Саясат

Бірлігі бекем елге бақ қонады

Бірлігі бекем елге бақ қонады

«Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан!» деген атпен Алғыс айту күніне орайластырылған мерекелік салтанат облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында ұйымдастырылды. Елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, татулыққа үндеген бұл мерекенің мәні зор. Осынау айтулы шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, Жамбыл өңірі жұртшылығын құттықтады. Сонымен қатар бұл іс-шараға Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары, облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, белсенді жастар мен жоғары оқу орындарының студенттері, жалпы саны бес мыңға жауық адам жиналды. Салтанатты шараға келген өңір басшысы алдымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері ұсынған «Достық дастарқанынан» дәм татып, олардың өз ұлттық аспаптарында орындаған әндері мен билерін тамашалады. Бірінші шатырда – қазақ халқынан бастап, өзбек, поляк, әзірбайжан, дүнген этностарының тағамдары, екіншісінде – түрік, орыс, шешен-ингуш, грузин, қарашай-балқар, ал үшінші және төртінші шатырларда – ұйғыр, қытай, грек, неміс, еврей, күрді, корей, украин, тәжік, татар, қырғыз ұлттарының дәмдері ұсынылды. Әр дастарқан басында өздерінің ұлттық киімдерін киіп, әні мен биін паш етіп тұрған жұртшылық жүзінен күлкі мен бақытты аңғаруға болады.

Келесі кезекте сахналандырылған мерекелік қойылымды тамашалауға бет алған Бердібек Мәшбекұлы өңіріміздің тауар өндірушілері ұсынған жәрмеңкеге атбасын бұрды. Түрлі ұлттың өкілі сахна төрінен орын алып, әуелете ән шырқай бастаған мерекелік концерттің алдында облыс әкімі жамбылдықтарды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады. – Қадірлі жерлестер, құрметті қонақтар! Ата-бабамыздан келе жатқан қасиет, өсиет, өнеге бар: ол – бауырмалдық, мейірбандық, достық. Қайбір қиын заманда, ашаршылық, репрессия, соғыс кезінде қазақ халқы басқа ұлттардың өкілдерін өзінің құшағына алып, бір үзім нанын бөліп берген. Біздің ендігі негізгі міндетіміз – сол ата-бабамыздың өсиетін ары қарай жалғастырып, елімізде достықтың, ынтымақтың, бейбітшіліктің болуын қамтамасыз ету. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген саясаты – көп ұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қай мемлекетте бейбітшілік пен тұрақтылық болмаса, ол мемлекеттің дамуы екіталай, болашағы да бұлыңғыр. Біздің мемлекетіміздің осы 30 жылда жеткен жетістіктері, табыстары, сол ынтымақ пен бірліктің арқасында. Әрине, ел болған соң, әсіресе, көп ұлтты мемлекет болған соң түрлі жағдайлар болып тұрады. Өкінішке қарай Қордай ауданында болған сондай жағдай біздің елімізге көлеңкесін түсірді. Бірақ қазіргі таңда ондағы жағдай тұрақты. Қасиетті Әулиеата жерінің жұртшылығы келешекте ондай жағдайлардың болмауына қолда бар барлық мүмкіндікті пайдаланып, тиісті жұмыс жасайды деп ойлаймын. Ағайындар, қазақта жақсы сөз бар «Алла Тағала әрбір нәрсені адамның пейіліне, көңіліне, ниетіне қарай береді» деген. Сондықтан ниетіміз таза болса, бір-бірімізді әр уақытта қолдап жүрсек, онда біз ұлт есебінде жаман болмаймыз. Біздің ең негізгі парызымыз – осы мемлекетті құраушы ұлт ретінде қасымызда ғасырлар бойы бірге тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне әркез өнеге болып, жол көрсетіп, бірлікті қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің дамуы үшін еңбек етуіміз керек. Алғыс айту күнімен облыс жұртшылығын құттықтаймын. Барлығыңызға денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, елімізге аманшылық, бірлік, татулық, бейбітшілік тілеймін. Мереке құтты болсын! – деп ақ тілегін білдірді. Сондай-ақ әкіммен бірге сахна төріне көтерілген Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов мерекенің мәні туралы сөз қозғап, жерлестерін құттықтады. «Бүкіл өнер адамдары атынан Алғыс айту күні мерекесімен құттықтаймын. Достығымыз мәңгіге, ғасырдан-ғасырға кете берсе екен деп тілеймін», – деді. Мерекелік шара соңы өңірдегі түрлі этнос өкілінің жырымен, биімен жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты. Бейбіт елдің көк Туы мен көк аспаны астында көгершін самғасын деген ниетпен аспанға көгершіндер ұшырылды, ән-күй әуеледі. Сондай-ақ алаңның басқа бұрыштарында түрлі спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жұртшылық сергіп қайтты.

Маржан Рақай, «Aq jol».

Тараз қаласы. * * * Кеше облысымыздың барлық аудан, елді мекендерінде ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Алғыс айту күні мерекесі Қордай ауданында да кең көлемде тойланып өтті. Күн нұры шуағын шашқан көктемнің алғашқы күнін ауыл тұрғындары көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Таң сәріден орталық алаңға қалың көпшілік жиналып, айтулы мерекені тойлай бастады. Айта кететіні, бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ең әуелі Ноғайбай би ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, бабамыздың рухына тағзым етілді. Содан соң халық сахна алдына қарай бет алды. Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, бозкілем төселіп, кең дастарқан жайылды. Жас спортшылар алаңдағы тоғызқұмалақ ойынын ойнап, бозкілемде өнерін көрсетсе, енді біреулері қол күрестіріп, кім мықтыны анықтады. Ал сахна төріне түрлі ұлт өкілдерінен құралған аудан өнерпаздары керемет концерттік бағдарлама ұсынып, бар өнерін паш етті. Аудан әкімі Рүстем Дәулет пен аудан ақсақалдары жиналған көпшілікті Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды. Кейіннен түрлі ұлт өкілдері сахнаға көтеріліп, халықты бірлікке шақырып, қазақ халқына алғыстарын айтты. Ауданның ұлттық мәдени бірлестіктер өкілдері сахна маңына орнатылған шаңырақ астында «Достық» биін билеп, кейін барша тұрғындарды ұлттық астарынан дәм татуға шақырды. Жиналған көпшілік керемет ұйымдастырылған іс-шараға ризашылықтарын жасырмай, алғыстарын айтты. Сондай-ақ аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарында болып, тұрғындарды мерекемен құттықтап, қоғамдағы бірлікті, бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырды. – Сонау қиын-қыстау кезеңдерде көптеген этнос пен ұлттар қазақ жеріне қоныс аударды. Қазақтар ешкімнің де діні мен тіліне қарамай, құшақ жая қарсы алып, қолындағы нанымен бөлісті. Содан бері жергілікті халықтар мен қоныс аударушылар етене араласып, тату-тәтті тірлік кешуде. Қазақстан – достықтың орталығы, – деген облыс әкімі аудандағы ахуалдың тұрақталғанын баса айтып өтті. Сондай-ақ кездесуде Масаншы ауылының тұрғыны Луй Исхар елдегі барлық этностардың тату-тәтті тіршілігін тілге тиек етіп, оларды мемлекеттік тілді меңгеруге шақырды. – Біз Қазақстанда тұрып жатқаннан соң мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге міндеттіміз. Қазақстан бізге өз мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтауға жағдай жасады. Біз де енді өз кезегімізде қазақ тілін білу арқылы оларға деген құрметіміз бен алғысымызды көрсетуіміз керек. Мемлекеттік тілді білсек, өзара қарым-қатынасымыз да тереңдей түсері сөзсіз, – деді Л.Исхар. Жалпы, Алғыс айту күні облыстың барлық елді мекендерінде мереке ретінде аталып өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.