«Атамекен» қолдау орталығының» мақсаты – жұмыспен қамту
«Атамекен» қолдау орталығының» мақсаты – жұмыспен қамту
Қордай ауданында «Атмекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың екі бірдей орталығы ашылды. Жоба Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесуімен іске асырылуда.Жобаның ашылу рәсімінде сөз алған «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев «Бұл жоба осы ауданда кездейсоқ іске қосылып отырған жоқ. Қордай ауданында болған соңғы оқиғалардан кейін орталық халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті жеңілдетіп, жұмыссыздық пен кәсіпкерлікке жұмылдыру мәселелерін айтарлықтай шешуге көмектеседі», – деген еді.
Бұл жобаның бірегейлігі – локациясында. Қордай ауданында Жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары – аудандық Мәдениет үйінде және Қаракемер ауылында орналасқан. Бұл орталықтардың міндеті – халыққа жақын болу, жұмыссыз адамдармен байланыс орнату әрі жұмыспен қамту. – Мұндай орталықтар кешенді іс-шараларды көрсетеді. Бастысы – қолжетімділік, ақпараттылық және жауапкершілік. Жұмыспен қамтудың мобильді орталығы жүргізген сауалнама негізінде бос жұмыс орындарының базасын қалыптастырды. Енді жұмыссыз адамдардың орталыққа жасаған өтініміне қарай кеңесшілер базадан қарап, оларға жұмыс орындарын ұсынатын болады, – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов. «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталығын ашпас бұрын Қордай ауданында 4 мыңға жуық компания сауалнамаға қатысып, 111 бос жұмыс орны анықталды. Компанияларға сатушылар, бақташылар, жүргізушілер, өткеру жөніндегі менеджерлер, тігіншілер, тракторист-механизаторлар, жұмысшылар, сауыншылар, жанармай құю стансаларының операторлары қажет екен. Олардың орташа айлығы 42 мен 90 мың теңге аралығын құрайтын болады. Жалпы ашылғаннан кейінгі 2 күн ішінде орталық 90 адамға қызмет көрсетті», – деді Олжас Қаржауов. Жобаның тағы бір ерекшелігі – жұмыс істеу форматында. Әр орталықта 3 менеджер және 1 жеке қабілетті дамыту кеңесшісі қызмет көрсетеді. Жеке қабілетті дамыту кеңесшісі анағұрлым лайықты мамандықты анықтау мақсатында тестілеу өткізеді, қандай дағдыларды дамыту қажеттігін айтады. Осы ретте орталық командасы адамдарды қабылдап қана қоймай, сондай-ақ тұрақты түрде халыққа жақын болып, ауылдарды аралап, үй-үйге барып, тұрғындарға жұмыспен қамтуда қолдау іс-шаралары туралы ақпарат беретін болады. Сонымен қатар өтінім бергендер «Еңбек» жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде қысқа оқыту курстарына қатыса алады. Оқу кәсіпорын базасында өтеді. Мұндай оқыту 1 айдан 3 айға дейін жалғасады, шәкіртақы және ары қарай жұмыспен қамту қарастырылған. Бұдан бөлек, аталған бағдарламаның екінші бағыты – «Бастау» жобасы бойынша өтінім берген жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жас ерекшелігіне қарамастан бір ай бойы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, бизнес жүргізу дағдыларын игереді. Ары қарай кәсіп ашуға, микроқаржыландыру аясында 200 АЕК көлемінде грант ала алады. «Бастау» жобасы аясында былтыр ауданда 403 адам оқыса, оның 155-і грант алған. «Бұл жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 300 мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қолға алу жөніндегі тапсырмасы. Сондай-ақ жұмыспен қамтудың барлық шараларын проактивті режімге ауыстыру аясында іске асырылуда. Бүгінде «Атамекен» қолдау орталығы» Қордай ауданынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған. 2019 жылы жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары шеңберінде 81 109 адамға кеңес берілді, 8787 адам «Бастау» жобасымен оқуға жіберілді, 2834 адам «Жас кәсіпкер» жобасымен оқыды. «Атамекен» қолдау орталығы» жобасы арқылы 2403 адам жұмысқа тұрды. Осы оң тәжірибе жобаны Қазақстанның басқа өңірлерінде жалғастыруға негіз беріп отыр», – дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Айдана Тоғызбаева. Мобильді орталық күнделікті дүйсенбі мен жұма аралығында халыққа таңғы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетуде.
Ақбота БАТЫРБЕКОВА, журналист.
Қордай ауданы.