Құқық

МҮГЕДЕКТЕР МӘСЕЛЕСІНЕ МАРҒАУ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

МҮГЕДЕКТЕР МӘСЕЛЕСІНЕ МАРҒАУ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Облыс прокуратурасы жұмыс жоспарына сәйкес, мүгедектердің заңда белгіленген құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін тексерді. Оның қорытындысы облыстық прокуратурада өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде қаралды. Оған облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат және бірқатар басқарма, аудан, қала басшылары қатысты. Аталған тексеру нәтижесі туралы баяндаған облыс прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы Бекзат Сейілханов мемлекет тарапынан халықтың қауқарсыз тобын қолдап, мүдделерін қорғау мақсатында қолайлы жағдайлар жасалып жатса да, кейбір жауапты тұлғалардың бұл мәселеге немқұрайлы қарап отырғандығын сынға алды. Мәселен, мүгедектерді оңалту бағдарламасына қатысты олардың құқықтары өрескел бұзылуда. Облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті өткен жылы 12 615 мүгедекті медициналық оңалтудың жеке бағдарламасының 720-сын орындамаған. Ал 3 797 әлеуметтік бағдарламаның 209-ы, кәсіптік оңалту бойынша 1860-тың 45-і орындалмаған.

Тексеру барысында Шу ауданында 363 мүгедекке арнаулы жүріп-тұру құралдары берілмегендігі және 39 мүгедектің протездік-ортопедиялық құралдарды кезектен тыс алғандығы анықталған. Мұндай заң бұзушылықтар Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде де орын алған. Атап айтқанда, «Самал» шипажайына 61 мүгедекке санаториялық емдеуге жолдама берілсе, оның 10-ы тізімнен тыс барған. Ал Байзақ ауданында мұндай жолдама олардың медициналық диагнозы ескерілмей, басқа науқастар шипажайға жіберілген. Мойынқұм ауданында тұратын үшінші топтағы мүгедек Әбілқасымованың ымдау тілі маманын тағайындау туралы өтініші де тиісті мекеме тарапынан қараусыз қалдырылып келген. Осы ауданда ымдау тілі маманы атқаратын міндеттер біліктілік талаптарына сай келмейтін дипломы не сертификаты жоқ адамдарға тапсырылғаны да көңілге күдік ұялатады. Дәл осындай көзжұмбайлық 1 емес 16 азаматпен шарт жасасқан кезде орын алған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да мемлекеттік сатып алу бағытында әлеуетті өнім берушілерді негізсіз конкурсқа қатыстыру, заңда көзделген жеңілдіктер бермеу деректері көптеп кездескен. Кейбір аудандарда мүгедектерден заңсыз салық алу деректері де кездескені өкінішті. Аталған жайттарға байланысты түсініктеме берген облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Сапаралиев, облыс бойынша бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов, Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов тексеру барысында орын алған кемшіліктерді мойындап, оны түзетуге уәде берді. «Аяғы жоқ мүгедектерден жыл сайын оның аяғы жоқтығы туралы анықтама талап ету сорақылық. Бір жылда оның аяғы өсіп кетпейді. Мүгедектік топтарын алу мәселесі бойынша бізге тұрғындардан арыз толастар емес», – деді облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов облыс бойынша бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысына. Сонымен қатар, санаторийға жолдама беру мәселесі бойынша сыбайлас жемқорлық негізінде Тараз қаласы әкімі орынбасарының жауапкершілігін қарауды тапсырды. Мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығы директорының міндетін атқарушы Дана Сұлташева прокурорлық тексеру барысында орын алған кемшіліктерге байланысты, орталықтың жеке ғимараты жоқ болғандықтан басқарманың төменгі қабатында орналасқандығын, жеке оқшаулау бөлмелерінің негізінде қажеті жоқтығын мәлімдеп, биыл сатып алынбаса да тағайындалып отырған дәрі-дәрмектердің өткен жылы молынан сатып алынғандығын айтып, түсінік берді. Алқа мәжілісін қорытындылаған облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов мемлекет басшысының өзі мүгедектер мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғандығын айтып, облыстық прокуратура тарапынан да бұл әрдайым назарда тұратындығын ескертті.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».