Шахматтан әлем чемпиондары шежіресінен
Шахматтан әлем чемпиондары шежіресінен
Шахматтан әлем чемпионы атағын алу үшін тарихтағы алғашқы бәсеке 1886 жылы Америка Құрама Штаттарында Вильгельм Стейниц пен Иоганн Цукерторт арасында өтіп, 20 ойын ойналған бұл жекпе-жекте 12,5:7,5 есебімен ұтқан В. Стейниц әлемнің чемпионы атанады. Содан бері әлем біріншілігі үшін 1986 жылға дейін 31 жарыс өтіпті, чемпион тәжін 13 адам киіп, олар бұл атаққа мына жылдарда ие болды. В. Стейництен кейін Э. Ласкер (1894-1921), Х.Р. Капабланка (1921-1927), А. Алехин (1927-1935 ж.ж. және 1937-1945 ж.ж.), М. Эйве (1935-1937), М. Ботвинник (1948-1957 ж.ж 1958-1960 ж.ж. және 1961-1963 ж.ж.), В. Смыслов (1957-1958 ж.ж.), М. Таль (1960-1961 ж.ж), Т. Петросян (1963-1969 ж.ж.), Б. Спасский (1969-1972 ж.ж.), Р. Фишер (1972-1975 ж.ж.) және А. Карпов 1975 жылдан әлем чемпиондары атанды. М. Таль – 23, А. Карпов – 24, Э. Ласкер – 25 жасында, Р. Фишер – 29, Х.Р. Капабланка мен Б. Спасский – 32, Т. Петросян – 33, М. Эйве – 34 жасында, А. Алехин – 35, М. Ботвинник пен В. Смыслов – 36, В. Стейниц – 49 жасында әлем чемпионы болды. Дүниеге ең жас чемпион келді. Ол 22 жасар Гарри Климович Каспаров. Гарридің есімі бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде спорт әуесқойларының құлағын елең еткізді. 1982 жылы Мәскеуде өткен аймақтық турнирде Гарри Каспаров тәжірибелі 13 гроссмейстермен бәсекеде үздік шығып, әлем чемпионы атағынан үміткерлер сапына қосылды. Шахмат мамандарының топшылауынша ол сол жылы жастар арасынан әлем чемпионы деген жоғары атаққа бірден-бір үміткер болды. Гарри жастайынан спортты сүйіп өскен. Ал шахматпен мықтап айналыса бастаған кезде оған күніне бірнеше сағат уақыт жұмсап, осы бір ежелгі ойынның қыры мен сырына үңіле түскен. Шахмат туралы жазылған әдебиеттерді оқып, атақты шахматшылардың партияларын талдап үйренген. Міне, осындай еңбексүйгіштіктің нәтижесінде шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толысқан Гарри Каспаров әлемдегі мықты шахматшылардың қатарына қосылды. Гарри Каспаров туралы атақты шахматшылар былай дейді. Әлемнің бес дүркін чемпионы М. Ботвинник: «Каспаров ойынының сапасы ғажап. Біз сірә, Алехиннен кейін осындай стильдегі шахматшыны тұңғыш рет көріп отырған болармыз». Әлемнің вице-чемпионы Н. Александрия: «Каспаров – тақта үстіндегі дауыл». Баку қаласындағы оқушылар сарайының шахмат клубының түлегі, Әзірбайжан педагогикалық институтының шет тілдер факультетінің студенті Гарри Климович Каспаров 1985 жылы чемпион атағын жеңіп алды.
Әділбек Жүніс.