Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің
Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев имамдармен кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылады. Аймақ басшысы атап өткендей, қазіргі таңда облыста 350-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі мешіттер. Кез келген ілім бейбітшілік пен келісімді насихаттайды десек, осы орайда жергілікті дін қайраткерлері де Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға өз үлестерін қосуы тиіс. Сенім иелерінің, әсіресе жастар арасында сабырлық пен толеранттылық негіздерін оқытуға ден қою керек. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл тұрғыдан келгенде діни нысандарды жеке қаражат есебінен салуға ешкім қарсы еместігі, алайда басты міндет ретінде – балаларға сапалы білім беру маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді міндетті түрде оқыту, оны қызмет барысында қолдану жайы да назарға алынды. Имамдардың әр сөзі жамағат үшін үлкен рөл атқарады десек, олардың дайындық деңгейіне, шетелдерден жеткізілетін діни әдебиеттердің мазмұнына баса мән беру мәселесі көтерілді. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров елімізде тыйым салынған діни ұйымдар мен ағымдардың жолын кесу бойынша ҚМДБ-мен бірлесіп алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде қоғамда діннің ықпалы күн санап артуда, оған дәлел жұма намазға келетіндердің саны облыс бойынша 35 мыңнан 37 мыңға көбейген, олардың басым бөлігі жастар. Басқосу барысында облыс әкімі баяндама оқып жатқан басқарма басшысын тоқтатып, жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселесі мен мақсатын еске салып, қалыптасып отырған жағдайды жақсарту үшін ведомство нақты қандай қадамдар жасай алатындығын сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, мектептерде онлайн-дәрістер өткізіліп, теологтар мен журналистерден арнайы топтар құрылған. Қордай ауданында имамдар үшін қазақ тілін үйрету курстары ашылған. Алдағы уақытта онда басқару бөлімін құру жоспарланып отыр екен. Облыс басшысы өңір бойынша 70 теологтың еңбек ететініне күмән келтіріп, бір аймақ қана емес, тіпті ел көлемінде мұндай маман санының болуы екіталай екендігін алға тартты. Сондай-ақ аталған басқарма ауылдағы мешіт имамдарының қандай уағыз айтатындығын қадағаламайтындығын, дін көшбасшыларының көзқарастары бойынша зерделеу шараларын ұйымдастырмайтындығын сын тезіне алды. Мемлекеттік ақпараттық саясат аясында жұмыстардың әлсіздігін де тілге тиек етті. Облыстың бас имамы Қанат Жұмағұлов дін қызметкерлерінің алдына жаңа міндеттер қойылып отырғанын айтып, онымен діни басқарманың сайтында танысуға болатындығын жеткізді. Қазақстан мұсылмандары діни тұғырнамасының «Жеті рухани қазық» қағидаттарын келушілер арасында насихаттап, оларды өзара қарым-қатынаста қолдану қажеттігіне тоқталды. Бердібек Мәшбекұлы діни жоралғыларды өткізу кезінде ысырапшылдықтан бас тартып, қарапайымдылық пен қайырымдылық шараларына көңіл бөлуге шақырды. Сондай-ақ имамдар мешіттерде айтылған әрбір сөз үшін жауапкершілікті сезініп, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға үлестерін қосу қажеттігін баса айтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.