Саясат

Қашықтықтан оқыту – 45 минуттық сабақтан бөлек

Қашықтықтан оқыту – 45 минуттық сабақтан бөлек

Қазіргі таңда мектеп әкімшілігі, әдістемелік бірлестік жетекшілері, ұстаздар өздері қашықтықтан оқытуға ауысу бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Ең маңыздысы – осы мәселені дұрыс түсіну. Қашықтық сабақ – әдеттегідей қырық минут көлеміндегі сабақ емес. Қашықтық сабақтың әдіс-тәсілдері, қағидалары да басқа. Осындай сын сағатта ұстаздарды күштеп жұмысқа тартып, онлайн сабақтар жазуға мәжбүрлеп отыр деген орынсыз сұрақтар да туындамауы тиіс. Қазіргі жағдайда бұл мұғалімнің өзіне керек нәрсе, бұл мұғалім жұмысының жаңа шарты. Ең бастысы, оқушылар мұғалімнен қызықты, тартымды сабақ күтеді. Білім және Ғылым министрлігі мектептерде қашықтықтан оқытуды «Күнделік», «Daryn.online» жүйесімен жүргізуді ұсынып отыр. Облыста «Күнделік» жүйесіне 442 мектептің мұғалімдері 100 процент, оқушылары – 96, ата-аналары 95 процент тіркелген. Аталған порталда «Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру» бөлімі ашылып, бірқатар пайдалы ақпараттармен толықтырылған. «Күнделіктің» қашықтықтан оқыту модулінде «Bilimland» порталының цифрлық ресурстарының сілтемелерін қою мүмкіндігі де қарастырылған. «BilimLand» порталында 40 000-нан аса сабақ жарияланған. Оның 2735-і жаңартылған бағдарлама бойынша. Бұдан бөлек, оқушылар сабақ барысында бірқатар білім беру платформаларын пайдалана алады. Мысалы, «iTest» – ҰБТ және қорытынды аттестаттау тапсыруға арналған 70 000 аса тест сұрақтары орнатылған білім беру ресурсы. Ал «iMektep» – 7 пән бойынша 170-тен аса анимациалық сабақ жарияланған виртуалды кешен. «Twig-Bilim» – 1500 аса танымдық қысқа фильмдерден тұратын білім беру платформасы. Сонымен қатар «Daryn.online» жүйесінде 15-ші сәуірден бастап 1-11-сыныптарға арналған 1092 видео сабақ пен 10108 тест сұрақтары қолжетімді болады. Сондықтан ата-аналар бұл мәселеге түсіністікпен қарап, балаға жаңа форматта оқу материалын игеруге көмек беріп, мұғалім мен оқушы арасында оң байланыс орнатуға ықпал етулері қажет. Қазіргі таңда облыста білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып оқуға көшуді ұйымдастыру мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Облыс мектептерінде қашықтықтан оқыту форматына көшу бойынша дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Ұстаздар мен ата-аналарға министрлік тарапынан әзірленген тиісті ұсынымдар, онлайн, теле-курстар, вебинарлар таратылуда. Ал облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкен болатын. Қашықтықтан оқыту zhambyltipo.kz, dhmc.zhambyl.kz сайттары арқылы жүзеге асырылады. Жатақханада орналасқан студенттер үйлеріне қайтарылып, 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студент жасөспірімдер үйіне орналастырылды.

Жамиля Бекбатырова, облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.