Саясат

Бар күш-жігерімізді саламыз

Бар күш-жігерімізді саламыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесінде бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, халық үшін қажет шешімдерді қабылдады. «Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық», – деді Мемлекет басшысы. Жаһанды жайлаған індетпен күресуге облыста жалпы 770 медицина қызметкері дайындықтан өтті. Бүгінгі күні карантинге жатқызылған азаматтармен жұмыс істеу үшін 134 медициналық қызметкер жұмылдырылды. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста коронавирустық инфекциясының алдын алу және емдеу мақсатында жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің айлықтарына көтерме ақы төлеу қарастырылуда. Президент төтенше жағдай режімінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болатынын еске салды. «Біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды», – деді. Осы орайда инфекциялық стационардағы әрбір қызметкерге 850 000 мың теңге, провизорлық стационарда 425 000 теңге және карантиндік стационарда 212 500 теңге нақты жұмыс атқарған уақытына төленбекші. Төлем міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жүргізіледі деп отыр. Әрине, жалақының жоғарылауы кез келген жұмысшының еңбекке деген құлшынысын арттыра түсетінін жақсы білеміз. Еліміздегі медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру олардың еңбегін бағалау, алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау секілді маңызды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала беретіндігі де тұрғындардың денсаулығына деген қамқорлық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының мәлімдемесі барлығымызға күш берді. Біз өз тарапымыздан осынау пандемия кезеңінде жауапкершілік пен біліктілігімізге сүйене отырып, халқымызды аман алып қалуға бар күш-жігерімізді саламыз. Жұмабай ЖАЙПАНОВ, қалалық көпбейінді ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі.

Тараз қаласы.