Экономика

ЖАРИЯ ЕТУ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ

ЖАРИЯ ЕТУ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг жария ету науқанына арналды. Онда Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев жариялауға жататын мүліктерді атап берді. Вице-министрдің айтуынша, жария ететін мүліктер қатарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі мен басқа адамға рәсімделген Қазақстан Республикасы аумағындағы құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жер учаскесінде салынған жылжымайтын мүліктер (құрылыстар, ғимараттар) және Қазақстан аумағынан тыс жердегі жылжымайтын мүліктер жатады. Азаматтар Қазақстан Республикасының аумағындағы мүліктерін жария ету үшін жергілікті әкімдіктердің жанындағы комиссияларға жүгінулері қажет. – Бұл рәсімді өткізу үшін комиссияға өтініш пен жеке куәліктің көшірмесін беру қажет. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлікті жария еткен жағдайда, нысанның құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан сарапшы аттестаттаған қорытынды және сол мүліктің техникалық паспорты қосымша ұсынылатын болады,– деді Ардақ Теңгебаев. Сала сарапшыларының сөзіне сенер болсақ, Қазақстанның экономикалық нарығындағы қаржы айналымының 20 пайызға жуығы көлеңкелі экономикаға тиесілі екен. Шараның мақсаты – осы көлеңкелі экономикадағы қаржыны заңдастыру арқылы жарыққа шығару болып табылады. Жария етілген қаражат көлеміне қарамай, оның иелеріне заңдық тұрғыдан көптеген жеңілдіктер жасау да ескерілген. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына орай жүзеге асып жатқан шара республика көлемінде келесі жылдың соңына дейін жалғасын табатын болады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».