Экономика

Жеке тұлғалардың валюталық операциялар бойынша ақша төлемдері мен аударымдарын жүргізу тәртібі

Жеке тұлғалардың валюталық операциялар бойынша ақша төлемдері мен аударымдарын жүргізу тәртібі

Төлем жүйесі мемлекеттің қаржы жүйесі­нің негізгі компоненті болып табылады. Қазақстан Республикасының төлем жүйесінің қызметін ұйымдастыруды – «ҚР Ұлттық Банкі» туралы Заңына сәйкес, ақша төлемдері мен аударудың формасын, жүйесі мен тәртібін анықтайтын ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асырады.

Жеке тұлғалардың валюталық операциялар бойынша ақша төлемдері мен аударымдарын жүргізу тәртібі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР 2005 жылғы 13 маусымдағы №57-ІІІ Заңына, сонымен қатар ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі №154 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру Ережесіне сәйкес белгіленген. Осы операциялар қызметінің түрін барлық коммерциялық банктер көрсетеді. Жеке тұлғалардың валюталық операциялары бойынша ақша төлемдері мен аударымдары банк шотын ашпай да, сондай-ақ банк шоты арқылы да жүзеге асырылады. Азаматтардың валюталық операциялар бойынша шетелге жіберілетін ақша төлемдері мен аударымдары, тек банкте шот ашу арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін банкке жеке басын куәландыратын құжатты, валюталық шартты (түпнұсқасы немесе оның көшірмесі), тіркеу куәлігін, хабарлама туралы куәлігін, экспортпен немесе импортпен байланысты мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын растайтын, не орындау қажеттігіне негіз болатын құжаттарын немесе олардың көшірмелерін ұсынғаны жеткілікті. Мұнда валюта шарты ретінде жеке тұлғаның заңды және жеке тұлғалармен жасалған шарттары, шот-фактуралар, инвойстар, салық, лицензиялық төлемдер, айыппұлдар, алименттер төлеу квитанциялары сияқты құжаттарды ұсынуға болады. Осы құжаттарды және мәліметтерді ұсынбаған жағдайда, банк валюталық операциялар бойынша ақша төлемін және аударымын жүргізбейді. Жеке тұлғалар арасындағы валюталық операция бойынша елімізде жүзеге асырылатын өтеусіз ақша аударымы үшін, сондай-ақ жеке тұлғаның шетел банкіндегі өз банк шотына ақша аударуы үшін валюталық шартты ұсыну талап етілмейді. Ал, егер ақша жөнелтуші жеке тұлғаның валюталық шартты ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті банк мұндай операцияларды тек, ақша жөнелтуші/алушы аударымның мақсатын көрсеткен және келесідей үш жазбаның болған жағдайында ғана жүргізеді: 1) уәкілетті банкке осындай ақша төлемі және (немесе) аударымы туралы ақпаратты талап етуі бойынша Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына және Ұлттық Банкке ұсынуына рұқсат ететін; 2) осы ақша төлемі және (немесе) аударымының тіркеу куәлігін, хабарлама туралы куәлікті, келісімшарттың есептік нөмірін (резидент жеке тұлғалар үшін) алуды талап ететін валюталық операцияны жеке тұлғаның жүзеге асыруымен байланысты емес екендігін растайтын; 3) осы ақша төлемі және (немесе) аударымының жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметімен байланысты емес екендігін (ақшаны уәкілетті банкте шот ашпай-ақ аударған кезде) растайтын жасаған немесе растайтын жазбалары. Банктерде шот ашпастан жүргізілетін операцияларға келетін болсақ, онда белгіленген сома шегінде еліміздің аумағында, сондай-ақ Қазақстаннан тыс шетелдерге (салық, лицензиялық төлемдер, айыппұлдар, алименттер, гранттар төлеу) өтеусіз ақша аударымдарын және сырт елдерге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына байланысты емес өзге де ақша аударымдарын жүргізуге рұқсат берілген. Жеке тұлға, банкте шот ашпай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу үшін, небәрі жеке басын куәландыратын құжатын ұсынады. Ал егер, жеке тұлға – шетелдік және азаматтығы жоқ адам болса, онда Қазақстанда тұрақты тұру құқығын растайтын құжатын ұсынуы қажет. Сондай-ақ, ақшаны жөнелту/алу өтінішінде көрсетілген дәйексіз деректерді ұсынғаны үшін жауапкершілік ақша жөнелтуші/алушыға жүктеледі. Қазіргі таңда, аударым операциялары қаржылық мониторингке жататынын атап өту керек және ол «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңымен реттеледі. Сондықтан аударым операциялары осы заң негізінде, клиенттерді қаржылық мониторинг субъектісімен (банктермен) тиісті тексеруден өту және клиент туралы белгіленген мәліметтерді Қаржылық мониторинг Комитетіне жолдау арқылы жүзеге асырылатынын ескертеміз. Қорытындылай келе, сенімді және қауіпсіз төлем жүйелері мемлекеттің қаржы жүйесінің тұрақтылығының артуына ықпал етеді, тұтастай алғанда, қаржы ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, сондай-ақ сатушылар мен сатып алушылардың арасындағы уақтылы есеп айырысуға кепілдік береді. Осылайша, ҚР Ұлттық Банкі төлем жүйесінің қызметін ұйымдастыра отырып, валюталық заңнама талаптарының сақталуын да қадағалайды. Сонымен, валюта заңнамасын бұза отырып, валюталық операцияларды жүргізгені үшін ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 188-бабы бойынша әкімшілік жаза қарастырылған.

Жібек ОМАРОВА, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы валюталық операцияларды бақылау бөлімінің жетекші маман-экономисі.