұдан былай оларға аяушылық танытпайтынын іс-әрекетімен ескертті. Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мал ұрлығына қатысты заңды қатайтқанын құптаймын. Оны дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды деп есептеймін. Бұдан бұлай ұрыға, әсіресе елдің қорасына түсіп, жайылымынан айдап кеткен маңдай терімен тапқан малын ұрлағандарға аяушылық болмауы керек. Ендігі жерде, ұры заңнан ғана емес, ауыл халқының қаһарынан қорқуы керек. Мал ұрлығы болған ауылдың да учаскелік полиция инспекторын жауапкершілікке тарту керек сияқты. Өйткені ол ондағы барлық адамды таниды, кімнің ұрлық жасауға бейім екенін біледі. Өмірлік тәжірибенің өзі қай ауылдың заң қызметкері жұмыс істемейді сол ауылда мал ұрлығының көп болатындығын көрсетіп отыр. Қалай десек те таяқтың екі ұшы бар. Бір ғана айтарым, ауылдық округтердегі құқық қорғау қызмет-керлерінің қырағылығын арттырса, ұрлық та тыйылады, – деді ол. Бәрімізге белгілі, бұған дейін ұрланған малдың орнына басқа мал әкеліп, екі жақтың келісімі арқылы ұрылар жазадан құтылып кетіп отырған. Сонымен тыйылған ұры жоқ. Құрықталмаған соң ескі әдетіне қайта басары анық. Қазір ешкім малды қарыны ашқандықтан, ішерге ас таппай ұрламайды. Мұның астарында сыбайластық жатыр. Бұл қылмыстың қылмыстық кәсіпшілікке ұштасып кеткендігін көрсетеді. Бұлай деуге негіз де жоқ емес. Атап айтсақ, біреуі ұрлайды, біреуі сатады, енді бірі жалған құжаттар жасайды, тасымалдайды. Олардың бұл ісіне көз жұма қарап, табыс тауып келген шенеуніктер де бар. Көп жағдайда мал ұрлатқан жұрттың аузынан «бұл іске полиция өкілдерінің де қатысы бар» деген өкпе-назды жиі естіп жатамыз. Аудандардың ішінде таластықтардың полиция қызметкерлеріне деген өкпесі қара қазандай. Оны 2018 жылдың желтоқсан айында облыстық қоғамдық кеңестің өткізген жиналысында көрдік. Онда баяндама жасаған жергілікті полиция мен аудандық мәслихат аппараты мәліметтері арасында үлкен алшақтық бар. Сол жиында онда мал ұрлығына қатысты қылмыстың ашылуы көңіл көншітпейтіндігін, соңғы төрт-бес жылда аудан тұрғындарының 267 жылқысы мен мүйізді ірі қарасының қолды болғанын естіп, жағамызды ұстадық. Қаншама ауыл ақсақалдарының пікірі тыңдалды. Бірақ «Сіздікі дұрыс емес. Жалған сөйлеп тұрсыз. Осы сөзіңіз үшін жауап бересіз» деп орнынан тұрып, жауап берген полиция өкілі болмады. (Ол туралы жазылған мақаланы «Aq jol» газетінің 2018 жылдың 22 желтоқсандағы №153 санынан оқи аласыз) Әр қария ішкі ашуын ашына жеткізген сайын соңғы жақта отырған құқық қорғау өкілдері бірін-бірі түртіп, күліп отырды. Осыдан-ақ олардың алдына ол қариялардың бір ғана барып қоймағанын аңғару қиын емес. Онда тәртіптің де, ақсақалға деген құрметтің де жоғын көзбен көріп, көңілге түйіп қайттық. Сол кезде аудандық мәслихат аппаратының басшысы, ауданның Құрметті азаматы Сабырғали Рысбаев полиция жұмысын қатты сынап, кемшілігін беттеріне басты. Осыдан кейін сең қозғалған шығар деп жақында ол кісіге қайта хабарласып, өткен жиыннан кейін не қорытынды шықты деп сұрақ қойдым. – Ештеңе өзгерген жоқ. Баяғы жартас сол жартас. Жоғалтқан малым әлі күнге табылған жоқ. Жайылымда жоғалды дегенді айтпағанда есік алдында тұсаулы жүрген сауын сиырларды бұзауымен қолды еткенде де жайылымнан жоғалды деп жазып жіберіпті. Егер ол жер менің меншігім болса, ол жайылымды мен 49 жылға жалға алған болсам, мал менің жайылымымнан ұрланған, тіпті ұрлаған күдіктіні тауып берсем де қамамайды. Өзім ағайындарыммен бірге жалпы 38 бас мал жоғалттым. Тергеу амалдары бұрмаланып, аталған ұрлықтарға қатысы бар деген күдіктіден де, малшыдан да түсінік алынған жоқ. Біз мал ұрлығы мәселесін аудандық мәслихат отырысында да қарағанбыз, бұл іс бойынша бізде қылмыс 200 процентке өскен. Ал жергілікті полиция оны жылы жауып қойып, бүгін мал ұрлығының ашылуын жоғары процентпен көтеріп көрсетуде. Бүгінгі күні халықтың негізгі күн көрісі – мал. Біреудің – 20 бас, енді бірінің 35 бас жылқысын ұрылар айдап кетіп отыр. Шаруа адам «бір малым екеу, екі малым төртеу» болса дейді. Ал оны үйінің қасына арқандап қойған жерінен ұры үптеп кетеді. Полиция шақырса, олар өрістен ұрланды деп жаздырып алады. Ол арыз тіркелмей қала береді. Елдің бәрі заңгер емес қой. Ұрыны да өзіміз ұстап берсек қана соттайды. Соттағанмен не пайда, 5 жылға кесілген ұры бір-екі жылдан кейін босап келеді де, қайта әдетіне басады. Ұрыны ұстаған сәтте араға делдалдар түседі. Ол делдал кім дейсіз ғой? Өздері. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Сонда біз кімге сенеміз? Дейтұрғанмен соңғы жылы мал ұрлығын жасыруға тырысқандардың іс-әрекеті әшкере болып қызметтен қуылғандары бар. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлығына қатысты заңға өзгеріс енгізіп, қатайтқаны дұрыс болды. Енді өзгеріс болатын шығар. Бұрын ұрылармен сыбайласып келгендер де аяқтарын тартады деп ойлаймын. Мен екі қолымды көтере Президентті қолдаймын. Өйткені мен әділдіктің түбіне жете алмай келемін. Енді полиция қызметкерлері жұмыс істейтін шығар, – деді ол. Қаратау қаласының ардагері Мақсұтбек Сатымбеков «Алдыңғы жылы ауданда өткен Қоғамдық кеңестің отырысында мал ұрлығына қатысты мәселені жан-жақты талқылап едік. Сонда біздер, Талас ауданының ақсақалдары заңды қайта қарап, мал ұрлығына қатысты ұрлықты ауыр қылмыс санатына жатқызу туралы мәселе көтерген едік. Біздің сөзіміз Үкіметке жетпесе де, Президентіміз елдің жағдайынан хабардар болып шықты. Біз күткен заңға қол қойып, мал ұрлығына қатысты жазаны қатаңдатқаны қуантып отыр. Енді ол құр қағаз күйінде қалып қоймай, билік тарапынан бақылауға алынса», – деді ақсақал. Жалпы, қазақтың түсінігінде «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген ұстаным бар. Кешірім сұрап келіп, шығынын өтеп берсе «ағайын ғой», «көрші еді», «түгеншенің баласы» немесе «аталас екенбіз» деп ұрыны ара ағайындықпен жібере салатын оқиғалар да аз емес ел ішінде. Ендігі жерде құдаңды салсаң да, құнаныңды салсаң да, шен шекпенді ара ағайыныңды арқалансаң да, мал ұрлап қолға түскенге ақтау жоқ. Ал мал ұрлығын бірнеше рет қоражайға кіру арқылы жасаса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мал ұрлығы қылмыстық топ арқылы және аса ірі көлемде жасалса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаралған заңда. Сондай-ақ мал ұрлығы шекаралас жатқан елдер арасында да орын алып жататындығы белгілі. Қырғыз Республикасымен көрші қонған Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандарында шекарадан ары-бері барымташылық жолмен мал асыру оқиғалары оқта-текте қылаң беріп қалып жатады. Барымташылардың шекарадан заңсыз мал айдап өту кезінде қолға түскендері де, малын тастай қашқан жағдайлары да бар. Бір өкініштісі, шекарадан контрабандалық жолмен өткізілген малдың егесі анықталмаса, оның көзі жойылады. Яғни шекара тәртібіне және эпизоотиялық жағдайға байланысты ол мал қауіпті ауру таратуы мүмкін. Ал одан қан алып, оны тексеруге екі айға жуық уақыт керек. Бұл уақытты күтпестен ол мал жойылып кетеді. Осындайда әттеген-ай дейсің. Сонымен бірге шекарадан заңсыз мал айдап өткендердің оққа ұшқаны жоқ емес. Жуалыда бүркеншік аты «Алёша» деген барымташы осындай іспен айналысып жүріп, полициямен болған атыста оқ тиіп қаза болды. Қателеспесем алдыңғы жылы Меркі ауданында осындай жағдайда шекарашылардан қашамын деп бір жігіт оққа ұшып, бірі жараланған еді. Мал ұрлығына байланысты Мемлекет басшысымен қабылданған заң жұмыс істейді деген үміттеміз. Ауыл халқы да ұрылардың қатаң жазаланғанын қалайды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ