Экономика

Жері байдың – елі бай

Жері байдың – елі бай

Кез келген мемлекеттің құрылуының, дамуының алғышарты, ол – халқы, жер ресурстары. Еліміз өз тәуелсіздігін алған сонау 1991 жылдан бері жер ресурстарын пайдалану және қорғау саласы бойынша бірнеше реформа жасалды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жер ресурстарын пайдалану бұрынғы Қазақ ССР Жер кодексі нормаларының аясында қолданылып келді. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы жерін жекеменшікке алу туралы Президенттің Жарлығы шықты. 1994 жылдың 5 сәуіріндегі «Жер қатынастарын одан әрі жетілдіру туралы» Жарлыққа сәйкес жерді тұрақты пайдалану құқығы арқылы сатуға, сыйлауға, жалға беруге, кепілге қоюға мүмкіндік жасалды. Осыдан бастап ұжымшарларда 20 жылдан астам еңбек еткен шаруаларға жерінің 10 процентін тұрақты пайдалану үшін берілді. Кейіннен бұл құқық жер пайдаланушылардың иелігіне өтті. 1995 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер туралы» Жарлығында ел азаматтарына, оның ішінде шет ел азаматтарына жерге жекеменшік құқығы нақтыланды. Жарлықта шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жеріне жекеменшік құқығын беру қарастырылған жоқ, ол тек үй іргелік, қосалқы шаруашылық, бағбандық, саяжай, өндірістік және өндірістік емес құрылыс салу үшін берілетін жер телімдеріне ғана қатысты болды. Аталған Жарлықта «Қазақстанда жер заңмен көзделген тәртіп пен шектерде жекеменшікте бола алады. Қазақстан Республикасы азаматтарына жер учаскелері өзіндік қосалқы шаруашылық үшін, бағбандық үшін, саяжай құрылысы үшін, өндірістік және өндірістік емес құрылыс немесе құрылыс салу, сонымен бірге, тұрғын үй ғимараты және осы ғимаратты (құрылғы, құрылыс) қамтамасыз етуге беріледі» делінген. Осы Жарлықтың нәтижесінде 2,5 миллион адам үй іргесіндегі жерге қол жеткізсе, 1,2 миллион отбасына қосалқы шаруашылық, 112 мың гектар бағбандық, 805 мың адамға 270 мың гектар жер телімі саяжай үшін берілді. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, заңды тұлғаларға жекеменшікке жер учаскелері өндірістік және өндірістік емес сипаттағы құрылыс, тұрғын үй үшін берілетіні нақтыланды. 1999 жылы Үкімет ауыл шаруашылығы жерін жекеменшікке беру жайлы заң жобасын ұсынды. Қоғамда қарсылыққа тап болған бұл жоба Парламентте бекітілмей, Үкімет кері қайтарып алды. Бұл жобада «отбасылық принциппен құрылған шаруа қожалықтарына арнаулы жер қорынан, пайдаланылмай жатқан жерлерден, жекешелендіру нәтижесінде алынған жер үлесінен, жер үлестерінен өз еркімен бас тартқандардың жерінен құралған жер учаскелері жекеменшікке сатылуы мүмкін» делінген болатын. Бірақ қоғам бұған дайын болмай шықты. 2003 жылы ҚР Жер кодексі қабылданып, онда жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделген заң нормалары енгізілді. Үлкен дау-дамаймен қабылданған жер заңнамасында жекеменшік құқығы, шетелдіктерге ауыл шаруашылығын 10 жылға дейін жалға беру құқықтары заңдастырылды. Еліміздің әлемдік интеграцияға енуі, экономиканың нарықтық қатынастарға көшуі себебінен бұрынғы орталықтандырылған мемлекеттік ауыл шаруашылығы құрылымдары (колхоз, совхоздар) таратылды. Осыған орай мемлекеттік ауыл шаруашылығы құрылымдардың есебінен ауыл тұрғындарына жер, мүлік үлестері берілді. Жер үлесін алған әрбір азаматқа 2005 жылдың 1 қаңтарына дейін өз шаруа қожалығын ашу керек болатын. Немесе үлесін басқа шаруашылыққа өткізуі тиіс еді. Ал таңдау жасамағандардың жерлері мемлекетке қайтарылды. Сол тұста облыста шаруа қожалықтарының саны 18 мыңнан асып түскен еді. Шаруа қожалықтарының жұмысын үйлестіру елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа іс болғандықтан, шетелдік тәжірибелерді зерттеп, соған арқа сүйеуге тура келді. Бүгінде жер ресурстарын реформалау ауыр жүргізілуде. Өйткені оның объективтік және субъективтік себептері бар. Атап айтсақ, халқымыз сандаған жылдар бойы көшпенді өмір салтын ұстанғандықтан, жерді пайдаланудағы жайылым жерге деген көзқарасы рулық, тайпалық тұрғыда қалыптасқан. Яғни жерді мыңдаған жылдар бойы ортақ пайдалануға дағдыланған халқымыз жердің жекеменшікке берілуін, шетелдіктердің жалға алуын генетикалық тұрғыдан қабылдамады. Жер халықтың басты байлығы болғандықтан, Президент ауыл шаруашылығы жерлерінің сатылмайтындығын қадап айтты. Жалпы жерге құқық беру мәселесі әлемдік тәжірибеде әртүрлі жолмен жүргізілуде. Мысалы, Израиль мемлекетінде ауыл шаруашылығында жер құқығының 5 түрі (мемлекеттік, жекеменшік, жер пайдалану (жалға беру), коммуналдық, кооперация) қолданылады. Бұл жағдай жердің жеке немесе мемлекет меншігінде болуы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың қарқынды жолы деп кесіп айту шарт емес екендігін көрсетеді. Негізгі мәселе ол заңның бұлжытпай орындалуы, сақталуы болып табылады. 2016 жылы елімізде жер реформасы бойынша туындаған наразылық, дәлірек айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатпау (жалға бермеу) туралы халықтың талабы, басқа да қордаланған проблемаларды ашып көрсетті. Ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды дамытуда жер ресурстарын пайдалану мен қорғалуын бақылау өзекті күйінде қалып отыр. Үкімет Жер кодексі қабылданған 2003 жылдан бері саланы 5 рет қайта құрудан өткізді. Қазіргі кезде саланы дамытудың маңыздылығын ескере отырып, оны реформалау мәселесі қаралуда. Өйткені жер саласындағы қордаланған мәселелердің шешімін таппайынша, агроөнеркәсіп кешенін, оның ішінде ауыл шаруашылығын қарқынды дамыта алмаймыз. Жерді пайдалану мен қорғауға бақылау жүргізу, ол тек заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған соңғы шара екендігін әсте естен шығармауымыз керек. Кәсіпкерлердің жер телімін пайдаланбау себептерін жан-жақты зерттеу, анықтау тек жер саласындағы мекемелердің ғана емес, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және тағы басқа мекемелерге де қатысты. Жердің игерілмеу себептерін анықтай отырып, одан шығудың жолын көрсету, кәсіпкерлерге қолұшын беру тиісті құзырлы органдардың міндеті. Егер біз заң талаптарын қатаң сақтай отырып, жерге құқық тапсырып және жерді пайдалануда жер иелері мен жер пайдаланушылардың міндеттерін орындата білсек, жер даулары мен заң бұзушылықтардың азаюына қол жеткізіп қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамуына жол ашылатындығы белгілі.

Жамалбек ӘСЕМБАЕВ, облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы.