Әлеумет

Құрт жеген қауыннан қауіп бар ма?

Құрт жеген қауыннан қауіп бар ма?

Тамыз айын қазекеңдер «Көкше байлық – бір айлық» деп те атапты. Сол айтпақшы, Тараз қаласы мен елді мекендердің денінде қауын-қарбыз сатылуда. Маусым айының соңы мен шілде айында көршілес Оңтүстік Қазақстан облысынан Сарыағаштың сары қауыны мен көк қарбызы қаптаған. Дәмі онша болмаса да, әуес ас деп ел-жұрт сатып алып жеді. Артынша жергілікті жердің қауын-қарбызы түсті базарға.

Он шақты жыл болды, Бостандық ауылының қарбызының «атақ-даңқы жер жарып» тұр. Пленка астынан піскендері автокөліктерге тиеліп, солтүстік облыстарға жол тартады екен. Соңын ала бере қоңыр күз жетпей Ойық ауылындағы «Қойшыбай» шаруа қожалығының қауын-қарбызы Ресей асады деп естиміз. Бұрын дихан қауымы қауын-қарбызды бір тоғыз, екі тоғыз, үш тоғыз деп бағалап, мал жинап алатын еді, енді қап-қап ақша жасамаса да, біраз пайда табатын кәсіпке айналдырды. Бір тоғыз дейтіні – үлкен қапқа ірі-ірі қауын немесе қарбыздың тоғызын санап, бір лаққа бағалайды ғой баяғы. Сарысу ауданындағы Тоғызкент ауылында қауыннан қақ тіліп, қауын-құрт жасап, соны пұлдап, мәшине мініпті деп те жатады. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды, рас та шығар. Жақында сол жаққа ат ізін салып едік, өткен жылы қауындарына құрт түсіп, биыл қауын-қарбыз егуге аса құлық танытпапты. Тоғызкент ауылына іргелес жатқан Үшарал ауылының атақ-даңқы бір кездері Кенжебай қауыны, Қызылқұм қауынымен, Үшарал апортымен шыққанын білеміз. Бірақ, бұл ауылдың халқы да бау-бақша, көкөніс егуге құлықты емес. Биыл кірпіш зауытының маңайындағы саздаққа жиырма шақты үй қауын-қарбыз еккен көрінеді. Обалы не керек, өнімдері ірі-ірі шығыпты. – Бірақ, – дейді Жұман Балдыбеков, – бір бүйірден тесіп кіретін, көзге көрінбес құрт ішін түгел қарайтып, қауын-қарбызды жеуге жарамсыз етіп жатыр. Сұрастырсақ, өзбектер бұл құрт Ресейден келген десе, мамандар Қызылордадан келуі мүмкін деп отыр. Ол да мүмкін. Ана жылы Голландиядан картоп әкеліп егеміз деп, сол жақтың құрты қаптап, өнім ала алмағанбыз. Экологиялық ахуал асқынып тұрғанда, бәрі де болуы ғажап емес. Бірақ, әлгі қауынды жеуге бола ма? Әсіресе, қауын-қарбыз аңдыған балалар түнде қауындыққа түссе, құрттаған қауын жеп, ауырып қалмай ма? – деп алаңдаймыз. Қаупіміз осы. Бұл жөнінде білетін мамандар не айтар екен?

Сәулембай Әбсадықұлы,

«Ақ жол».

Талас ауданы.