Саясат

Қазақстан – тыныштық пен татулықтың мәңгілік мекеніне айналсын!

Қазақстан – тыныштық пен татулықтың мәңгілік мекеніне айналсын!

Құрметті жамбылдықтар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген бұл күнді барша қазақстандықтар үлкен қуанышпен қабылдады. Өйткені Алғыс айту күні – барлық қазақстандықтарға арналған, ұлттар бірлігін жаңа деңгейге көтеретін жалпыұлттық мереке. Алғыс айту күнінің басты мәні – тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы мен іргесі берік негіздегі ел бірлігін нығайту, тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ еліне ризашылығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа паш ететін күн. Ризашылық білдіру, алғыс айту – жалпы адамзат өркениетінің жеке адам мәдениеті мен адамгершіліктің ең бір асыл көрінісі. Алғысқа тарылмау, рахметке арланбау – қоғам үшін кемелдіктің, ал жеке адам үшін тектіліктің белгісі. Мұндай тектілік біздің қанымызға ежелден сіңген қасиет. Ұлт санасында алғыс түсінігімен астасып, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне енген «Асар», «Жылу», «Ерулік» және «Бұйымтай» секілді ұғымдар талай дәуірлер дүрбелеңінде ынтымақты бұзбай, елдікті сақтауға қызмет етті. Халқымызда алғыстың елдік үшін паш ететін аталы сөзі де аз емес. Бүгінгі күнде біздің өңірімізде 87 этностың өкілі өмір сүруде. Әрбір этностардың өз артықшылықтары мен ерекшеліктері бар. Олар бейбітшілік пен ынтымақтың, қоғам мен экономиканың күшеюіне, мемлекетіміздің нығаюына зор үлестерін қосып келеді. Біз бірге қалалар мен кенттерді саламыз, астық өсіреміз, өнеркәсіп тұрғызамыз, жол төсейміз, балаларымызды тәрбиелейміз. Біз бірге жеткен табысқа қуанамыз және ең қиын сәттерде бір-бірімізді қолдаймыз. Сондықтан Қазақстан ұлттық рухтың негізгі көзі халқымыздың бірлігі, ұлтаралық және дінаралық келісім, өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу болып табылады. Құрметті жерлестер! Баршамызға Алғыс айту күні құтты болсын! Береке-бірлігіміз берік болсын, ырыс-ынтымағымыз нығая берсін! Ортақ шаңырағымыз – Қазақстан тыныштық пен татулықтың мәңгілік мекеніне айналсын!

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі.