Саясат

Қасқабұлақ тұрғындары ел мен жердің қадірін біледі

Қасқабұлақ тұрғындары ел мен жердің қадірін біледі

«Жаңатас – Қаратау – Тараз» бағытындағы асфальт жолдың тауға қарай кілт бұрылатын жерінде Қасқабұлақ ауылына апаратын асфальт жолға түстік. Тентексай арқылы өтетін асфальт жолдың ұзындығы 12 шақырымды құрайды. Өткен жылы асфальт төселіп, ел игілігіне ұсынылған жолдың тиімділігі айтпаса да түсінікті. Ирелендеген жолдың әр тұсы қауіпті. Оның үстіне ені де көңіл көншітпейді. Алып машиналар жүрсе жұқа төселінген асфальт жолдың шыдас беруі қиын-ау деп іштей ойладым. Әйтеуір жоқтан жақсы. 12 шақырым деген не тәйірі, жеңіл машинамен жүйткіп отырып, Қасқабұлақ ауылына 10 минутта-ақ жеттік. Ауылға кіреберістегі ауызсумен қамтитын нысан көзге бірден шалынды. Етектегі ауылда ақ шаңқандай әдемі көрініп, Қасқабұлақ орта мектебінің ғимараты менмұндалайды. Біраздан бері бұл жаққа жолымыз түспеген. Ауылда көп өзгеріс бар екені байқалады. Елді мекеннің қақ ортасын жарып ағатын өзеннің атымен аталатын ауылда негізінен күрд ағайындар тұрады. Өткен ғасырдың ішінде, атап айтқанда, 1937 жылы Қазақстанға күштеп жер аударылған күрд ұлтының өкілдері ең әуелі Ойық ауылына қоныс аударса, жерсінбеген соң ауыл ақсақалдарының тілегімен Қаратау баурайындағы Қасқабұлақ өзенінің бойы мекеніне айналыпты. Халықтың қабырғасын қайыстырар сол зорлық-зомбылықты көзбен көргендерден төрт-ақ адам қалыпты. Бүгіндері жасы 90-ды алқымдаған әлгі кейуаналар өздері аққа жарымай отырса да, құшақтарын айқара ашып, төрінен орын беріп, бір үзім нанды бөліп жеген қазақтардың қайырымдылығын айтып, көздеріне жас алатын көрінеді. – Қордай ауданында болған келеңсіз оқиға есімізге түссе, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмаил Үсейінов. – Жүрегім ауырады. Бұл оқиғаға жергілікті халықты кінәлауға болмас. Жаман ұлт болмайды, жаман адамдар болады. Бұл қақтығысты сондай топтардың ұйымдастырғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында болған іссапары кезінде қадап айтып, олардың ұлтына қарамай заң алдында бірдей жауап беретінін мәлімдегені бізді қуантып отыр. Біз, Қасқабұлақ ауылының тұрғындары Қазақстанды туған Отанымыз санаймыз. Осы жерде туып-өстік. Ата-бабаларымыздың сүйегі осында жатыр. Біз бақытымызды осы жерден таптық. Қазақтармен ағайын-туыс болып кеттік. Арамызда ешқандай реніш жоқ. Ойық ауылы халқының «Ішімдіксіз, бұзақысыз, үлгілі ауылға айналамыз» деген пәтуәсін біз де бірауыздан қолдаймыз. Ауылымызда 10 жылдан бері дүкендерде арақ сатылмайды. Ұрлық-қарлық атымен жоқ. Отбасының беріктігі айтарлықтай мығым. Соңғы 5 жылда бірде-бір отбасы ажырасқан емес. Біз Исмаилдан «жастардың ішімдіктен бас тартуының сыры неде?» деп сұрадық. Сөйтсек барлығы отбасы тәрбиесіне байланысты екен. Кейде ішімдік ішіп кездесетін жан болса, оны ақсақалдар ортаға алып, тәртіпке салатын көрінеді. «Елдігіміз елге байланысты» деген тақырыпта өткізілген жиында Исмаилдың сөзін Махмед Темиров одан әрі жалғады. – Біздің ата-бабаларымыздың мұнда қоныстанғанына 83 жыл толды. Мен бұл жерді атамекенім деп санаймын. Тіпті мен басыңнан аяғыңа дейін алтын құямын десе де, ешқайда көшпеймін. Балаларыма да соны айтып отырмын. Құдай берген 9 ұл-қызым бар. Олар да солай ойлайды. Алайда адам аласы ішінде дегендей балаларымыз Тараз қаласындағы мал базарына мал сатуға барса, біреулер қоқаңдаған көрінеді. Оның бұзақы екендігі даусыз. Міне, халықты арандататын сондай надандар. Ондайлар әр халықта да кездеседі. Ал біз ақсақалдар ондай жөнсіздіктерге жол бермеуіміз керек. Мемлекет басшысының «Ауыл ақсақалдары осы бағытта жұмыс жүргізіп, елдегі береке-бірлікті нығайтып, жастарымызға дұрыс жол көрсетіп, тәрбие беруі керек» деген сөзі орынды. Осы жиында сөз алған ауылдық Билер кеңесінің мүшесі Рашид Халилов ағынан ақтарыла сөйледі. «Өткен ғасырдың 80-жылдары Солтүстік өңірге астық жинауға көмекке баратын едік. Егін орағы біткен соң елге оралып, ауылымыздың тұсына жақындаған кезде Қаратаудың биігіне шығып, «Уа, туған жер, саған аман-есен жеттік пе?» – деп көзімізге жас алатынбыз. Әлі де солай» деді. Ауыл ақсақалдары Али Юсупов, Мұхамед Мұсаев ұлтаралық қатынасты нығайту жайлы ойларымен бөлісті. Президенттің, облыс басшысының мектепте қазақ тілін оқыту жөніндегі тапсырмаларын дұрыс санайтындығын жеткізді. Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Сулхадин Мұстафаев Қасқабұлақ орта мектебінде 1956 жылға дейін оқудың қазақ тілінде жүргізілгенін, кейіннен біреулердің ықпалымен бұл мектепте білім алу орыс тілінде жүргізіліп кеткендігін қынжылыспен еске алды. Қасқабұлақ ауылында 1204 тұрғын бар. 19 мың бас қой-ешкісі, 1050 ірі қарасы бар ауыл. Көсегенің көк жонында 1740 гектар егістік алқабы барын тағы айтыңыз. Топырағы құнарлы, жері шұрайлы өңір екенін де білеміз. Ауыл ақсақалдары жиын барысында мал да, жан да бар екенін айтып, баяғы техникалардың жекешеленіп кетіп, біршамасы ғана қалғанын, олардың да тозығы жеткендігін сөз етті. Бұл тығырықтан шығатын жол қайсы? Ол – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуды көксейтін қанатқақты жобаның қолға алынуы. Қасқабұлақтықтар Үшарал ауылы халқының осы жоба арқылы несие алып, тұрмыс жағдайын жақсартып жатқандарынан хабардар. Сондықтан болар олар «қанатқақты жобаның жақсылығын біз де көрер ме екенбіз?» деп алаңдаулы. Аталмыш жобаға байланысты біз де білгенімізді айттық. Оның ең тиімді жолы – ауыл шаруашылығы кооперативін құру дестік. Кооператив құрылса, оған жеңілдетілген несие беріледі. Ол қаржыға техника алады. Қуатты техникасы бар ауыл жем-шөбін, астығын өздері дайындайды. Сөйтіп, техниканың жоқтығынан көршілес аудандардан қымбат бағаға сатып алып жатқан мал азығын, малдың жемін өздері дайындайды. Оған осы бастан қам жасау керек. Ол үшін кепілге қоятын заттарын түгендеп, бизнес-жоспарын жасау керек. Оның өзіне біршама уақыт кететіні анық. Небәрі екі жарым процентпен несие алуға жол ашатын бұл халықтық жобаның пайдасының зор екендігін түсіндірдік. Елдің бәрі жұмыла еңбек еткенде жұмыссыздық азайып, әр отбасының табысы еселенеді дедік. Ауыл әкімі С.Мұстафаев осы бағытта түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Ал біз теңдесі жоқ жобаны халық болып жүзеге асырса жөн болар еді дестік. Әрі осы іске ауыл ақсақалдары белсене қатысулары тиіс екендігін айттық. Сол күні тағы да бір қуанышты жағдайға куә болдық. Облыстан келген сала басшылары ауылдағы жеті көшенің төртеуін асфальттау үшін жобалық-сметалық құжатын жасауды тапсырыпты. Оған қоса аймақтағы үш жол көпірі қайта жаңғыртылмақ. Сәтін салса, таяу жылдары балабақша ғимараты да салынбақшы. Әлеуметтік мәселе шешімін тапқан жерден кім қалаға көшеді? «Тек енді ауыл шаруашылығы кооперативін құрсақ, бірігіп жұмыс істейміз» деп серпіліп отыр жұрт. Ал жұмыс бар жерде береке-бірлік, ынтымақ болатындығы әу бастан белгілі. Әрі бұрынғыдай алыс-беріс жалғасын тауып, ел табысқа кенеледі. Сонымен қасқабұлақтық ағайындар ел бірлігін сақтаудың жолы – еңбекте деп ортақ пәтуәға келді. Сәулембай Әбсадықұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы. Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы.