Білім

Олар жаңа мектепте оқиды

Олар жаңа мектепте оқиды

Білім күні қарсаңында Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Жылдан-жылға көркейіп, өсіп келе жатқан ауылдың оқушыларына жаңадан салынған 300 орындық мектеп есігін айқара ашты. Жаңа үлгіде салынған үш қабатты еңселі білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.

– Облысымыздың білім саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Биылдың өзінде 75 миллиард теңге бөлініп, былтырмен салыстырғанда 16,5 пайызға артты. Осының арқасында күрделі жөндеу жұмыстары, жаңа мектеп салу, балабақша ашу жұмыстары жүйеленіп келеді. Былтыр осы жұмыстарға 5,5 миллиард теңге бөлінген болса, биыл 10,2 миллиард теңге бөлініп, 27 нысанның жұмысы басталып кетті. Оның 12-сі биыл толығымен аяқталады. Осының бірі бүгін ашылып отырған жаңа мектептің құрылысы. Алдағы уақытта тағы 280 орындық балабақша ашылады деп күтіп отырмыз. Мұның барлығы біздің болашағымыз – балаларға деген қамқорлығымыз. Экономикамыздың өркендеуінің, Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі. Заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа білім ошағының ашылуы құтты болсын! Баршаңызды бүгінгі Конституция күнімен, Білім күнімен құттықтаймын! – деді Кәрім Нәсбекұлы. Тағы бір айта кетерлігі, аудандағы мектептердің жетіспеушілігіне қарамастан, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша биыл Жуалы ауданының көрсеткіші 80,57 балл болыпты. Ауданның бұл жетістігіне де ерекше тоқталып өткен облыс басшысы жаңа білім ошағына теледидар сыйға тартты. Жаңадан ашылған мектепке бірден 460 оқушы жазылыпты. Тұрғындардың айтуынша оқушылардың саны бұдан да көбейе түспек. Өйткені, балалар осыған дейін алыстағы мектепке барып, білім алатын. Әсіресе, табиғаттың тосын мінез танытқан кездері қиын еді. Енді өздеріне жақын жерге келіп оқитын оқушылардың қуаныштарында шек жоқ. Мектеп озық технологиялар негізінде білім беру үшін бар құрал-жабдықпен жарақталған. Компьютер кабинеті жоғары жылдамдықты интернетке, ал интерактивті тақта қашықтан оқыту жүйесіне жалғанған. Мерейлі мереке қарсаңында қуанышқа кенеліп отырған ата-аналар мен оқушыларды білім беру ісінің үздігі, Жуалы ауданының құрметті азаматтары Әбілқасым Ергебеков пен Әсия Сағындықовалар құттықтап, тағылымға толы ғибратты пікірлерімен бөлісті. Ұзақ жылдар өз ауылында аянбай қызмет еткен қарт ұстаздар ақ батасын беріп, ұстаздар мен оқушыларға ақ жол тіледі. Мұнан соң, ғимаратты тұрғызған мердігер «Арай Строй маркет» ЖШС-ның директоры Арман Еділбаев білім ошағының кілтін мектеп директоры Құрыш Сыдығалиевке табыстады. Лента қию құрметі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратайға ұсынылды. Облыс орталығынан келген қонақтар мектепке кіріп, сынып бөлмелерін аралады. Оқушыларға арналған 20-дан астам сынып, мәжіліс залы мен асхана, спорт залы, медициналық кабинеті бар үш қабатты білім ордасының безендірілуі мен жабдықталуы жоғары деңгейде.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.