Экономика

Мемлекеттік сатып алу майшелпек емес

Мемлекеттік сатып алу майшелпек емес

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қазақстан Республикасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» талқыланды. Отырысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Равиль Төлебаев пен бірқатар басқарма басшылары қатысты. Тараз қаласы мен аудандардың басшылық өкілдері жиын барысын онлайн режімде тыңдады. Бекболат Орынбеков алдымен күн тәртібінде қаралатын мәселеге тоқталды. Аталмыш бағытта атқарылып жатқан істер, жемқорлықпен күрес төңірегіндегі жағдайды да мәлімдеді. Оның айтуынша, әкімдіктер жанынан ақпараттық үгіт-насихат тобын құру, білім ордаларында ақша жинау мәселелері бойынша сауалнама жүргізу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру секілді тапсырмалар орындалмаған немесе сапасыз орындалған. Келесі кезекте күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасаған Равиль Төлебаев жоғарыда айтылған жоспардың орындалуына жүргізілген талдау нәтижелерін жария етті. – Жоспарда 48 тармақ қарастырылған. Оның ішінде сайт парақшаларын ашу, мемлекеттік қызметшілердің уақтылы декларация тапсыруы, жоғары тұрған органдарға бизнес процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізу, әлеуметтік тапсырыстар орналастыру, кездесулер жүргізу және тағы сол сияқты ұйымдастырушылық бағытындағы шаралар көзделген. Жүргізілген талдау қорытындысында жоспардың бірқатар тармақтары тиісті деңгейде жүргізілмегендігі белгілі болды, – деген баяндамашы жоспардың 9 тармағының орындалуы бойынша кеткен кемшіліктерге жеке-жеке тоқталды. Онда бірқатар аудандар мен басқармалардың жұмысына сын айтылып, басшыларына ескертпелер жасалды. Сондай-ақ ол қызметке орналасу кезіндегі шектеулердің сақталуына департамент жүргізген талдау қорытындысымен облысымыздың 11 квазимемлекеттік мекеме басшылары бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кінәлі болып танылғаны анықталғанын жеткізді. Ал мемлекеттік сатып алу кезіндегі жасаған заң бұзушылықтар саны мен түрлері және оның жиілігін талдау барысында облысымызда Шу, Т.Рысқұлов, Қордай аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, білім бөлімдері, Тараз қаласы құрылыс бөлімдерінің ең көп заң бұзушылық жасағаны белгілі болған. Тіпті бір жылдың ішінде қызметкерге салынған айыппұлдың сомасы 10 миллион теңгеден асып кеткен жағдайлар да кездескен. – Қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағанына тікелей басшысының жауапкершілігі институтының енгізілуі осы мәселеге басқаша көзқараспен қарауға әкеледі деп есептеймін. 2019 жылдың желтоқсан айында еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес басшылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүргізбегені үшін жауапкершілік енгізілгенін тағы ескерткім келеді, – дей келе, департамент басшысының орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалуын тиімді жүргізу үшін және Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында бірқатар ұсыныстарын берді. Отырыс соңында сөз алған Бекболат Орынбеков жиынға қатысқан басқарма басшыларынан кеткен кемшіліктер мен орындалмаған тапсырмалар жөнінде жауап алды. 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының кейбір тармақтарының орындалмағанын бүкіл әлемдегі пандемияға қатысты елімізде енгізілген төтенше жағдаймен байланыстырғысы келген басқарма басшыларының жауабы Бекболат Серікбекұлын қанағаттандырмады. Ол әсіресе қысылтаяң шақта босаңсуға болмайтынын айтып, Агенттік стратегиясының талаптары кемшіліксіз орындалу керектігін ескертіп, нақты тапсырмалар берді.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА