Әлеумет

Ауыл болашағы – ауылшаруашылық өндірісінде

Ауыл болашағы – ауылшаруашылық өндірісінде

Облыс елімізде ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде көшбасшы өңірлердің қатарында. Оған облыстың географиялық орналасуы, климаттық жағдайы мен ондағы халықтың ерте заманнан осы іске мамандануды үлкен себеп.

Елбасының өңірдегі соңғы жұмыс сапарында облыс активімен кездесуде индустриялық-инновациялық бағдарламаның қарқынды жұмыс істеп отырғанын айта келе, негізгі даму мүмкіндігі ауылшаруашылығы екенін, сондықтан облыс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жобаларға көп көңіл бөлу керек деген болатын. Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі ол ауылшаруашылық өндірісінде екеніне де назар аударды. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша ауылшаруашылығындағы өнім бір ауыл тұрғынына шаққанда Қазақстанның көрсеткіші Ресеймен салыстырғанда – 1,8, Украинамен – 1,3, Түркиямен – 3, Германия мен Оңтүстік Кореядан – 7,5, Франциядан – 8,8, Бельгиядан 43 есе төмен. Қазіргі таңда әлемдегі дағдарыстар мен әртүрлі шиленісті кезеңдерде мемлекеттер өз тарапынан қорғану амалдарын жасауда. Соның негізгісі азық-түлікті мүмкіндігінше өздерінде көп өндіру. Бұл жерде дамыған елдердің тәжрибесіне сүйенсек те болады. Мысалы, АҚШ пен Франция мемлекеті өз елін 100 пайыз азық-түлікпен қамтамасыз етсе, егістік алаңдары мүлде аз Жапонияда бұл көрсеткіш 50 пайыз. Бұл мемлекеттер артық өнімдерін басқа елдерге сатып, одан көп пайдаға кенелуде. Сондықтан, осы орайда облыс басшысының осы мәселе төңірегіндегі іс-әрекеттеріне қолдау білдіргім келіп отыр. Облыс әкімінің жергілікті мәслихат депутаттары алдында берген есебінде облыстағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мүйізді ірі қара бойынша асыл тұқымды малдың үлесі – 12, қой – 22,5, жылқы – 23, түйе 41,7 пайызға жеткенін атап өтті. Ет өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша республика көрсеткіші 70 пайыз екенін ескерсек бұл қуантарлық жай. Тағы бір атап өтерлігі, облысқа ірі инвесторлардың келуі. Ол малайзиялық «AGROSTAN FARMS SDN BHD» компаниясы. Компания облыста ірі ауылшаруашылық жобаны жүзеге асырмақшы. Жобаның жалпы құны 350 миллион АҚШ доллары көлемінде. Жоба бойынша 10 мыңнан 50 мыңға дейін ірі қараға арналған 500 мал фермасын салу жоспарлануда. Осыған орай, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандары бойынша 300 мың гектар ауылшаруашылық жерлері ірі қара мал өсіруге бөлініп отыр. Жобада қажетті сатып алынатын ірі қара мал Қазақстанда өсірілгенін ескерсек, ол еліміздегі ірі қара мал өндірісін дамытуға көмегі болатыны сөзсіз. Мәселен, Мойынқұм ауданында «Мойынқұм Агро» серіктестігінің құны 5 миллиард теңге болатын ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малын өндіру жобасын атап өтуге болады. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, сонымен қоса, бұл мәселелерді шешуде кластерлік жүйені пайдалану керек сияқты. Осындай ауқымды жұмыстар аясында облыста ірі қара малын өсіруге қажетті қосалқы өндірістерді дамыту қажет. Ол – құрама жем зауыттары мен малға қажетті дәрумендерді өндіретін өндірістер. Мал шаруашылығы бойынша қажетті мамандар ауыл тұрғындарынан жасақталып, оларды қайта оқыту мемлекет есебінен атқарылса, одан мемлекет ұтылмайтыны сөзсіз. Ауылшаруашылық саласын дамыту бағдарла-маларында кешендік жүйені қолданып, қосалқы өндірістерді дамыту қажеттігін ұмытуға болмайды. Осы жағдайда ғана ауылшаруашылығын толыққанды дамытуға мүмкіндік туады.

Сұлтан Әбілдаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Экономика» саласы бойынша Ph.D докторы.