Қордайда көп жұмыс іске асырылады
Қордайда көп жұмыс іске асырылады
Елбасы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде ауыл-аймаққа мықтап көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Тұңғыш Президентіміз сөзінде еліміздегі миллиондаған ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар айтып, бұл мәселе көптен бері көптің көкейін мазалап жүрген маңызды әрі алдағы жылдардағы негізгі міндеттердің бірі екендігін жеткізген еді. Осы орайда Н.Назарбаев болашағы бар ауылдарды іріктеп, сол елді мекендерде әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникацияларды жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында жобаның жалғасатынын айтып, оның мерзімін үш жылға ұзартып, бөлінетін қаржы көлемін арттырғаны белгілі. Биыл ауданда аталған жоба аясында қандай жұмыстар істеледі деген сұрақ көптің көкейінде жүргені рас. Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы біраз елді мекен ішіндегі көше жолдарының қазіргі жағдайы өте нашар. Сонымен бірге білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау саласындағы ғимараттардың көпшілігі күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ инженерлік желілер де әбден тозған. Десе де, бұл мәселелер бірден шешілмесі анық. Бірақ оны «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кезең-кезеңмен біртіндеп ретке келтіруге мүмкіндік туып отыр. Былтыр ауданда медициналық пункттер салынып, ондаған көше жолдарына асфальт жабыны төселген болатын. Бюджеттен бөлінген қаржыға бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Ауданда жұмыс жоқ емес, бірақ қаржының шектеулігі ауқымды жұмыс атқаруға қолбайлау болып тұр. Бұл жобаның биыл ауданға тың серпіліс әкелеріне сенімдіміз. Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту көзделген. Бұдан бөлек, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде ауданда үлкен жұмыстар атқарылмақ. Бұл – өңірде кәсіпкерліктің де қанат жаюына өз септігін тигізері анық. Биыл жоба аясында Қордай ауылына 885 миллион теңге қаржы бөлініп, 22 жоба іске асырылмақ. Атап айтсақ, бұл қаражат есебінен аудан орталығындағы 21 көшеге асфальт жабыны төселетін болады. Сонымен бірге жаңа спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Ал 2021 жылы жоба аясында Отар, Бетқайнар және тағы басқа тірек ауылдарда осындай ауқымды жұмыстарды қолға алу жоспарлануда. Бұл жоба ауылдарға жаңаша серпін беріп, жылдар бойы қордаланған түйткілдердің түйіні тарқатылады деген сенімдеміз.
Фариза ҚОРАБАЙ.
Қордай ауданы.