Жамбыл облысының әлеуметтік саласын жандандыру қажет
Жамбыл облысының әлеуметтік саласын жандандыру қажет
- Абайдың 175 жылдығына арнайы ұйымдастырылған концерт төмен деңгейде өтті. Алғыс айту күнін өткізу кезінде техникалық жапсырма әзірленбеген. Мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу ойдағыдай жолға қойылмаған! - деді аймақ басшысы өз сөзінде. Әсіресе ауылдық кітапханалардың әлеуетін кеңінен пайдалану, жастар арасында рухани-адамгершілік бағыттағы кітаптарды насихаттап, оқылымын арттыру қажеттігі айтылды. Жамбыл жері таланттарға бай, олардың өнерін насихаттап, концерттер ұйымдастыруды жолға қою керек. Аудан күндерін тек облыс орталығында ғана емес, аудан, ауылдарда да жиі өткізу, басқа облыстардың шығармашылық ұжымдарын шақырудың да маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ, өңірден шыққан спорт саңлақтары мен чемпиондардың ауыл балаларымен кездесулерін ұйымдастыру, мектептерді спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Аймақ басшысы спорт басқармасының басшысына білім басқармасымен бірлесіп аудандарды аралап, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру стратегиясын әзірлеуді, әрбір ауылдағы спортты дамыту жөніндегі инспектордың штатын қарастыруды тапсырды. Ол ғана емес, жиында АӘК алмайтын отбасылардың жұмыспен қамтылуы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету үшін оларды кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына бекіту қажеттілігі туралы да баса айтылды. Б. Сапарбаев әлі күнге дейін кепілді әлеуметтік пакеттер берілмейтініне қынжылыс танытты. "Егер осы аптада әлеуметтік пакеттерді беру шарасы нақты қолға алынбаса, басқаша сөйлесетін боламыз",-деді аймақ басшысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына. Жастар басқармасы "Жас қыран", "Жас Ұлан", "Жас сарбаз" жасақтарына балаларды тарту бойынша жұмысты жолға қою, жұмыспен қамту басқармасымен бірлесе отырып, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін жою бойынша карта әзірлеу, жұмыс болмаған жағдайда колледждерде тегін оқыту жайы да сөз болды. - Жастар неге қоғамдық тәртіпті бұзады? Үйі мен күйі болмағандықтан! Егер оларға арналып әр түрлі демалыс шаралары ұйымдастырылып отырса, олардың бұзақылық жасауға уақыты болмайды, - деп есептейді Б. Сапарбаев. Еріктілер тек көшелерді тазалау және қарияларға көмек көрсету үшін ғана емес, өмірдің барлық салаларына тартылуы тиіс. Бұл шараларды ішкі саясат басқармасы ұйымдастырып, бақылап отыруы міндет. - Адамның әл-ауқаты мен көңіл-күйі оның әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына байланысты. Мұның бәрі ойдағыдай атқарылса, тұрғындар тарапынан наразылықтар болмайды, - деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін. Басты міндет - МӘМС енгізу және АӘК төлеу мәселелерін жедел шешу. Алдын алу жұмыстарына баса назар аударып, облыстың барлық тұрғындарын міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде тіркеу қажет. Қордай ауданында өткізілетін мәдени-бұқаралық және басқа да іс-шаралардың тәжірибесі барлық облыс бойынша таратылуы тиіс. "Туған жерге тағзым" акциясына тарту үшін әрбір аудан мен ауылдың беделді тумаларын, кәсіпкерлердің арнайы тізімін жасақтау қажет. Жиын соңында Бердібек Сапарбаев тұрақты сенбіліктер ұйымдастыруға және көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізуге назар аудартты. Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі