Экономика

«Жарқұмның» газы іске қосылады

«Жарқұмның» газы іске қосылады

11Амангелді газ конденсаты кен көзін игеру жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен қолға алынып, жүзеге асырылып, ел игілігіне берілді. 2003 жылы 23 қазанда оның іске қосылу салтанатына Елбасы арнайы қатысты. Мұның өзі елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қарышты қадамның бірі болды. Алып жоба «ҚазТрансГаз» АҚ, осы жұмысты игеру үшін құрылған «Амангелді газ» серіктестігі және басқа да бұрғылаушы құрылыс компанияларының табанды еңбектерінің нәтижесінде белгіленген мерзімде пайдалануға берілді. Міне, облыс тұрғындары және өндіруші компаниялар, басқа да кәсіпорындар Амангелдінің сапалы табиғи газын он бір жылдан бері тұтынып келеді. Бүгінде мұнда өндірілетін газ көлемін арттыра түсу үшін геологиялық-барлау жұмыстары жемісті жалғастырылуда. Атқарылып жатқан жұмыс туралы «Амангелді газ» ЖШС директорының міндетін атқарушы Қалдыбай Төлекешев әңгіме өрбітеді.

– «Амангелді газ» ЖШС негізінен газ конденсатын, газ өндіру және барлаумен шұғылданады. Кен көзі 2008 жылдың қаңтарынан бастап өнеркәсіптік пайдалану кезеңіне көшірілді. Бүгінде мұнда 28 өндіру ұңғысы және 2 бақылау ұңғысы жұмыс істейді. Осында өндіріліп, орталық газ дайындау қондырғысында өңделген өнім Тараз қаласы маңындағы Ақбұлым ауылындағы №5 компрессор стансасына жеткізіледі. 2013 жылдың 24 тамызында Амангелді кен көзінен магистралды газ құбыры арқылы стансаға 3 миллиард текше метр өнім жеткізілді. 2013 жылдың қорытындысында жоспардағы 321200 мың текше метр орнына, 321821 мың текше метр газ өндірілді. Осы мерзімде 20500 тонна орнына 21891 тонна газ конденсаты алынды. Үстіміздегі жылға жоспар бойынша тек қана Амангелді кен орнынан 319000 мың текше метр газ өндіріп, жөнелтуге тиіспіз. Сегіз айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 210866 мың текше метрді құрады. Бүгінде кен көзінде тәулігіне орта есеппен 875 мың текше метрге жуық газ өндірілуде. Ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында белгіленген геологиялық-техникалық шараларға сай Амангелді кен орнында ұңғылардың өнім беру қабілетін арттыру мақсатында жер қыртысы қабатын қысыммен жару әдісін пайдаланып, кен орнындағы екі өндіру ұңғысында оң нәтижеге қол жеткізілді. Жыл басынан бері екі жаңа пайдалану ұңғысы игеруге қосылды. Осы жұмыс барысында ұжым мамандары пайдаланудағы ұңғыларға жер қыртысы қабатын қысыммен жару әдісін қайталап жүргізу нәтижесінде ұңғылардың өнім беру мүмкіндігін қалпына келтіріп қана қоймай, өнімділігін әлденеше есе өсіруге болатынын да алғаш рет дәлелдеп берді. Мәселен, №126 пайдалануға енгізіліп жатқан жаңа ұңғыдан қабатты қысым­мен жару жұмыстарының нәтижесінде тәулігіне 200 мың текше метрден астам газ алынып, бүгінде бұл ұңғы технологиялық режимге сай жұмыс жасауда. №111 бұрыннан пайдалануда келе жатқан ұңғы қысыммен қабатты жару әдісін қайта жүргізу нәтижесінде тәуліктік өнімділігі 11 мың текше метрден 80 мың текше метрге дейін артып, мамандардың газ өнімділігін арттыру барысындағы жұмыстарының дұрыстығын және тиімділігін дәлелдеп берді. Бұндай жұмыс­тар келешекте де жалғасын таппақ. – Бұл аумақта көмірсутегі шикізаттарының жаңа қорын табу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Оны игеруде қандай шаралар қолға алынуда? – Елбасымыз Амангелді газ кен орны тобы жобасының игерілу барысын өз назарында тұрақты ұстап отыратыны баршамызға белгілі. Келісім-шартта көзделген көмірсутегі шикізаттарын барлау бағытында аумақта ауқымды сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде «Қосқұдық» және «Сұлтанқұдық» құрылымдарында газ кен орындарын іздестіруге алғашқы болжамдар белгіленіп отыр. «Амангелді газ» ЖШС бұл аумақтағы геологиялық-барлау жұмысын 2014-2015 жылдары толық аяқтауды көздеуде. Зерттеу жұмысы жүргізілген Жарқұм газ кен көзінде тәжірибелік өнеркәсіптік пайдалануға беру жүзеге асырылуда. Биыл осы орыннан Амангелдідегі орталық газ дайындау қондырғысына газ жеткізілетін болады. Айрақты, Анабай кен көздерін тиісінше 2018 және 2019 жылдары пайдалануға беру жоспарлануда. Аталған кен көздері іске қосылған кезде өндірілетін газ көлемі едәуір өседі. – Өнім сапасын жақсартуда және қауіпсіздікті нығайтуда қандай жұмыстар жүргізілуде? – Серіктестік газ бен конденсат өндірудегі жоспарын тұрақты орындауда. Осы жерден өндірілетін өнімнің калориясы өзбек газына қарағанда 10 пайызға жоғары. Табиғи газ өзімізде өндірілуіне байланысты оның бағасы Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарына қарағанда біршама төмен. Өнім сапасы мемлекеттік стандарт талаптарына толық сәйкес келеді. Оның сапасы аккредиттелген зертханаларда қадағаланады. Кәсіпорында 3 менеджмент жүйесі жұмыс істейді. Мамандарымыз қоршаған ортаға зиянды заттар шығармауға айрықша көңіл бөледі. – Оларға жасалып жатқан әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туралы әңгімелесеңіз... – Қазір серіктестіктегі 222 адамның 166-сы вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олардың денін жергілікті азаматтар құрайды. Мұнда мамандардың алаңсыз демалуы және денсаулықтарын түзетуі үшін барлық жағдай жасалған. Вахталық қалашықта заманауи үлгідегі тұрғын үйлер, асхана, медициналық пункт, кір жуатын орын, қоймалар, мәдени-спорттық кешен, жылы бокс және басқа да нысандар бар. Мамандардың жалақылары да жыл сайын біртіндеп өсіріледі. Олардың біліктілігі мен тәжірибесін жетілдіріп отыруға да ерекше көңіл бөлеміз. Бір бөлігі жыл сайын біліктіліктері мен тәжірибелерін жетілдіру үшін арнайы курстар мен семинарларға қатысады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстағы барлық мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіптік мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, игілік және жұмыста табыс тілеймін.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».