- Advertisement -

Бізге қай жоба жақын?

93

- Advertisement -

Латын негізді қазақ әліпбиіне көшу – жаңа жаңғыру кезеңінде аса қажет қадам. Бұл шешім мемлекетіміздің барлық саласы үшін үлкен серпіліс әкелері анық. Бір сөзбен айтқанда, оның саяси-әлеуметтік мәні зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдың ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсетуі де сондықтан.
Ең танымал жазу үлгісін латын графикасы екені даусыз. Бұл – әлемдік өркениетке апаратын жол. Сол себепті еліміз жаңа дәуірді, әліпби тұрғысынан да тың реформалауға көшіп жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде жаңа қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу жұмыстары басталды.

Ардақ Үсейінова

Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек

Қазақ халқының мәдени өмірінде әр түрлі әріп таңбаларынан тұратын дыбыстық жазу жүйесі қоғамдағы түрлі тарихи-әлеуметтік жайттарға байланысты өзгерістерге ұшырап отырғаны белгілі. Қазақ тілінің графикасы бірнеше жазу нұсқаларына (араб, латын, кирил жазулары) бағындырылған. Әйтсе де ұлттық тілдің өзіндік әуездік ерекшеліктері бар. Сондықтан қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруде қазақтың төл дыбыстарының дұрыс дыбысталуын және дұрыс жазылуын сақтау керек. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіру керектігін ескертті. «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек», – деген Мемлекет басшысының нақты тапсырмасына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігі тіл ғалымдарына жаңа міндеттер жүктеп, бұл мәселе қайта зерделене бастаған болатын.
Сонымен тиісті жұмыстар жүргізілді. Ғалымдар көпшілік назарына тағы бірнеше әліпби жобаларын ұсынды. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасы бойынша ашық талқылау шарасы өтті. Оған өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының тіл мамандары қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова тіл ғалымдары үш әліпби нұсқасын ұсынып отырғанын айтып, мамандарды қай жобада қандай артықшылықтар немесе кемшіліктер барын ашық талқылауға шақырды. Ұсынылған нұсқалардың әрқайсысында филологтар тілдік заңдылықтарға әр қырынан келген. Біріндегі кемшілік екіншісінде толықтырылғанымен, онда да ескерілмей қалған мәселелер жоқ емес. Қысқасы ол қандай ерекшеліктер? Облыстық тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Перизат Маханова осыны түсіндіріп берді.
Перизат Атабекқызы:
– Ең алдымен бекітілген нұсқадағы ерекшеліктерге тоқталайын, мұнда 32 әріп бар, диакритика – 2, олар акут және ноқат болып келсе, бұл әліпби жобасында бұндай әріптердің 8-і қолданылады. «Бір дыбыс – бір әріп» принципіне сәйкес келмейді. Монограф саны – 30, 2 диграф пайдаланылады. Тағы бір айта кететіні, ұлттық тілдің 28 дыбысын толық қамтиды.
Ал Акут (жетілдірілген) жобада 31 әріп бар, акут, макрон, седиль, ноқат, жалпы 4 диакритика 9 әріпте қолданылады. Мұнда да «Бір дыбыс – бір әріп» принципіне сәйкестік толық сақталып отырған жоқ. Монограф саны – 31, 9 диграф пайдаланылады. Алдыңғысымен ұқсас тұсы – қазақ тілінің 28 дыбысын толық қамтуында ғана.
Үмлаут (жетілдірілген) жобаның Акутпен ұқсастығы – әріп санының тең екендігі және төл тілімізге тән 28 дыбыстың толық қамтылуы. Бірақ мұнда умлаут, макрон, седиль, ноқат, бревис диакритикасы 8 әріпте қолданылады. Ең басты артықшылығы – «Бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес. Монограф саны да – 31, диграф жоқ.
Аралас (талқылаудағы) жобасында 31 әріп бар, бревис, ноқат, седиль, әріп ортасы сызық түріндегі диакритика 6 әріпте қолданылады. Бір дыбыс бір әріпке толық сәйкес келгенімен, екі бөлек жүйе әріптері араласқандықтан, қазақ сөзін цифрлық базалардан (Google, Яндекс тағы басқалары) іздеу мүмкін болмайды.

Бекітілген нұсқаны түбегейлі өзгертіп жіберуге болмайды

Тұрсынай Абдықадырова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Қабылданатын әліпбиді халықтың талқысына салу осы уақытқа дейін бірде-бір мемлекетте болмаған. Осының өзі біздің мемлекетіміздің демократиялық бағытты ұстанып отырғанын көрсетеді. Біз бүгінге дейін латыннегізді қазақ әліпбиінің бекітілген нұсқасы бойынша біраз жұмыс жүргіздік. Кемшіліктерін көрсетіп, ұсыныс-пікірімізді білдірдік. Латын графикасына көшуге дайындық барысында осы жобаны оқып-жазып, көзіміз де үйреніп, санамыз қабылдап та қалған еді. Сондықтан жаңадан ұсынылған жобалар бойынша әлі де біраз сүзгіден өткізіп барып, дұрысын қабылдағанымыз жөн деп ойлаймын. Өзімнің жеке пікірімді жеткізсем, бастапқы бекітілген нұсқаны түбегейлі өзгертіп жіберуге қарсымын. Тіл ғалымдарының айтып, көтеріп жүрген кемшіліктері де көкейге қонады. Соларды ескере отырып, енгізу керек деп есептеймін. Екінші Акут жобасы алғашқы бекітілген нұсқадан тым алшақ емес, сол себепті де көңілге осы қонатын секілді. Біз өз кафедрамызда мамандар өзара басқосып, талқылап, қосымша ұсыныс-пікірімізді жазбаша беретін боламыз.

Тілдің ішкі әуезділігі сақталса…

Сәмен Құлбарақ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Қазақ тілінің басқа тілдерге ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Ол алдымен әуезділігі дер едім. Ұсынылып отырған жобалардың қайсысы біздің тілдің сингормонизм заңдылығының сақталған-сақталмағанына, дыбыстардың таңбалануына тоқталмай-ақ қояйын. Себебі бұл бағытта нақты зерттеп, жұмыс жүргізіп жатқандар бар. Бұл жағдайда сол мамандардың пікірі құндырақ болар еді. Менің пікірім мынадай – қай нұсқа қабылданса да, тілдің ішкі әуезділігі сақталса, қарпіміз нақты әрі айқын болса! Оқып-үйренушілерге қиындық туғызбауы керек. Дыбыстарымыз қатаңданып, тақылдап отырғанымызды қаламас едім. Мысалы, ақ лақ деп айтпаймыз ғой. Бірақ әліпбиде солай көрсетілсе, ата-аналар баласына солай оқытып үйретуі мүмкін. Біздің тілімізде бұл сөзді біз сәл жұмсартып айтамыз.

Үмлаут ортақ түркі дүниесіне жақындата түседі

Балмира Мырзабаева, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы:
– Төртінші нұсқа әлеуметтік желілерде жарияланбады. Сондықтан ондағы артықшылықтар мен өзгешеліктерді жақсы білмеймін. Бекітілген нұсқаға жақындау екен деп Акут жетілдірілген жобасын мақұлдай беруге болмайды деп есептеймін. Себебі техника тілінде Акут деген екпінді білдіреді. Ұсынылған нұсқалардың ішінде бізге ең жақыны – Үмлаут. Енді неге екенін ашып айтайын, біріншіден біз осы жобаны қабылдау арқылы ортақ түркі дүниесіне жақындай түсеміз. Латыннегізді графикаға көшу туралы мәселе көтерілгенде ғалымдардың көздегені де осы болатын. Мына нұсқада соған келеді.
Бұл жобадағы үмлаут, макрон, седиль, ноқат, бревис секілді диакритика санынан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы мұнда Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Бір дыбыс – бір әріп» принципі сақталып тұр. 31 әріп бар. Ч – әрпін алып тастаған. Оның себебін былай түсіндірер едім, қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде ч әрпінен басталатын 12-ақ сөз бар. Чемпион, чек, чемодан секілді кірме сөздер. Қазір біз чекті – түбіртек деп қолданып жүрміз, чемпионды – жеңімпаз деп айтамыз, чемоданды әу бастан шабадан деп атап келді ата-әжелеріміз. Сол сияқты дыбыстық үндестікте өзгеріске ұшырайтын сөздер бар, сондықтан бұл жерде ч әрпін сақтап қалудың еш қажеттілігі жоқ. Сондай-ақ бревистен де қорықпауымыз керек. Бұл жобада бревис бір ғана «ғ» әрпінде қолданылып тұр. Ал седиль «ң» әрпінде, оны бұлай жазу бізге жақсы таныс.
Орфографиялық ережеде «й»-ді дауыссыз дыбыс деп астын сызып тұрып көрсеткен. Дауысты дыбыстарға үмлаут қойған. Мысалы «ү»-ге қойған. Ендеше «і»-ге де соны қою керек. Себебі «і»- де жіңішке дауысты дыбыс. Егер осы дыбысқа үмлаут қойса, қазақ тілінде «и» мен «і» қатар келетін сөздерде де біз қиналмаймыз.
Аралас нұсқа туралы бір ғана нәрсе айта аламын, мұнда әріптердің эстетикасы сақталмаған. Фонетикада бір жақсы заңдылық бар, әріптер сұлу болуы керек деген. Жазу жазғанда да ол сұлу көрінуі қажет.

Көз шалу дағдысын естен шығармаған жөн

Ғалия Абдыханова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы:
– Менің ойымша, Үмлаут жетілдірілген жобасы біздің ана тіліміздің ерекшеліктеріне қарай көбірек жақындау келеді. Кафедра оқытушылары өзара бас қосқанда біз осы жобаларды талқыладық. Әртүрлі ұсыныстар айтылды, бірақ барлығымыздың пікіріміз осы Үмлаут нұсқасы дұрыс деген ойдың төңірегінде түйісті. Бір ғана келіспегеніміз «и» мен «і». Алдыңғы бекітілген нұсқа бойынша латыннегізді графиканы үйрену курстарында тыңдаушылар диктант жазғанда тура осы «и» мен «і» жазылатын сөздерде қатты қиналды. «І» жазатын жерге «и»-ді жазып немесе керісінше орнын ауыстырып жібергендер көп.
Меніңше, «и» бас әрпінде де, кішісінде де ешқандай нүктесіз, ноқатсыз қалуы керек. Ал «і» әрпінде кирилл негізді әліпбидегідей төбесіндегі нүктемен қалуы тиіс деп ойлаймын. Бұл жобада бір диакритиканы ноқат деп беріпті. Ол нүкте болуы мүмкін. «И»-дің үстіндегіні ноқат дейді. Бұрын оқытушы еді ғой, «Ай үстінде бір ноқат» деп. Мысалы, облыс орталығында Тараз инновациялық университеті бар, біз оны қысқаша ТИГУ деп оқып жүрміз. Егер соны латын негізді әрі осы нұсқа бойынша ноқат қойып жазсақ, көз шалу дағдысы бойынша «тігу» деп оқимыз. Ал онымыз дұрыс емес. Көзге ерсі көрінетін нәрседен қашу қажет.
Тағы бір айтарым, «инновация» деген сөзге тоқталсам. Осы сөзді мына нұсқа бойынша «иновация» деп айтамыз. Бұл құлаққа ерсі естіледі, сөздің мағынасына нұқсан келтіреді. Тура осы сөзде біз қатаң оқылуы үшін «т» мен «ц»-ны қатар жазуымыз қажет деп ойлаймын.

Түсініксіз ережелер кедергі келтірмесін

Әлия Түймебекова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы:
– Менің де айтарым, «и» мен «і»-ге байланысты. Осы «И»-ді біз ағылшыншадағы «yes» дегенде басталатын «у» мен таңбалауымыз керек шығар. Сонда бірқатар қиындықтардан құтылармыз. Осы әріпті түптамырымен өзгерту қажет деп ойлаймын. Осылай жазғанда ғана біз «и» мен «і»-ні шатастырмайтын боламыз. Ноқат қоямыз ба, қоймаймыз ба, сөз ішінде келгенде қалай жазамыз деген сауалдардан құтылар едік.
Диктант жазу кезінде де бұл едәуір кедергі келтіреді. Қайтадан «и» мен «і»-ні өзгерту арқылы біз білім алушыларды шатастырып отырмыз. Осының өзі оқушыларды бағалау кезінде қиындық туғызады. Түсініксіз ережелердің кесірінен балалардың бағасы төмендемеуі қажет.

Тілші түйіні:

Техника мен технология күн сайын жаңарып отыратын кезеңде үстемдік латыннегізді әліпбиге көшу – өркениетке бір қадам жақындата түседі. Қазірдің өзінде біз заманауи техникаларды қолданарда осы графиканы пайдаланып жүргеніміз анық. Сондықтан бұл әліпби бізге таңсық емес. Біздің қоғам бұл жүйеге көшуді өзіміз ойлағаннан да ертерек бастаған.
Латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Алдымен филолог мамандар айтып жүрген артықшылықтарына тоқтала кетсек. Бірінші айтарымыз – тіл тазалығы. Жаңа әліпбиді қабылдау арқылы біз тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтап қаламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытуда артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі негізінен, латынды қолданады. Біз оларға рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынас тұрғысынан жақындай түсеміз.
Бұның бәрі бұған дейін сан рет айтылған пікірлер. Біздің мақсат – латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін қабылдаудың қаншалықты қажет екенін халыққа түсіндіре түсу үшін қайталап айту ғана. Ендігі мәселе тілдік ерекшелігімізді, әуезділігін жоғалтпайтын нұсқаны жетілдіре отырып, қабылдау. Бұл жерде, әсіресе тіл мамандары аянып қалмауы тиіс. Себебі, тарих қателікті кешірмейді. Ахмет Байтұрсынұлының: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөзді айтар сәт те осы кез.
Тағы да Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне оралсақ, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Ендеше тілдік ерекшелігімізді сақтау қалу үшін бүгін немқұрайлылық танытпауға тиіспіз!

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support