Қырғыз республикасының Премьер-Министрімен кездесті
Қырғыз республикасының Премьер-Министрімен кездесті
Бішкекте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мұхаммед Әбілғазиевпен кездесті. Қазақстан тарапынан кездесуге Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов және Төтенше және Өкілетті елші Қайрат Нұрпейісов, Қырғызстаннан – Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Көкімбек Таштаналиев және Ұлттық Энергохолдинг басқармасының төрағасы Айтмамат Назаров қатысты. Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев жан-жақты экономикалық кооперацияның, транзиттік көлік, су-энергетика және инвестициялық салалардағы мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығын атап өтті. Ол – Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы кластерін дамыту Қырғызстаннан келетін Шу мен Талас өзендерінің суына байланысты екендігін және Қазақстан бұл мәселеде қолдау күтетінін жеткізді. Сондай-ақ кездесуде Күркіреу өзенінің мемлекетаралық су пайдалану нысандарының тізіміне енбеген үш каналының мәселелеріне көңіл бөлінді. 15 жыл бойы осы өзеннің бұл арналары арқылы Қазақстанға су түспеген. Кездесу қорытындысы бойынша, Қырғыз тарапы бекітілген кесте мен жоспарға сәйкес, вегетациялық кезеңде Жамбыл облысына суармалы судың жеткілікті көлемін түсіру үшін көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Қырғызстанның Премьер-Министрі Мұхаммедқали Әбілғазиев қаралған мәселелерді шешу, оның ішінде су жеткізу кестесін сақтау, Күркіреу өзенін мемлекетаралық су пайдалану нысандарының тізіміне енгізу жөнінде жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.