Сабырлылық пен жауапкершілік қажет
Сабырлылық пен жауапкершілік қажет
Бүгінде халқымыз коронавирус індетіне байланысты өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Осыған орай облыс орталығындағы ірі білім ордасы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековті сақтық шараларына байланысты әңгімеге тартқан едік.
– Махметғали Нұрғалиұлы, өзіңіз басқарып отырған университетте коронавирус инфекциясы таралуын алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда? – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрінің «Білім беру мекемелерінде коронавирустық инфекцияның пандемия кезеніңде таралуын болдырмау бойынша шараларды күшейту туралы» 14.03.2020 ж. күнгі №108 бұйрығын басшылыққа ала отырып жүйелі іс-шаралар атқарылды. Біріншіден, білім беру процесін қашықтықтан оқыту технологиясына ауыстыру барысында жұмыстарды жүйелі арнаға көшу үшін университет бойынша ректордың 2020 жылдың 14 наурызындағы №129 бұйрығы қабылданды. Бұл бұйрықта университеттің барлық құрылымдық бөлімдерінің жаңа жағдайдағы атқаратын міндеттері нақтыланды. Екіншіден, барлық қызметкерлер, профессор-оқытушылар құрамымен арнайы вебинарлар өткізіліп, олардың жұмыс кестесінің ерекшеліктерін тиянақты атқару үшін арнаулы нұсқау дайындалып, таратылды. Әрбір білім беру бағдарламасында оқитын білім алушылар үшін қашықтықтан білім беру кестелері дайындалып іске қосылды. Университетте оқыту процесін жүргізетін құрылымдық бөлімдер сайтта орналасқан оқытушыларға арналған Web-teacher бағдарламалық модулі, студенттерге арналған арнайы портал бағдарламалары жетілдіріліп, іске қосылды. Жұмыс барысында әрбір кафедраға бекітілген пәндердің контенттері жетілдіріліп, толықтырылуда. Үшіншіден, барлық білім алушылардың (студенттер, магистранттар, докторанттар) сабақ мазмұндарын нәтижелі игеруге бағытталған жұмыс тәртібі арнайы нұсқаулықпен бекітіліп, арнайы кафедралар арқылы вебинарлар ұйымдастырылды. Университеттің Интернет желісінде орналасқан арнайы портал мүмкіндігінен басқа студенттермен кафедра оқытушылары үшін әлеуметтік Google Classroom, ZOOM, YouTube желілерді пайдалануға арналған нұсқаулықтар дайындалып таратылды. Әрбір білім алушы өздерінің мүмкіндіктеріне байланысты қажетті техникалық мүмкіндіктерді пайдаланады. Төртіншіден, әрбір факультеттер және кафедралар үшін Интернет желісіне қосылған компьютерлік кластар дайындалып бекітілді. Бұл кластарда профессор-оқытушылар құрамдары өздеріне бекітілген пәндер бойынша сабақтарын қашықтықтан оқыту технологиясын пайдалана отырып жүргізеді. Қашықтықтан оқыту технологиясын пайдалануға мүмкіндігі жоқ білім алушылар үшін де осы кластарды келіп пайдалануға мүмкіндіктер дайындалды. Бесіншіден, университеттің ғылыми кітапханасының мүмкіндіктерін пайдалану мақсатында жеке сайт дайындалды, сонымен қатар, онда орналасқан оқулықтарды пайдалануды студенттердің порталы арқылы іске асыруға болатын мүмкіндік іске қосылды. – Университетте шетел азаматтары оқитынын біз білеміз. Олардың жағдайы қандай болмақ? – Иә, университетте 731 шетел азаматы білім алуда. Олар негізінен Түрікменстан және Өзбекстан азаматтары. Сонымен қатар Ресей, Қытай, Қырғыз, Тәжікстан, Ауғанстаннан да студенттер бар. Олардың өз елдеріне қайтуына мүмкіндік берілді. Қайтпаған 113 шетел азаматы университеттің жатақханасында тұрып жатыр. Оларға жатақханада орналасқан компьютерлік класс және Интернет желісі арқылы қашықтықтан оқыту технологиясының барлық мүмкіндіктерін пайдалануға толық жағдай жасалынды. – Оқытушылар мен қызметкерлердің еңбек кестесіне қандай өзгерістер енгізілді? – Университеттің қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамы арнайы бұйрықпен 5-күндік жұмыс аптасына ауыстырылды. Қашықтықтан оқыту процесіне тікелей қатысы жоқ қызметкерлерге ақылы еңбек демалысына шығуға рұқсат берілді. Жалпы айтқанда, осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз қажет. Ол үшін әр азамат сабырлық пен жауапкершілік көрсету керек.
Маржан Кәрімжанқызы.