Экономика

Медициналық бетпердеден тапшылық болмауы керек

Медициналық бетпердеден тапшылық болмауы керек

Коронавирустың жер-жаһанға таралуы елімізде бетперденің жетіспеуіне, әрбірден кейін оның бағасының шарықтап кетуіне әкеліп соғуда. Мұндай жағдай өзіміздің Тараз қаласында да байқалады. Жалпы, республикамызда бетперде шығаратын бес зауыт бар, қазіргі жағдайға байланысты олар өндіріс көлемін екі есеге арттырса да дәріханалар халықты медициналық маскамен неге қамтамасыз ете алмай отырғаны түсініксіз.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Кез келген вирустан қорғанудың ең қарапайым тәсілі – бетперде тағу. Дәріханаларда осы қорғаныш бұйымның жетіспеуінен тапшылық қалыптасуда. Қалыптасқан жағдайға байланысты біз Жамбыл ауданының аумағындағы Айша бибі ауылы маңына орналасқан, халықты медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отырған, еліміздегі бес зауыттың бірі – «Super Pharm» фармацевтикалық жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, жұмыс барысымен танысқан едік. Өңірімізде 2011 жылы іске қосылған бұл зауытта алғашқы жылдары медициналық бұйымдардың 15 түрі ғана өндіріліп келсе, қазір онда фармацевтикалық заттардың 390 түрі шығарылуда. Содан бері зауыттың өндіріс қуаты артып, жұмыс орны көбейген. Атап айтсақ, бүгінде зауытта 280 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал зауыт толық қуатында жұмыс істеуге көшкенде жұмысшы саны 650-ге жетпек. Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бір реттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар шығарылады. Бұдан бөлек, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырма, тағы да басқа ота залдарына қажетті құралдар, яғни қайшы, пышақтар жиынтығы өндіріледі. Қазір бетпердеге деген сұраныстың артуына байланысты зауыт жұмысын екі есеге арттырыпты. Зауыт директоры жұмыс барысымен таныстыруды қойма меңгерушісі Қанағат Көпеновке тапсырған еді. Ол жұмыс істеп тұрған цехтарды аралатып, зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Оның айтуынша, зауыт медициналық заттар жасайтын шикізатты Ресейден алады екен. Бір-бір жарым аптада ол мемлекеттен 10 тонна тоқылмаған шикізат жеткізіліп, зауыттың бөлу цехына түседі. Осы жерден тоқылмаған шикізат жаю цехында кесіліп, пішу үшін жөнелтіледі. Бұдан әрі тігу цехына бөлінеді. Күндізгі ауысымның меңгерушісі Гүлнұр Татенованы сөзге тартқан едік. – Күндізгі ауысымда 130 адам жұмыс істейді. Ал тігін цехында 31 тігін машинасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Мұндағы әрбір қызметкердің өзіне жүктелген жұмыс нормасы бар. Мәселен, бір жұмысшы өз ауысымында 390 халат тігуі керек. Тігіншілер пішу цехынан келген шикізаттан жүкті әйелдерге, бір реттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер тігіледі. Бұдан бөлек, басқа да медициналық заттармен қатар төсеніштер тігеміз. Осында жұмыс істеп келе жатқаныма 3 жылдан асты. Жұмысымыз жақсы. Екі күн жұмыс істесек, екі күн демаламыз. Жұмысшыларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінген. Түскі тамағымызды осында ішеміз. Зауыт жұмысшыларына бар жағдай жасалған, – деді ол. Бұдан кейін ауысым меңгерушісі бізді бетперде тігу цехына бастап келді. Мұнда екі аппарат тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. «Бұл цех жұмысы қазіргі сұранысқа байланысты күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Бұған дейін бұл цехта бір ауысымда 25-30 мың, тәулігіне 50-60 мың бетперде шығарылатын. Ал бір жылда 35 миллион бетперде дайындалатын. Енді қалыптасқан жағдайға байланысты бұл цехтың әр ауысымда 40-45, тәулігіне 90-95 мың бетперде шығаруда», – деді ол. Бір атап өтерлігі, мұнда жұмысқа орналасқан адамды жаңа құрылғылар мен техника тілін меңгеру үшін арнайы курстан өткізеді екен. Оқу тегін жүргізіледі. Осы цехтың жұмысшысы Жансая Төлепбергенова сол курстан өтіп, цехта бетперде тігеді. «Қазір елімізде вирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Соған байланысты біз күшейтілген жұмыс кестесіне ауыстық. Мүмкіндігінше халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін барымызды салудамыз», – деді ол. Көкейімізде «осында тігілген бетперделер неге облыстағы дәріханаларға таратылмайды?» деген сұрақ тұрған. Бұл сұраққа қойма меңгерушісі Қанағат Көпенов жауап берді. Оның айтуынша, өндіріс ошағы республикалық «Самұрық-Қазына» фармацевтикалық кәсіпорнымен келісімшартқа отырған екен. Тапсырыс беруші де, бақылаушы да сол кәсіпорын. Олар мұнда тігілген бетперде мен басқа да медициналық бұйымдарды Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе мен Шымкент қалаларына жеткізіп, осы төрт қаладағы орталықтарынан республикамыздың түкпір-түкпіріне таратады. Соның салдарынан өзімізде өндірілген бетперде бізге Шымкент қаласынан келеді. «Біз өз өнімімізді тікелей Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы дәріханаларға өткере алмаймыз. Барлық өніміміз жоғарыда айтқан төрт қалаға жіберіліп, сол жердегі бөлу орталығынан аймақтарға таратылады. Бұл жерде бетперде жетіспеушілігі болмау керек. Тек арадағы делдалдардың бағаны көтеру үшін істеп отырған қитұрқы әрекеті болуы мүмкін. Әйтпесе бізде бір тәулікте өндірілген бетперденің өзі 90 мың. Байқағаныңыздай, жұмыс көлемі артқан. Біз тапсырыс беруші компанияның тапсырысын артығымен орындап жатырмыз», – деді қойма меңгерушісі.

Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.