Экономика

Өтірік ақпар өрге бастырмайды

Өтірік ақпар өрге бастырмайды

Оның зардабын тартатын да өзіміз. Өмірлік маңызы бар нысандарды 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымына дайындау жөніндегі облыстық штаб отырысында оны ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков осы жайды шегелеп айтты. Олай дейтін де жөні бар, қанша тиянақты дайындалдық дегенімізбен, жыл сайын жылыту маусымында кейбір маңызды нысандарда қазандықтан немесе жылу жүйесінен ақау шығып, әбігерге түсіп жататынымыз жасырын емес.

Облыс бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық дәл бүгінгі таңда 83,8 пайызды құрап отыр. Өңірде қолда бар 374 қазандықтың 337-сіне жөндеу жүргізу жоспарланған. Орындалуы – 94 пайыз, дайындалғаны – 317 қазандық. Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында қысқы жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәселе қараған штаб отырысында хабарлама жасаған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мамат Шәкіров алдымен осы мәліметтерді алдыға тартып, одан кейін аталмыш аудандардағы жағдайға ойысқан. Мамат Сәдуұлы екі ауданда да дайындық барысындағы кемшіліктерді тізіп шықты. Мысалы, Меркі ауданында орталық емхана, «Балдәурен», «Балапан» және «Айбөбек» балабақшалары, №№14,16,17, 21,22,39 мектептер қазандықтарында қазандардың сақтандырғыш клапандары талапқа сай емес. Осындай кемшілік Т. Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ, А.Байтұрсынов, Болтай батыр атындағы мектептерге де ортақ. Дәл осындай кемшілік салдарынан 2011 жылы Тараз қаласындағы №17 орта мектеп қазандығында апаттық жағдай орын алғаны мәлім. Сондықтан оған немқұрайды қарауға болмайды. Хабарламашы кейбір нысандардағы балама отынға арналған қазандар, қосалқы сораптар, өрт қалқандары туралы кемшіліктерді де мысалға келтірді. Одан кейін сөз алған Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қамбар Смайылов өздеріндегі жылыту маусымына дайындық барысы туралы хабарламасында қанша нысан көмірмен, қаншасы газбен жылытылады, қанша көмір түсірілді, жөндеу жұмыстарына қанша қаржы бөлінген дегеннен аса алған жоқ. Оның айтуынша бәрі де ойдағыдай, орындалмаған жұмыстар орындалады. Жайбарақат. Штаб отырысын жүргізіп отырған Бекболат Серікбекұлы бұл жайбарақаттыққа келіспейтінін ашық айтып, хабарламаға қанағаттанбағанын аңғартты. Ол өзекті мәселе қаралған осы маңызды басқосуға қатыспаған аудандық білім бөлімінің басшысына реніш білдіріп, оған қатаң талап қойылуы керектігін ескертті. Басқосуда хабарлама жасаған Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Іңкәрбеков алдымен атқарылған жұмыстар жөнінде айтып алды да, соңынан кемшіліктерге көшті. Дайындық барысындағы кемшіліктердің себеп-салдарын тігісін жатқыза жеткізген ол облыс басшысының бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтен кейбір өздерінің шамасы келмейтін мәселелерді шешуге көмектесуді сұрауды да ұмытқан жоқ. Кемшілікті мойындау да ерлік. Бәрібір «ауруын жасырғанды ажал әшкере етеді». Оның үстіне, «жыламаған балаға емшек бермейдіні» ұстанып, орынды жерінде көмек сұрағанның еш айыбы жоқ. Хабарламашының діттеген ойын түсінген Бекболат Серікбекұлы қаржыға байланысты тығырыққа тіреп отырған мәселені шешуді облыс әкімдігі қаржы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшылары А. Қырықбаев пен М. Өтеулиевке және Т. Рысқұлов ауданының әкімі Ж. Айтақовқа міндеттеуді тапсырды. Ол осы аудандағы «Құлан тазалық» мен «Тараз жарық сауда» мекемелері арасындағы даулы 36 миллион теңге туралы мәселе де тезірек шешілуі керектігін ескертті. Олар бірін-бірі сотқа сүйреп жүргенде, екі ортада «шыбын өліп» тұтынушылар зардап шекпеуі керек, әрине. – Қысқы маусымға жанар-жағармай, газ, мазут, көмір, электр қуатын жеткілікті мөлшерде дайындау керек. Қазандықтарда жұмыс істейтін жұмысшыларды дайындық курстарында оқыту да міндетті. Жуырда осы мәселе жөнінде облысқа кешенді тексеру келеді. Ал, тиянақты дайындық жоғарыға есеп беру үшін емес, өзіміз үшін, өңірде өмір сүріп жатқан халықтың қалыпты тұрмыс, тіршілігі үшін керек, – деп қорытындылады штаб отырысын Бекболат Серікбекұлы.

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».