ОЛАР ҰЛТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ
ОЛАР ҰЛТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ
Биыл еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін органның бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 23 жыл. Бұл мемлекет тарихындағы елеулі де, маңызды кезең. ҰҚК органдарының құрылу бастамасы, яғни, қазақстандық арнаулы қызметтердің барлау мен қарсы барлау жұмыстары, кадрлар саясатының жаңа концепцияларын енгізу мен оны тиімді іске асыру кезеңі біз сияқты ардагерлердің әлі күнге дейін жадында. Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардан-ақ, күшті империяның бодандығынан босаған жас мемлекет өз қауіпсіздігін ұйымдастыру сияқты жұмыстарды дұрыс жолға қоя білді. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттерді орындаудың бірден-бір жолы – қызметкерлер арасындағы адалдық пен кіршіксіз сенімділікті қалыптастыру. Бұл міндет те ойдағыдай орындалып келеді. Соған орай қызметкерлеріміздің сіңірген еңбегі де елеусіз қалған емес. Отан алдындағы қалтқысыз қызметтері мемлекет пен Үкімет тарапынан лайықты бағасын алуда. Кадрлардың ауысуы, ұрпақтардың алмасуы заңды құбылыс. Қазіргі облыстық ҰҚК-нің департамент басшылары парасатты, өткен тарихын қастерлейтін, ұлттық қауіпсіздік жұмысын жетік меңгерген білікті, білімді азаматтар. Олай дейтінім, Отанына адал қызмет еткен аға буын ардагерлерді, олардың өнегелі істерін ұмытпай араға уақыт салып кездесу ұйымдастырып, қызметтегі жаңалықтарымен таныстырып, елдің қауіпсіздігіне байланысты ой-пікірлерімен бөлісуді естен шығарған емес. Мұндай кездесулер өте пайдалы. Біріншіден ардагерлерді ынталандырса, екіншіден, жас қызметкерлерді Отанына адал қызмет етуге баулып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді. Біз де зейнеткерлікке шыққанға дейін, еліміздің қауіпсіздігін қорғауда шамамыз келгенше аянбай еңбек еттік. Тәуелсіздіктің басты атрибуты – шекара. Тәуелсіз мемлекетіміздің мыңдаған шақырым шекарасы көршілес мемлекеттермен шектеледі. Шекара – қасиетті де киелі ұғым. Мемлекеттік шекараны заңсыз бұзуға болмайтынын әрбір елдің азаматы білуге міндетті. Өкінішке қарай, ел болған соң, қасақана шекара бұзушылар да кездесіп тұрады. Биыл наурыз айында Қордай шекара заставасының №67 шекара белгісінің түбінде 8 адам шекарамызды заңсыз бұзып, Шу өзені арқылы бір тоннаға жуық тауарды қайыққа тиеп Қырғызстан аумағынан өтпек болған кезде құрықталды. Тергеу барысында олардың Қырғыз Республикасының азаматтарынан құралған ұйымдасқан топ екені анықталды. Олар күнделікті тұтынатын тауарларды заңсыз өткізіп пайда тауып келген. Соттың үкімімен олардың әрқайсысы екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ал олардың орнында жат пиғылды экстремистер болуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан шекара бұзушыларға аса жауапкершілікпен қарап, оларды құрықтау тек қана шекара, ҰҚО қызметкерлерінің міндеті ғана деп түсінбей ел болып күресуіміз керек. Мемлекеттік шекара барлығымызға ортақ. Еліміздің тыныштығы мен халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтің жемісті болуы – Отанға, қызметтік борышқа шын берілгендіктің жарқын белгісі. Әрқашан да мемлекетіміз бен ұлтымыздың қауіпсіздігін ұйымдастыруда өткенді талдап, алдағы жұмыстарды жоспарлап отыру, келешекте сала қызметкерлерін жетістікке жетелері сөзсіз.
Тілектес Ерімпашев, ҰҚК-нің құрметті ардагері, запастағы полковник.