- Advertisement -

Шалғайдағы аудандардың экспорттық әлеуеті артып келеді

53

- Advertisement -

Еліміздің экономикасы жыл өткен сайын дамудың жаңа баспалдақтарын бағындыруда. Ол бір шетінен өңірлердегі өрісті жұмыстардың нәтижелілігін байқатса, екіншіден, шетелдік инвестицияны қолдауға қатысты мемлекеттік саясаттың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде елдегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, дүниежүзілік нарықтың бүгінгі сұранысқа ие тауарлармен толыға түсуіне жол ашатыны айтпаса да белгілі. Сонымен қатар еліміздегі дәл осындай өндірістік кәсіпорындар мен шалғайдағы шаруа адамдарының экспорттық әлеуеті қаншалықты мығым болса, егемен елдің экономикасы да соншалықты мықты болмақ.
Әлбетте, отандық өнімді әлемдік нарыққа шығарудың алғашқы баспалдақтары аудандар мен ауылдарда жатыр. Өйткені тұтынушылар талап ететін сапалы әрі табиғи азық-түлік те, шетелге қажетті шикізат та ауылда екені белгілі. Оған қоса, елімізге ағылып келіп жатқан кез келген инвестор ең әуелі өз кәсібі үшін ыңғайлы әрі қолайлы жерді іздейді. Ондағы шикізат қоры мен тасымал, қазық қағатын жерінің инфрақұрылымы мен кәсіпорынның сұранысына сай жер іздеу сынды мәселелері оңтайлы шешілер болса, кез келген инвестор шалғай түгілі шартараптағы аймақ болса да өз жұмысын бастап кететіні айдан анық. Бұл ретте облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу мен Мойынқұм аудандары инвесторлар үшін өте қолайлы аймақ екенін айта кету керек. Оны қос аудандағы инвестициялық жобалардың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанынан да аңғаруға болады. Осыған байланысты дәл осы шалғай өңірлердегі кәсіпорындардың бүгінгі таңдағы экспорттық әлеуеті мен өнімін шет елге шығарып жүрген шаруалардың іскерлігін байқап көрген едік.
Бүгінгі таңда өнімі әлемдік нарықтағы бәсекелестікке төтеп бере алатын және үлкен сұранысқа ие кәсіпорындар аса көп емес. Солардың бірі – Шу ауданында орналасқан «Kaz Iro Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мақсары майын өндірумен айналысатын ирандық компания ауданда 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобалық құны 3 миллион АҚШ долларын құрайтын кәсіпорында бүгінгі күні 70-ке жуық адам жұмыс істейтін болса, оның жартысынан көбі жергілікті жердің тұрғындары. Аталмыш өндіріс ошағы бір тәулікте 3 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы. Мұндай іргелі өндіріс ошақтарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі – экспорттық әлеуетті арттыру екені белгілі. Сол себепті ирандық компания кейінгі кезде бірқатар Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді қолға алған. Мәселен, Алинагиян Хамидрезаның иелігіндегі кәсіпорын «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай мен Ресейге, Нидерланды мен Чехияға экспорттап келсе, соңғы екі жылдың көлемінде Жапония мемлекетіне өткеріпті. Осылайша олар Жапон елінің нарығына шығып отырған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын саналып отыр. Айта кету керек, «KazIrAgro» ЖШС өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында-ақ 523,2 тонна мақсары майын, яғни, 231 миллион 419 мың теңгенің өнімін экспортқа шығарыпты. Оның ішінде Германия еліне – 312,9, Чехияға – 167,2, Жапонияға 41,1 тонна және көршілес Өзбекстанға 2 тонна өткерген. Сондай-ақ тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары мен арпа және бидай өсіретін егістік алқабы да бар. Бүгінгі таңда шетелдік нарықта өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген іргелі кәсіпорын алдағы уақытта өнім көлемін бірнеше есеге арттыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар Шу ауданындағы «ҚазМия» ЖШС да іргелі кәсіпорындардың бірі. Тамыры табысқа толы мия өсімдігін керегіне жаратып, одан мол өнім алып отырған өндіріс ошағының бүгінгі аяқ алысы жаман емес. «Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы» аясында тірлігін тіктеп отырған бұл кәсіпорынның іргетасы 2014 жылы салына бастаған. Құны 900 миллион теңгені құрайтын зауыт жылына 2500 тонна мия тамырын өңдеуге қауқарлы. Жапондық инвесторлардың қолдауымен қолға алынған өндіріс орны мия тамырын ұнтақ түрінде шығаруда. Одан бөлек, мия тамыры экстрактісінің тағы бір түрі бар екен. Бұл қою экстракт еліміздің дәріханаларында жөтелге қарсы ем ретінде сатылып жатқан көрінеді. Бірақ кәсіпорынның шығарып жатқаны – ұнтақ түріндегі шикізат. «ҚазМия» ЖШС-ның директоры Олжас Әбдешовтің айтуынша, қою экстракті шығару үшін жапондықтар өнімді өңдейтін зауыттарын облысқа көшіру туралы 2015 жылы облыс әкімдігімен бір мәмілеге келген көрінеді. Алайда екінші зауытты мұнда әкелу үшін, алдымен біріншісін аяғына тұрғызып алу керек. Серіктестік жұмыстары дәл қазір осы бағытта тер төгуде. Егер жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, екінші кәсіпорын бой көтеретін болса, В гепатиті, көз аурулары сынды дерттерге қарсы емге қолданылатын моноаммониум глицирризинат деген бағалы өнім шығаруға мүмкіндік тумақ. Аталмыш кәсіпорын өткен жылы 45,6 тонна өнім шығарып, Жапонияның Гонконг қаласына жөнелткен. Бүгінде зауыттың қоймасында 55 тонна шикізат сақтаулы тұр. Ол үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында экспортталмақ. Ал жапондықтар шикізатты дәріге айналдырып, ел тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуға уәде еткен көрінеді. Сол себепті бүгінде мұндағы өнім Жапон еліне жөнелтілуде.
Айта кету керек, үстіміздегі жылы аудандағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында құны 160 миллион еуроны құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Экспортқа бағытталған фри картобын өндіру зауытының құрылысы ағымдағы жылы басталады деп күтілуде. Бұл жоба жүзеге асып, толық қуатында жұмыс істей бастағанда ауданның экспорттық әлеуеті бұдан да жоғары болатындығына күмән келтіре алмаймыз. Сондай-ақ аудан шаруалары ет экспортынан да құралақан емес екенін айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылы шулық шаруалар 109 тонна қозы етін Иран мен Біріккен Араб Әмірліктеріне, 52,5 тонна сиыр етін көршілес Қырғыз еліне экспортқа шығарыпты. Қозы етінің 33 тоннасын аудандағы бір ғана «Батай» шаруа қожалығы өткерген. Шаруашылық жетекшісі Болат Андасбаевтың айтуынша, етті көбіне-көп «Меркі ет комбинаты» ЖШС-на өткізеді екен. «Қазіргі таңда иелігімізде 6600 қой, 196 жылқы, 274 сиыр және 88 түйе бар. Етті экспортқа шығарумен айналысқанымызға бірнеше жыл болды. Қазірдің өзінде 900 бас қойымыз бордақы алаңында тұр. Наурыз айында түгелдей «Меркі ет комбинатына» өткізуді көздеп отырмыз» – дейді шаруашылық жетекшісі. Тұтастай алғанда Шу ауданының экспорттық әлеуеті қай жағынан да алдыңғы қатарда тұрғанын аңғаруға болады. Оның үстіне, бұл аудан тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, дайын өнімді тасымалдауға келгенде таптырмайтын аймақ.
Ал шалғайдағы Мойынқұм ауданына келер болсақ, құмды өлкеде орналасқан кәсіпорындар да халықаралық нарықта өз жолын тауып үлгерген және әлемдік сұранысқа ие өнімдерді шығарып келеді. Осы арқылы Мойынқұм өңірінің жыл өткен сайын тынысы ашылып, көкжиегі кеңейе түсуде. Жалпы, өңіріміздің жартысына жуық аумағын алып жатқан бұл өңірден Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің біразы бар. Олардың ішінде бірнеше химиялық элементтердің қосындысынан құралған гранит қорының да мол екенін айта кету керек. Бүгінде оны өңдеу жұмыстарымен «Оргстрой» ЖШС қарасты гранитті қайта өңдеу зауыты айналысып келеді. Елімізде құрылыс жұмыстарына дәл осы Мойынқұмның граниті пайдаланылған ғимараттарды көптеп кездестіруге болады. Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік туристерді таңдай қақтырған «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі сәні мен салтанаты келіскен зәулім ғимараттардың ажарын ашуда да Мойынқұмнан өндірілген гранит көп кәдеге жараған көрінеді. Сонымен бірге көршілес Ресей мен бірқатар ТМД елдерінде де «Оргстройдың» граниті қолданылған нысандар баршылық. Кейінгі жылдары гранит өңдеудің жаңа технологиясын енгізу арқылы кәсіпорынның еңбек өнімділігі бес есеге артыпты. Бүгінде өнімнің жартысынан көбін алыс-жақын шет елдерге шығарып отырған кәсіпорын өзінің көліктік-логистикалық кешенін жетілдіруге күш салуда.
Мойынқұм өңіріндегі тағы бір әлеуетті кәсіпорын – «Мыңарал компаниясы» ЖШС. Аталған кәсіпорын мұндағы жергілікті тұрғындардың негізгі күнкөріс көзіне айналған балықты кәсіпкерлерден қабылдап, одан түрлі өнімдер шығарумен айналысады. Құрылғанына 10 жылға жуықтап қалған мекеме жылына 1,5 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы. Қазір мұнда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті де зор. Мәселен, зауыт өткен жылы 282,3 тонна балық өнімдерін өндіріп, 114742 келісін Қытай мен Ресейге және Еуропа елдеріне экспорттаған. Ал «Коптас» ЖШС 3496,18 тонна гранитті Қырғыз, Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне экспортқа шығарыпты. Сондай-ақ «Жамбыл цемент зауыты» 448,92 мың тонна цементті көршілес Қырғыз бен Өзбекстанға өткерген.
Міне, қос аудандағы өндіріс ошақтарының экспорттық әлеуеті осындай. Алдағы уақытта мұндағы кәсіпорындардың экспорттық географиясы одан әрі кеңейе түседі деген сенімдеміз. Тек, әлемдік нарыққа сай өнім шығарып, ұсына білсе болғаны. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Мемлекет кәсіпорындарға әрдайым қолдау көрсетіп, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауды назардан тыс қалдырған емес.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу және Мойынқұм аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support