Облыста COVID –19 тіркелген жоқ
Облыста COVID –19 тіркелген жоқ
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісі залында «Облыста коронавирус таралуының алдын алу шаралары» туралы брифинг еліміздегі төтенше жағдайға байланысты алғаш рет онлайн форматта өтті. Онда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов елді елеңдеткен мәселеге жан-жақты тоқталып, бүгінде өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты. «Жедел медициналық жәрдем стансасының кешенінде коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген адамдармен жұмыс істеу үшін денсаулық сақтау басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік ететін жедел штаб құрылды. Медициналық ұйымдар коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге дайын. Барлық медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялық препараттардың, дәрілік заттардың қажетті қорының болуы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта басқа елдерден (1-А, 1-Б, 2-санат) келген адамдарды медициналық бақылауға мониторинг жүргізілуде. 17 наурыздағы жағдай бойынша облыс аумағында 1а санаттағы елдерден келген 11 адам стационарда бақылауда тұр, 1 б санатындағы 9 адам үй карантинінде, 2 санаттағы елдерден келгендер жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Адамдар жаппай болатын нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режім күшейтілді, жаппай іс-шаралар тоқтатылды, кинотеатрлар жабылды» делінді баяндамада. Сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында келесі алдын алу шараларын ұстану қажет екенін еске салды: қолды және бетті сабынмен жиі және мұқият жуу немесе антисептикпен өңдеу; адамдар көп жиналатын жерден аулақ болу; сырқат адамдармен қатынаста болмау; үй-жайларды жиі желдету; дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, күніне кемінде 2 рет ылғалды тазалау жүргізу; суық тию белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауыруы) тез арада үйге жедел жәрдем шақыру қажет. Баяндамашылардың айтуынша, облыс аумағында коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Медициналық ұйымдар коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге дайын. Барлық медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялық препараттардың, дәрілік заттардың қажетті қорының болуы қамтамасыз етілген. Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталықтың 1406 нөмірі арқылы білуге болады.
Маржан РАҚАЙ